Қазақстанда сәбилерге НұрӘбиНаз, Азиада, Саммит есімдері жиі қойыла бастады
Жарияланған күні:
Статистика агенттігі елде 2013 жылы ата-аналардың балаларына Елбасы есімін жиі қоя бастағанын мәлімдеді. Саясаткер бұл үрдісті "советтік дәстүрдің сарқыншағы" деп атайды.
Жамбыл облысы Жуалы ауданында тұратын Мырзабектер отбасы 2003 жылы туған қыздарының есімін НұрАбиНаз қойған. НұрӘбиНаз Қазақстан президентінің аты-жөнінің алғашқы үш әрпінен құралған біріккен сөз болып шықты. Сәбидің анасы Мунираның айтуынша, "алғашында сәби есімді көтере алмай ауырған".
"Қызымыз тура президент сияқты адам болмаса да, "болмаса да ұқсап бақсын" деген ниетпен қойған едік. Есімді қойған кезде елдің бәрі таң қалды. Енді бізге дейін мұндай есім болмаған ғой" - дейді анасы.Мунира қызының "сирек һәм сәтті" есімі естіген адамдарды қайран қалдырады деп разы.
Биыл 11-ге толатын НұрАбиНаз қазір бесінші сыныпта оқиды. Анасының айтуынша, оның "Елбасына арнаған өлеңдері де бар". Ол бірнеше жылдан бері тойланып келе жатқан президенттің күніне орай ұйымдастырылатын шараларға да жиі шақырылады. Қызының түрлі жарыстарға қатысып, жеңімпаз боп жүргенін де анасы мақтанышпен айтты.
НұрАбиНаз Азаттыққа есімі өзіне ерекше ұнайтынын айтады. "Өз атым өзіме қатты ұнайды. Мектепке барғанда атымды айтқанда бәрі басын бұрып қарайды", -дейді НұрАбиНаз.
"Совет дәстүрінің сарқыншағы"
Қазақстанда сәби есімдерін президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатыстырып қою үрдісі байқалады. Қазақстанның статистика агенттігінің дерегінше, ата-аналар балаларына 2013 жылы Елбасы атын жиі қоя бастаған. Бұған дейін Азаттық президенттің биографиясына қатысты ұйымдастырылған байқаудың жеңімпазы Елбасы Бекмат есімді оқушы туралы да жазған.
Қазақстандағы жаңа есімдер тек президенттің аты-жөнімен байланысты емес, "Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен" ұйымдастырылған түрлі саяси және спорттық іс-шараларға да қатысты қойылып жатады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және Алматыда Азияның қысқы олимпиадалық ойындарының өтуі жаңа есімдердің пайда болуына ықпал еткен.
Ресми дерек бойынша, қазір елде Саммит есімді 22 ер бала, Саммита атты үш қыз, 15 Саммитхан және 40 Азиада бар.
Совет дәуіріндегі Мэлс (Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин), Марлен (Маркс, Ленин) сияқты саяси есімдерді қою дәстүрінің жаңғырып келе жатқанын саясаткер Әміржан Қосанов "совет дәстүрінің сарқыншағы" деп атайды
"Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі аттарды қоймай, сол заманғы аттарды қою – кешегі совет дәуіріндегі идеологияның сарқыншағы, атавизмі. Сол сияқты қазіргі билікке жағымды аттар ертеңгі күні 20, 30, 50 жылдан кейін күлкілі болатыны, керек болса қорқынышты, құбыжық болатыны әмбеге аян. Мұндай нәрсені ашық айту керек. Мұндай үрдістің таралғанын қаламас едім", - дейді ол.
"Болашаққа адамның аты емес, заты барады"
Ал айтыскер Мэлс Қосымбаев "есім таңдауда адамның еркі жоқ" екеніне де назар аудартады. Ол әкесінің есімін Мэлс деп қойғанына өкінбейтінін айтады. Ол "ақкөңіл, ақ ниетпен қойылған саяси есімге үрке қараудың қажеті жоқ" деп санайды.
"Қай мәселеде болсын, ғылыми тұрғыда қарағанды жақсы көрем. Мэлс есіміндегі төрт ойшылдың басы қазіргі адамдардың басынан артық болмаса кем емес. Жазған трактаттарына, философиялық ой еңбектеріне қараңыз. Уақыт өтуге байланысты әлі талай аунайды ғой. Сондықтан кімнің кім екені, кімнің ойының озық боп туғаны уақытына байланысты әлі анықталатын нәрсе деп ойлаймын. Адамның аты емес, заты барады болашаққа", - дейді айтыскер ақын.
Танымал блогшы Аңсаған Мұстафаның ойынша, адамдар балаларына есім қойғанда саяси астарына үңілмей, сән ретінде қоя береді.
"Негізі ешкім баласына жаман ат қойғысы келмейді ғой. Мысалы, кезінде елімізде Санта Барбара, Мэйсон, Изауралар көбейіп кетіп еді. Қазір "Саммитхан" десе, катырдым деп ойлайды. Мен де қатырдым деп ойлаймын Күнiкей, Сұлтансейiт, Байжігіт деп. Біреулерге ұнамауы мүмкін", - дейді блогшы өз балаларының атын санамалап.
Статистика агенттігінің дерегінше, өткен жылы елде Ерасыл және Айзере есімдері өте танымал болған. Бұған қоса 2013 жылы Стелла Мария, Ниязалка, Сапфира, Мекке Мадина сияқты сирек есімдер де тіркелген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/296891-kazakstanda-sebilerge-nyrebinaz-aziada-sammit-esimderi-zhii-kojyla-bastady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.