Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қоғамда қыз балаға "Ұл" түбірлі есім қою гендерлік кемсітуге жата ма?

Жарияланған күні:

Ырымға сүйеніп қыз балаларға "Ұл" түбірлі есім қоюды "гендерлік кемсіту" деп те, "жақсы ниет" деп те бағалайтындар бар.

Статистикалық дерек бойынша, мұндай аттар соңғы бес жылда қатты сиреген. Орталық Азия халықтарында "Ұл" сөзінен басталатын әйел есімдері жиі кезігеді. Қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан ырым бойынша мұндай ат қойылған қыз бала өзінің соңынан ұл баланың тууына себеп болады, деп жазады Азаттық.

Әйткенмен "Ұл" түбірлі есімге көңілі толмайтын қыздардың ішінде пікірлерін ашық айта бастағандар да бар. Бірақ жаңа туған сәбилеріне де осындай ат қоюды жалғастырып жатқан ата-аналар бұл ырымды қазіргі заманға бейімдеп жаңаша ақтап алғысы келеді.

Астаналық 21 жастағы Ұлдархан Медеубекова – өз есіміне мүлдем көңілі толмайтын бойжеткендердің бірі.

"Азан шақырып осы есімді қойғаннан кейін амал жоқ көндім. Негізінде өзгерткім келген еді. Алайда құжаттық жұмысы көп болды. Көпшілікке түсініксіз, құлаққа жағымды емес. Есім адамның өміріне әсер етеді деп жатады ғой, содан ба қайдам, ер мінездімін. Бізде әлі патриархат қой, ұлдар – алдыңғы орында. Бұлай ат қою – қыздарды кемсітушілік деп білемін. Ырымға сене бермеймін, өкінішке қарай артымнан інім де дүниеге келмеген екен", - дейді Еуразия ұлттық университетінің төртінші курс студенті Азаттыққа.

Ал алматылық студент Ұлжалғас Ниязбекова өз есімінен қандай да бір гендерлік кемсітуді байқамайды. Бірақ өзі үшінші қыз болып туғанда "ұл күткен" үй-ішінің қуана қоймағанын біледі.

"Екі әпкемнен соң үшінші болып туған маған осы есімді қойыпты. Ұл деп күткен олар менің туғаныма анау айтқандай қуана қоймапты. Сөйтіп араға бес жыл салып артымнан інім туды. Кейде есімімді түсінбей күлетіндер болды, оған мен ренжімеймін де. Қазір менің соңымнан туған Көпжан есімді жалғыз ініміз барлығымыздың көз қуанышымыз", - дейді Ұлжалғас Ниязбекова.

"Ұл шақырған" есімдерін сөлекет көрмейтіндердің саны жас қыздардың да, кексе әйелдердің де арасында көп екені байқалды. 60 жастағы шымкенттік Ұлбала Әбуқызы отбасында ұл тұрмаған соң, атын осылай етіп әжесі қойғанын айтады. Бірақ бұл кісіден соң да ұлдар тұрмай шетіней беріпті, өзінен кейін 4 сіңілісі бар екен.

Әнші Ұлту Қабаева өз атын "қазақстандық әншілердің арасындағы дара есім" деп біледі. Ұлтудың ойынша, бұндай ырым еш кемсітушілікке жатпайды, керісінше жақсы ниеттен туады.

Азаттық тілшісі сөйлескен "ұл" түбірлі есім иеленген жастардың бір айырмашылығы – олардың басым көпшілігі өз балаларына мұндай ат қоюға құлықсыз.

Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің "Кәсіби бағдар және мансап" орталығының маманы 22 жастағы Ұлдар-ай Батырқызының айтуынша, туу туралы куәлігін алу үшін АХАЖ бөліміне келген әжесі нәрестеге қандай есім қою керектігін ұмытып қалыпты.

Отбасында қыз бала дүниеге келе берген соң, енді қыз артынан өмірге ұл келсін деген ниетпен ырымдап АХАЖ қызметкерлері атын "Ұлдар" деп қойған екен. Ұлдар-ай өзінен кейін туған екі інісіне әкесінің ерекше қуанып, көкпар тартқызып, той жасағанын қалыпты құбылыс деп біледі.

"Менен кейін анам шекесі торсықтай екі ұл тапты. Әкем қатты қуанып, көкпар беріпті. Мектепке алғаш барғанымда есімім өзіме ұнамайтын. Содан "ай" деген жалғауды жалғап алдым. Міне, содан бері Ұлдар-ай болып келемін" дейді ол.

Ұлдар-ай болашақта балалы болып жатса, қыздарының есімін өз әулетіндегі қарияларға қойдырмақшы. Ал астаналық Ұлдархан келешекте өз қыздарына өзінің атына ұқсас есім қоюға үзілді-кесілді қарсы екенін айтты.

Екі қыздың әкесі, 28 жастағы Арман Әубәкір "ұл" түбірлі қыз есімінің әуелгі мағынасы ескіріп, қазір жаңа образдарға ие болғанына назар аудартады. Ол екі жыл бұрын дүниеге келген кенже қызына Ұлпан деп ат қойған. Оның ойынша, қызы бұл есімге ренжімейді.

Оның ойынша, Ғабит Мүсіреповтің "Ұлпан" атты романына арқау болған әдемі, әрі заманауи есім. Бірақ Қазақстандағы көптеген ата-ана Арманның "заманауи есім" туралы көзқарасымен келіспейтінге ұқсайды.

Қазақ тіліндегі басқа да ел және әлем жаңалықтарын оқыңыздар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/309572-kogamda-kyz-balaga-yl-tybirli-esim-koyu-genderlik-kemsituge-zhata-ma/