Алматы әкімдігі жатақханада студенттердің намаз оқуын заңсыз деп атады
Жарияланған күні:
Сондай-ақ Алматыда жоғары оқу орындары түлектерінің тең жартысы жұмыссыз. Оған білім беру жүйесіндегі кемшіліктер басты себеп.
Ахметжан Есімов жиын барысында студент жастар арасындағы діни жағдайға тоқталды. "Дін - білім сапасына кері әсерін тигізбеуі тиіс", - деген пікірде қала басшысы.
Қала басшысы сабақ уақытында студенттер мен оқытушылардың намаз оқуға кететінін мысалға келтірді. Әсіресе, жат пиғылдағы діни ағымдардың жетегінде кетіп, адасатындар да бар. Сол себепті студенттердің немен айналысып жүргенін қатаң бақылауда ұстау - басты шарт.
"Студенттердің оқу корпусында намаз оқуы - белең алуда. Тіпті оқытушылардың өздері де жұмыс орнында құлшылық етеді. Мәселен, Қазақ ұлттық университетінің экономика кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Тұран Абдуллин де солардың қатарында. Бұл тізімді ұзағынан жалғастыруға болады. Алайда, мәселені ың-шыңсыз шешуге тырысамыз. Сондай-ақ, студенттер жатақханада намазхана ашу мәселесін көтеріп жүр. Алайда, бұл заңға қайшы", - дейді Алматы әкімдігі Жастар саясаты бөлімінің басшысы Санжар Боқаев.
Алматыдағы жоғары оқу орындарының ректорларымен кездескен қала әкімі Ахметжан Есімов білім беру жүйесіндегі кемшіліктерді сынға алды. Алдымен, ол білім сапасына тоқталды.
Қазір жоғары дипломдылардың орташа жұмысқа орналасу деңгейі 68 пайызды құрайды екен, ал кейбір оқу орындары 50 пайызға әупірімдеп жеткізеді. Қала басшысының айтуынша, университеттерде әлі күнге дейін "жақсы бағаны" сатып алу фактілері кездесуде , ал жақсы оқитын студенттерге қолдау жоқ.
"Біздің студенттерге сұраныс мәселесін - үнемі көтеремін. Түлектердің көбі оқуын бітіріп, жұмысқа орналаспайды. Бұның басты себебі неде? Жұмыспен қамту үшін қандай бағыттарды қолға алуымыз керек. Жыл сайын 43-44 мың студент оқу бітірсе, оларды қалай жұмысқа орналастырамыз? Осы мәселені талқыға салуымыз керек", - дейді Алматы қаласының әкімі - Ахметжан Есімов.
Білім сапасын арттыру үшін - білім алуға жағдай жасау керек. Соның бірі - студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Мәселен, 10 жоғары оқу орнында жатақхана атымен жоқ. Кейбірлері қонақ үйге айналып, көлденең табыс табуда.
Ал, қала бойынша 28 мың студент жатақханаға зәру. Қала басшысы ректорлардан осы мәселені шешуді талап етті.
Оның ойынша, 2017 жылы өтетін Универсиада аясында салынатын тұрғын ғимараттарын спорт додасы аяқталған соң, студенттерге берген абзал.
"Мысалы, Пекинде олимпиядалық ауылды тұрғызып, аяқталған соң, ол пәтерлерді сатып жіберді. Ал біз 5 мың орындық олимпиадалық ауылды жатақханаға айналдырсақ болады. Осы мәселені министрге неге ұсынбайсыздар? Жатақханамен қамтамасыз етудің тағы қандай жолы бар, ойланыңыздар", - деді Алматы қаласының әкімі. Студенттердің тәртіп мәселесі де ортаға салынды.
Алматыда оқитын жастардың 76 пайызы басқа аймақтардан келген. 87 пайызы осында қалғысы келеді. Алайда, бәрін жұмыспен қамту мүмкін емес. Сондықтан, әкім ректорларға олардың басқа аймақтарда жұмысқа орналасуын қадағалауды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/299792-almaty-ekimdigi-zhatakhanada-studentterdin-namaz-okuyn-zansyz-dep-atady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.