Референдум – 2026: Жетісуда сайлаушылардың 60 пайызға жуығы дауыс беріп үлгерді
Опубликовано:
Бүгінгі референдумда Жетісу облысының тұрғындары белсенділік көрсетуде, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Таңғы сағат 7.00-ден бастап референдум учаскелерінде дауыс берушілер қарасы көп болды. Өңірде тұратын танымал азаматтар, түрлі сала мамандары, әулеттер, еңбек ұжымдары жаппай дауыс беруде. Атап өтсек, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының сағат 14.00-дегі мәліметі бойынша жетісулық сайлаушылардың 59,82 пайызы дауыс беріп үлгерген.
Осы күні облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз референдум учаскесіне барып дауыс берді. Сол сияқты Талдықорғанда Халық әртісі, Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының әртісі Әлихан Ыдырышева, Панфилов ауданындағы референдум учаскелерінде Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, 105 жастағы Нағиман Шалабаева өз аяғымен барып таңдауын жасады. Атап өтсек, ғасыр жасаған кейуана 13 құрсақ көтеріп, бүгінде 36 немере, 103 шөбере, 13 шөпшек сүйіп отыр.
Сонымен бірге референдумда тұтас ауылдар өзінің ұйымшылдығын көрсетуде. Мысалы, Кербұлақ ауданының Басши ауылында 100 адам, Қаратал ауданының Кәлпе ауылында 400-ге жуық адам бір мезетте дауыс берді.
Оған қоса еңбек ұжымдары да белсенділік танытуда. Бұл ретте Көксу политехникалық колледжінің студенттері мен белсенді жастар қатарындағы 200 адам, "Алацем" цемент зауытынан 100 адам, Достық станциясындағы "Қазақстан Темір жолы" ҰК" АҚ жұмысшылары 80 адам, "Ақсу қант" зауытынан 50 адамның бірге барып дауыс бергенін атап өтуге болады.
Өткен жылғы "Мерейлі отбасы" конкурсының жүлдегері болған алакөлдік Шұғаевтар әулетінің 70 адамы береке-бірлігін танытып, Жанама ауылындағы учаскеге бірге барып, таңдау жасады.
Сондай-ақ өңірдегі этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері референдум учаскелеріне ұлттық киіммен, көтеріңкі көңіл күйде баруда.
Дауыс беруге бірінші болып келген сайлаушыға, сол сияқты алғаш рет дауыс берушіге, жасы ең үлкен сайлаушыға арнайы естелік сыйлықтар табысталуда. Мәселен, солардың ішінде джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы және Азия чемпионы талдықорғандық ағайынды егіздер Самат пен Санат Сәрсенұлы, алғаш рет дауыс беруге келген 18 жастағы егіздер, Сарқан көпсалалы колледжінің 3-курс студенттері Жарас пен Жалғас Геннадилерге де сый-сияпат көрсетілді.
Атап өтерлігі, Талдықорған қаласындағы дауыс беру учаскелерінде арнайы "Болашақ жәшігі" орналастырылды. Аталған жәшіктер тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыру және олардың еліміздің болашағына қатысты ой-пікірлері мен ізгі тілектерін білдіруіне мүмкіндік беру мақсатында қойылды.
Осы күні, ірі референдум учаскелерінің алдында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, жәрмеңкелер, "Домбыра пати" ұйымдастырылуда.
Жалпы, Жетісу облысында 468 референдум учаскесі бар. Өңірдегі сайлау құқығына ие адамдардың саны 437 мыңнан асады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2354208-referendum-2026-zhetisuda-sailaushylardyng-50-paiyzga-zhuygy-dauys-berip-ulgerdi/