"Қазақстан тарихы" оқулығы қатеге толы
Жарияланған күні:
Еліміздің мектеп оқушылары "Қазақстан тарихы" пәні бойынша қате білім алуда. 8-ші сыныпқа арналған оқулық пен оған қосымша атласта шәкіртті шатыстыратын деректер бар.
Исатай мен Махабет бастаған ұлт азаттық көтерілісті зерттеуге ширек ғасырын арнаған атыраулық тарихшы Аманкелді Шамғонов соңғы бес жылдан бері осы тараудағы қателіктерді айтып, шырыл қаққанымен, қате жойылар емес.
Тарих пәнінің мұғалімі Мария Машралиева сабағында тек оқулық қана емес, ғылыми еңбектерді жиі пайдаланады. Өйткені "оқулықта кейбір тарихи деректерде нақтылық жоқ, дәлелдер аз",- дейді ұстаз. Тіпті 2003 жылы 200 жылдығы тойланған Махамбет Өтемісұлының туған жылы әр кітапта әр түрлі беріліп, дүдәмәл ойға қалдырады.
"Балалардың басын қатырмау керек. Біз 3-інші жыл десек, олар да солай дейді, ҰБТ-да қате көрсетсе, бір балдары кемиді. Кезінде ЮНЕСКО бойынша тойлауда ғалымдар, жоғарыда отырған кереметтер қол қойды ғой. Енді сол деректі неге көрсетпейді", - дейді тарих пәнінің мұғалімі Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Білім беру ісінің үздігі Мария Машралиева.
ҰБТ-ға дайындық ретінде пайдаланатын "Шың" кітабында Махамбетті бір емес, екі жылда, яғни 1803 және 1804 жылы туған деп, екі түрлі жазған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Аманкелді Шамғонов осы тақырып қамтылған 8-сыныпқа арналған "Қазақстан тарихы" оқулығында қате жетіп артылады дейді.
"1836-1838 жылдары Бөкей хандығында аса ірі халық азаттық көтерілістерінің бірі болып өтті",- дейді. Бұл дұрыс емес. 1936-1938 жылдары Исатай, Махамбет көтерілісі болғаны рас. Бірақ Бөкей ордасымен бірге Кіші Жүздің батыс өңірінде де болды. Бұл жерде тарихшылар, ғалымдар, кітаптың авторлары тек Бөкей ордасы деп негізсіз тарылтқан", - дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Аманкелді Шамғонов.
Дәл осы оқулықта Құрманғазы Сағырбайұлын 1806-1879 жылдар аралығында өмір сүрді деп жазылған. Осылайша ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының зерттеу институтының өткен ғасырдың аяғында дәлелдеген дерегін жоққа шығарып отыр.
Шын мәнінде күйші 1823 пен 1896 жылдар аралағында ғұмыр кешкен. Оқушыларға мұнан өзге Дәулеткерей Шығайұлының туған жері туралы дерек қате беріліпті. Кітап авторлары оны Қарамола деп, яғни күйшінің қайтыс болған жерімен шатастырған.
Күйшінің өмірге келген жері Көнеу елді мекеніне тарихшы Аманкелді Шамғоновтың мұрындық болуымен 1999 жылы Дәулеткерей есімі берілген болатын. Осы тақырыптағы қателік мұнымен бітпейді. Оқулыққа қосымша Атластағы картаның тақырыбын бастап, өн бойынынан қате көзге ұрады.
"1837 жылы 15 қарашада Тастөбеде болған шайқасты атаусыз қалдырған. Белгі қоймаған. Исатай Тайманұлының қаза тапқан жері деп Жайық өзенінің батыс бөлігін көрсеткен, шын мәнінде 38 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ өзенінің жағасында қаза тапқан. Ал Махамбет өлген жері деп Жем өзенінің Каспийге құйылысын көрсеткен. Бұл да қате", - дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Аманкелді Шамғонов.
Аманкелді Шамғонов қателіктерді түзеп жаңа карта дайындады. Оны ҚР Білім және Ғылым министрлігі мақұлдап, 2003 жылы көмекші көрнекі құрал ретінде мектептер мен жоғарғы оқу орындарына қолдануға ұсынған. Бірақ былтыр ғана жаңадан басылған Атласта әлі ескі нұсқасы тұр.
Жаңа карта қолданысқа енбей-ақ тізімнен түсті. Министрлік өкілі қателіктерге аса мән бере қоймайтын сыңай танытты. "Сызба ауызша деректерге сүйеніп жасалған" деп қысқа қайырды. Ал Аманкелді Шамғоновтың осы тақырыптағы нақты дәлелдемемен жазылған әдістемелік оқулығы атыраулық ұстаздардан аспай отыр.
Осылайша жаңа оқу жылында да оқушылардың бұрмаланған деректерге толы тараудан білім алуға тура келеді. Төл тарихымызға терең үңілген тұста "оқулық авторларымен қатар оны сараптамадан өткізетіндерге жауапкершілік күшейтілсе екен",- дейді тарихшы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/280865-kazakstan-tarihy-okulygy-katege-toly/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.