Қарағандыда марқұмның денесін жер қойнына тапсыру ауыртпалыққа айналды
Жарияланған күні:
Қарағандыда қайтыс болған адамның денесін жер қойнына тапсыру үлкен ауыртпалыққа айналып барады. "Айжан-1" зиратының басшылығы жерлейтін жер үшін қыруар қаражат талап етуде.
Соңғы кезде "о дүниеге кеткен жақындарымызды жер қойнауына да ақшамен тапсыратын болдық", деп шағым айтушы көбейген. "Айжан" ЖШС-інің басшысы бар-жоғы 45 сантиметрлік стандартқа сәйкес келген жерді 70-80 мың теңгеге сатуға бағалаған. Қайғылы жағдайды кәсібіне айналдырып, қаржы жасап алғысы келетіндер төлем үшін түбіртек те бермейтін көрінеді.
Қарағандылық Айташ Әлиевтің жан жолдасы осыдан екі ай бұрын өмірден өткен. Әріптесін шаһарымыздың оңтүстік шығыс ықшам ауданында орналасқан молаға жерлемекші болады.
"Жердің тегін емес екендігін естігенде, ол кезде санасып, сексен мыңмен саудаласатындай халде емес едім. Күніне үш төрт мәйітті жерлейді. Осы ақша қайда кетіп жатыр?", - дейді Айташ Әлиев.
Неге әкімшіліктегілер қарамайды? Неге қолға алмаймыз? Дін жолындағы адамдар қайда?", - деп ашынады қарағандылық тұрғын.
Бар-жоғы 45 сантиметрлік стандартқа сәйкес мәйіт орны үкімет тарапынан тегін берілуі тиіс. Десе де, қарағандылықтарға сол жердің өзі бұйырмай отыр.
"Айжан" ЖШС-нің меншігіндегі мазаратқа тіпті, кейбір азаматтар алдын- ала тапсырыс беріп қоятын көрінеді. Ал, Ботагөз сол моладан екі кісілік табыттың орнын қаздырыпты. Алайда, екі жердің бірі бөтен кісіге қайта сатылыпты.
"Мен жақында сотқа жүгіндім. Себебі одан ешқандай да жауап ала алмадық. Жерлеріңізге қарау керек еді дейді. Келіп тексеру керек дейді. Ал біз ол жер үшін ақша төлеп қойғанбыз. 87 мың теңге. Ең бастысы ешқандай да бір құжат, келісім шарт та берген жоқ", - дейді Ботагөз Буктанова.
"Айжан" ЖШС-нің адамды жерлеуге арналған орын үшін сұрайтын қаражаты 70 мың теңгені құрайды. Ал екі адамдық орынның құны бұдан да асып түседі.
Осылайша, жеңіл жолмен олжалы болуды көздеген "Айжан" мекемесінің өкілдері бұл әрекеттерінен ерсі қылық көріп отырмаған сыңайлы. Әкімдіктің қарамағына кіретін жерді сатуды заңды санайтындарын жасырмайды да.
Ал, әкімдік қызметкерлері төрт жылға жалға берілген жердің сатылуын заңсыз деп атады. Айтуларынша, Қазақстан Республикасы жер қатынастары кодексі бойынша еліміздің әр азаматына жерлеуге арналған жер тегін берілуі тиіс.
Қарағанды қаласының жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Ернар Дәрібековтың мәлімдеуінше, имамдар да біреудің қайғысынан қаржы жасау барып тұрған арсыздық екенін айтады. Адамды ақтық сапарға шығарып салатын сәтті өз пайдасына шешу - шариғатқа жат қылық. Сондықтан, ұлтарақтай жерді саудаға түсіруді сананың улануымен теңестіреді.
Қарағанды облысы орталық мешітінің ұстазы Нұрбол Сайлауұлы бұл істің шариғат бойынша дұрыс емес екенін, үлкен бағасын шарықтату шариғатқа қарсы келетінін алға тартты.
Осылайша, "Айжан" моласына адам жерлеймін деген кісі кем дегенде 70-80 мың теңге даярлау қажет. Ал мұндай қаражатты табуға шамасы жетпегендер несие алып, қарызданып-қауғалануға мәжбүр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/301010-karagandyda-markymnyn-denesin-zher-kojnyna-tapsyru-auyrtpalykka-ajnaldy/