Шымкентте Көрісу күніне арналған мерекелік іс-шара өтті
Опубликовано:
Шымкент қаласы Абай ауданындағы орта мектепте Көрісу күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Көктемнің шуақты күндерімен бірге келетін әз-Наурыз мерекесінің бастауы саналатын 14 наурыз Көрісу күні халқымыздың ежелден жалғасып келе жатқан ізгі дәстүрлерінің бірі. Бұл күні ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасып, үлкендерге құрмет көрсетіп, ақ батасын алады.
Осындай тағылымы мол дәстүрді жаңғырту мақсатында Шымкент қаласы Абай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Абай ауданы Достық шағын ауданындағы №69 жалпы орта мектепте Көрісу күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Мектеп ауласында өткен тағылымды жиынға аудан тұрғындары, ұстаздар қауымы мен оқушылар қатысып, бір-бірімен көрісіп, жылы лебіздерін білдірді. Ұлттық дәстүрге сай үлкендерге құрмет көрсетіліп, ақсақалдар жастарға ақ батасын берді. Бұл көрініс жас ұрпаққа ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің мәнін ұғындырып, ұлттық құндылықтар дәріптелді.
Мерекелік шара барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын түрлі мәдени көріністер ұйымдастырылды. Оқушылар ұлттық нақыштағы өнерлерін көрсетіп, жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2353872-shymkentte-korisu-kunine-arnalgan-merekelik-is-shara-otti/