Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ қыздарына қандай қасиет тән?

Опубликовано:

Әйел – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, отбасының алтын діңгегі. Абай Құнанбаев "Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, ата-ананың қызынан ғапыл қалма" деп кезiнде ер азаматтарымызға кеңес берген болатын.

Ал бүгiнгi күнi арқа сүйер жандарымыз әйел бойындағы қандай қасиеттердi бағалайды екен? Мұны анықтау мақсатында BNews.kz тілшісі 8 наурыз қарсаңында ел ағалары арасында сауалнама жүргiздi.

Саясат сахнасында жүрген азаматтардың басым бөлiгi әйелдердің өз жарына деген адалдықты бағайлайтынына көз жеткіздік. Мысалы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев әйел бойынан маңызды үш қасиет табылса дейді, олар – адалдық, нәзіктік пен мейірімділік.

"Себебі ер адам өзінің жанында әрдайым адал, нәзік, сенімді және сұлу жандардың болуын қалайды", - деп түсіндіріп өтті өз жауабын мәжілісмен.

"Самұрық-Қазына" қоры Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Айдар Махметов "адалдықтың" аясына бар жақсы қасиет сияды деген пікірде. Сондай-ақ, нәзік жандылардың сұлулығы, өзін күте білуі, отбасына деген көзқарасы мен қамқоршыл болуына баса назар аударатынын жасырмады. Ал "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингiнiң басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев тіпті барша бағалы қасиеттерді бойына жиған нәзiк жандылардың ерекше қылықтарын еске түсірем деп сәл кідіріп қалды.

"Бастысы, адалдық пен мейiрiмдiлiк шығар. Бұл әйел үшiн өте маңызды қасиеттер деп ойлаймын, себебi олар ошақ иесi болып табылады", - деген пiкiрiмен бөлiстi ол.

Дене шынықтыру және спорт агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев әйел адам ең алдымен қарапайым болуы керек деп есептейдi.

"Қарапайым, ішкі дүниесі әдемі... Осындай қасиеттерін бағалаймын. Себебі, бұл өмірде бастысы адамның адамгершілігі, оның ішкі дүниесінің сұлулығы", - дедi ол.

Қоршаған орта мен су ресурстары министрi Нұрлан Қаппаров "әйелдiң зиялылығы мен сұлылығын" бағалайтынын айтып, жауапты қысқа қайырды.

Өңiрлiк даму министрiнiң бiрiншi орынбасары Қайырбек Өскенбаев болса, жас кезiнде қыздың сыртқы сымбатына қызығушылық танытып, есейе келе жан сұлулығын бағалай түскенiн айтып ағынан жарылды.

"Әйелге сенiм артып, оның жанында өзiңдi жайлы сезiнген маңызды. Бiздiң жарларымыздың, аналарымыздың бiрiншi кезекте отбасын бағалай бiлуi, адамгершiлiк қасиеттерi өте маңызды.

Себебi, аталған қасиеттерсiз отбасымызда елiмiздiң беделдi азаматтарын өсiру мүмкiн емес", - дедi Өскенбаев BNews.kz-ке берген сұхбатында. Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Нұрлан Сауранбаев та біздің сауалнамамыздан сырт қалмады.

"Әйел бойында мен данагөйлік, сабырлылық пен нәзіктікті бағалаймын", - деген ол 8 наурызға жан жарына гүл тарту етіп, сыйлық таңдауды мереке иесінің өзіне тапсыратынын жайып салды.

Итальяндық акцентімен қазақша ән шырқап, талай қазақ қыздарының жүрегін жаулап үлгерген "шымкентмен" Сон Паскаль үшін "әйелдің иісі өте маңызды" екен.

"Оның сыртқы сымбаты мен ішкі жан дүниесі де, әрине, маңызды. Мені әйелдің түсіне білгені қажет. Себебі, менің өмірім - "пинг-понг" ойыны тәріздес. Жұмысыма байланысты бүкіл Қазақстан мен әлемді шарлап жүремін және сүйіктімді әрдайым өзіммен бірге алып жүре алмаймын. Әйел шаңырақтың түтінін түетіп, ошақтың иесі болуы қажет", - деп өз пікірін білдірді әнші.

Ал сауалнамамыздың соңғы кейіпкері білдірген пікірмен келіспейтіндер кемде-кем шығар.

"ҚазАтомӨнеркәсіп" басқарма басшысы Владимир Школьник әйелдің бойындағы бір немесе бірнеше қасиетті бөліп қарауға болмайды деген ойда.

"Әйелдерсіз өмір сүру мүмкін емес. Біздің барлығымызды әйел дүниеге әкелді. Олар біздер үшін қасиетті жандар", - дейді Школьник мырза.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/305440-kazak-kyzdaryna-kandaj-kasiet-ten/

pixel