Қазақтар арасында шетелдік есімдерді қою сәнге айналды
Жарияланған күні:
Жуырда ғана жазушы Дулат Исабековтың қазақтарды балаларына есті ат қоюға шақырған сұхбатын жариялаған болатынбыз.
Жазушының шыр-пыр ететін жөні де жоқ емес. Түрлі Азиада, Сәммитхан, Олимпиададан кейін Ильяларды, ал болашақта мүмкін Экспожандарды былай қойғанда, ата-анасы азан шақырып қойған есімдерінен ұяла ма, кім біледі, әйтеуір шетелше естілетін есімдер көбейіпті.
Мәселен, әншілер Әсем Жәкетаева Айлан, Лидия Досалина Лидо деген лақап аттармен сахнаға шығатыны белгілі.
Соңғы уақытта Азиза Маккарти, Ая Бапани, Ян Рэй (Аян Мейрамғазин) деген есімдерді естуге болады. Бірі мұндай есім ел жадында тез сақталады десе, екіншісі - шетелге көп шығамыз, ондағы шетелдіктердің атымызды айтуға тілдері келмейді, содан қысқартуға мәжбүр болдық деп ақталады.
Өткенде ғаламтордағы қазақстандық сайттардың бірінде қазақ жігітінің бір суретіне көз шалдық. Кәдімгі қара домалақ қазақтың баласы. Ал есімі есесіне - Даррен. Дарын емес.
Қарапайым халық та шетел есімдерін қоюға әуес. Мәселен, Диана, Дайана, Элеонора, Изабелла, Алина, Адель, Алан, Адам, т.б.
Күллі дүние жүзін шулатып жүрген қазақ қызы деп айтуға тіл бармайтын ГауҺар Берғалиева да Гога Ашкенази деген атпен танымал.
Ең өкініштісі, нәрестеге шетелдік есімдерді қою тек қарапайым қазақтар арасында ғана сәнге айналған жоқ. Бұл дерт ел тізгінін ұстаған, халықтың жыртысын жыртып жүрміз деген ел ағаларының ішінде де белең алып, олар тіліміз, ділімізге жараса бермейтін есімдерді балалары мен немерелеріне беріп жатады. Әншейінде "Бізді әлем тек қазақ деп таниды. Қазақилығымызды берік ұстанайық" деп сарнап жатады. Мұның астары қандай?!
Баласының есімін Алан деп қойған көршімнен мұндай ат қоюдың мәнісі қандай дегенде "кейін шетелге барып оқиды, тұрады" деп жауап бергені еріксіз ойға оралады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/259029-kazaktar-arasynda-sheteldik-esimderdi-koyu-senge-ajnaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.