Қазақстанның төрінде Ресейді қорғауға шақырған сөз неге тұрады?
Жарияланған күні:
Ресейді қорғауға шақырған сөзді ауыстыруға дәрменіміз жетпей отырғаннан кейін басқаша не деуге болады.
Фото: Tengrinews.kz
Жақында Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхұтдинов ағамыздың Панфиловшы Василий Клочковтың Москва үшін болған шайқаста айтқан: "Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва" деген сөзіне жалғау ретінде "Отан үшін шайқасқан қазақстандықтардың ерлігін мәңгілік есте сақтаймыз" деген сөйлемді қосу керек деген ұсынысын газеттен ("Айқын", 2013 ж, 20 наурыз) оқып, таныстық.
Ұсыныс ортаға тасталды. Қолдап жатқандар да баршылық. Өре түрегеліп қарсы шығушылар да жоқ емес. Назар салып қарасаңыз қарсы шығатындай дәнеңе де жоқ. Тек осы соғыстың қазақстандықтарға қатыстылығын нақтылау және осы соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақстандықтарды мәңгілік есте сақтауға деген құрмет бар.
Бірақ біздің тәуелсіз елімізде, барлық мәселеге Ресейдің жерінде отырғандай баға беретіндер, Мәскеуге қарап ұлитындар, еліміздің тәуелсіздігіне жатырқап қарайтын жат пиғылдағылар жетерлік. Солар бұл қосымша сөзге қарсы болып жатқандар.
Ал шын мәнісінде мәселенің байыбына үңіле қарайықшы. Миллионнан аса қазақстандық осы соғысқа Отан үшін қатысып, оның төрт жүз мыңға жуығы майдан даласында қаза тапты. Отанымыз ортақ болды деген күннің өзінде В.Клочковтың сөзін баршамызға үлгі ету қаншалықты заңды?
Сол кездегі ортақ Отанымыздың аты "Кеңес Одағы" деп аталған жоқ па? В.Клочковтың Ресейді ғана атап айтқан сөзінің бізге қаншалықты қатысы бар?
Соғыста қаза тапқан қазақстандықтардың құрметіне қойылған ескерткіштегі кеңестік кезеңдегі дүрмекпен жазылып кеткен бұл сөзге неге осы уақытқа дейін жармасып отырмыз? Ресейді ғана атап, соны қорғауға шақырып отырған В.Клочковтың сөзінің тәуелсіз еліміздегі Отан қорғаушылар монументінің төрінде тұруы кімді де болса ойлантпай ма? Бұл бүкіл тәлім-тәрбие болмысымыздың түбір қазығы қазақстандық патриотизм, отансүйгіштік ұғымдарына қаншалықты жауап береді? Көкейде жүрген бұл сарынды сұрақтар жетерлік.
Біз бүгінгі күні тіпті де Отан соғысының маңызын төмендетуді мақсат етіп отырған жоқпыз. Бұл соғысты бүкіл адамзат баласына қайғы-қасірет әкелген Екінші дүниежүзілік соғыс деп атайтын кез де келер. Біздің айтпағымыз басқа. Біздің еліміз бүгінгі күні Ресейдің ақпаратық, саяси, әлеуметтік-экономикалық қыспағында отыр.
Бұл қыспақ санасы азат, тәуелсіз еліміздің шынайы патриоттарын тәрбиелеуде мойынға оралған қылбұраудай тынысымызды тарылтып келеді. Кез келген ұлтымыз үшін үлкен әлеуметтік мәні бар мәселелерге шынайы тәуелсіз елдің азаматындай баға беруге дәрменсіздік танытып келеміз. Ескерткіштегі Ресейді қорғауға шақырған сөзді ауыстыруға дәрменіміз жетпей отырғаннан кейін басқаша не деуге болады.
Ескерткіштегі сөзді басынан аяғына дейін өзгертіп: "1941-1945 жылдары ортақ Отанымызды қорғауда қаза тапқан қазақстандықтардың ерлігіне тағзым" деп жазатын мезгіл келді. Біз үшін тәуелсіздігімізді қастерлеуден асқан, тәуелсіздігімізді дәріптеуден асқан қасиетті ұғым болуы мүмкін емес. Ескерткіш тәуелсіздікке құрметтің бастамасы.
NUR.KZ редакциясынан толықтыру: Шыныменен де 1941 жылдың 15 қарашасында орын алған қазақстандық жауынгерлердің ерлігі кезінде ротаның саяси жетекшісі В.Клочков әйгілі "Ресей кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва.." деген сөзін айтты. Бұл сөзді ауысытырып тарихқа қиянат жасамаймыз ба деген ой келеді. Бірақ атақты 28 панфиловшы отбасына, туған жеріне қайтып оралатынын білмей соғысқа аттанғанда, Ұлы отан деп Ресейді атамаған болуы керек.
Досалы САЛҚЫНБЕК, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Алматы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/256537-kazakstannyn-torinde-resejdi-korgauga-shakyrgan-soz-nege-tyrady/