Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық талапкерлер ҰБТ-ға дұғамен "қаруланып" баруды ұйғарды

Опубликовано:

ҰБТ жақындаған сайын үміткерлер жоғары балл алудың түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Емтиханда көмектесетін дұғалар тізімін жариялаған сайт дайындықтың да қажеттігін ескертеді.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы мектептердің бірін биыл бітірген Нұрбол Серіков ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) жақындаған сайын қобалжып жүр. Ол маусым туа аудан орталығына тест тапсыруға аттанбақ.

"Тестке дайындалғанша дайындалдық ғой. Бұл – өмірлік сынақ. Сондықтан ауылда тест тапсыратын сыныптастарым, мұғалімдер – бәріміз мешітке, зират басына барып құран оқытамыз. Біздің ауылдан тестке баратындар жылда осылай жасайды", - дейді оқушы.

ДҰҒАДАН МЕДЕТ КҮТУ

Алматы облысындағы ауылдардың біріндегі мектеп түлегі Самат Қосаев та сынақ алдында мешітке баруды, емтиханға кірер кезде дұға оқуды ойластырып жүр.

"Тілеген тілектердің қабыл болатынына сенемін. Шын жүрекпен оқылған дұға да қабыл болады. Дұға жолды ашады ғой. Осы сынақтан сүрінбей өтіп, физика мамандығына түсіп кетсем деп армандаймын", - дейді ол.

Саматтың замандастарының бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданындағы мектептердің бірін бітірген Досқали да дұғадан медет күтеді. Ол ҰБТ-ға кірер алдында Түркістанға барып тәу етіп қайтпақ.

Емтихан таяған сайын дегбірі қашқан жастардың енді бірі құран бағыштау мен дұға оқудан өзге де амалдарын қарастырып жүр.

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында тұратын Қамбар: "Тест алдында Жамбыл, Сүйінбай аталарымның басына барамын. Одан соң ауылдағы тәуіпке барып жолымды аштырамын" дейді.

Мектеп бітіруші түлектердің енді бірі ҰБТ-да дұға оқығысы келгенімен, қандай дұғаның шипасы тиерін білмейді. Сондай жастың бірі Нұрсәуле қазақстандық діни сайттардың бірінен: "Емтиханға кірерде қандай дұға оқыса болады?" деп сұраған. Оған жауап берген сайт өкілі: "Емтиханға дайындалып, қолдан келгенше әзірлігін жасаған студент немесе оқушы мына дұғаларды оқыса, Алланың қалауымен емтиханы жеңіл әрі нәтижелі болады деген үміттеміз" деп, Құранның бірнеше сүресінен аяттар келтірген.

"ДАЙЫНДЫҒЫ ЖОҚҚА ДҰҒА КӨМЕКТЕСПЕЙДІ"

ҰБТ тапсыратын түлектердің мұндай әрекеттері әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр. Мәселен, Досай Кенжетай есімді Facebook қолданушы "емтиханға кіргенде дайындық болмаса, ешқандай дұға көмектеспейтінін" айтады.

Мәулен Мұқажанов есімді азамат "ниет пен амал дұғамен сабақтасып жатпаса, пайда аз" деп біледі. Өткен жылы мектеп бітіріп, ҰБТ тапсырған шымкенттік Әлихан да мұндай "дайындықтың" пайдасы тимегенін айтады. Ниет пен амал дұғамен сабақтасып жатпаса, пайда аз.

"Былтыр ҰБТ алдында жолымды аштырайын деп тәуіпке бардым. "Жеңіл сұрақтар келсін, жанымда білімді, әрі көмектесетін бала отырсын" деп тіледім. Ақыры 64 балл ғана жинап, грантқа түсе алмай қалдым. Тәуіптің пайдасы болмады", - деп өкінеді қазір ҚазҰУ-де ақылы бөлімде оқып жүрген жігіт.

Емтихан алдында жасалатын оқушылар мен студенттердің түрлі ырым-жоралғылары тек Қазақстанға тән құбылыс емес.

BBC-дің хабарлауынша, ұлыбританиялық студенттер емтиханда жақсы баға алу үшін ырымдап арнайы қалам ұстап, әшекей мен талисман тағып, тіпті "жол ашатын ішкиім" киіп барады.

OnePoll компаниясы 2013 жылы өткізген сауалнама бойынша сұралған ұлыбританиялық студенттердің 60 пайызы емтихан алдында "қабілетімді күшейтеді" деп диетасын да өзгертетін болып шыққан.

Қазақстан ұлттық тестілеу орталығының мәліметі бойынша, 2014 жылы 2-9 маусым аралығында өтетін ҰБТ-ға қатысуға 92077 түлек өтініш білдірген. Оның 63603-і – қазақ тілінде, 28474-і орыс тілінде сынақ тапсырады. ҰБТ тапсыру – мектеп бітіре сала жоғары оқу орнына түскісі келетін оқушылар үшін міндетті сынақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/315702-kazakstandyk-talapkerler-ybt-ga-dygamen-karulanyp-barudy-yjgardy/

pixel