Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазнетте қалтасы қалың көкелерге арналған сайт ашылды

Жарияланған күні:

Ғаламторда кекірік атқан көкелер мен жалаңетек ашыналарды табыстыратын сайт шықты. Бүгінді-кешелі ғаламторда жарқ ете қалған жаға ұстатар жаңалық жұрттың мазасын алды.

Оған сенсек, Қазнетте көңілдес іздеген көкелер мен тұрмысын түземек қыздарды табыстыратын арнайы танысу сайты ашылған, деп хабарлайды bnews.kz

Сол сайтқа тіркеліп, сайтты алғаш ашқанда, маңдайшасындағы "демеуші іздеген қыздар мен жетістікке жеткен жігіттерді тоғыстыратын мекен" деген жазуға көз түседі. Сондай-ақ оған тіркелудің мақсаттары – "демеуші іздеймін", "демеуші боламын", "жұмыс" – деп тізбектеп көрсетілген. Одан әрі: оқу, қызмет көрсету, көлік сатып алу, саяхат жасау және тағы басқа себептер кетеді.

Тиісті таңдауды жасап, сайтқа тіркелгеннен кейін, тұрпайы тірліктің бел ортасына топ ете түсесіз. Ашылғанына көп болмағанымен, бүгіннің өзінде мұнда 400-500 анкета ілініп үлгеріпті. Ақшасы қалтасына сыймаған "агашкалар" болашақ ашынасының жасын, одан не қалайтынын, ол үшін қанша қаржылай "демеушілік" көрсететінін тәптіштеп көрсетіп қойған.

Ал қыздардың көбі мұнда күнкөрісі үшін, оқуына ақша табу, саяхаттау және т.б. мақсатта тіркелгендерін жазыпты. Арасында қара көз қазақ қыздары мен жігіттері де өріп жүр.

Бірі "Көңілдес іздеп жатырмын!" деп жазса, енді бірі "Сүйкімді қазақ қызы күнә жасауға қарсы емес:)" депті.

Мұнда қалтасы қалың "көкемен" қатар, қызығы үшін қаржы шығарудан тайынбайтын жомарт "тәте" іздейтіндер де бар боп шықты (демек, сұраныстың болып тұрғаны ғой). Кейбір дәмесі зорлар "пәк қыз" қалайтындарын жазған. Бір сөзбен айтқанда, анкеталардың бәрі бірінен-бірі өткен, ашсаң анайылықтан жүрегің айниды.

Сайттағы қыздардың денін күйеуге шыға алмай, амалсыздан тіркелген деп те айта алмайсың. Жасы 20 мен 25 шамасында. Ата-анасының ақшасын оңды-солды шашып, өзін "жетістікке жеткен жігіттердің" қатарына тіркеп қойған боз балалар да жетерлік, "тым сұлуларға" 2 мың доллар ұсынып отыр.

Жыл басталғалы бері ел ағалары Парламент мінберінен "көп әйел алу", "тұрмысқа 14 жастан шығуға рұқсат беру" сынды "кәріқыздықтан" құтқаратын тақырыптарды талқылап, қызыл кеңірдек болып жатқанда, пысықайлар оны шешудің "заманауи" жолын тауып, одан ақша жасап та жатыр.

"Papik.kz" деген атауының өзі бірталай жайттан хабар беріп тұрғандай. Егер, ел ағалары айтқандай, көп әйел алуды заңдастырсақ, мынандай "жеңгетай" сайттардан көз ашпай қалуымыз әбден мүмкін.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/299597-kaznette-kaltasy-kalyn-kokelerge-arnalgan-sajt-ashyldy/