Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қалталы қазақтар қалың малды бәсекелестікке айналдырды

Жарияланған күні:

"Қыз бен қойдың жүрмейтін жері жоқ" демекші, бүгінде Шымкенттің қызы Шығыс Қазақстанға, Солтүстік Қазақстанның қызы Қызылордаға, Маңғыстаудың қызы Астанаға, Алмытының қызы Оралға, келін болып жатады.

Осындайда құда-құдағилар бірін-бірі түсінбей әуреге түседі-ау келіп. Ең қызығы, біздің еліміздің әр өңірі бір-бір мемлекет секілді ғой, салт-дәстүрлері де, тұрмыс-тіршіліктері де бір-бірінен ерекшеленіп тұрады деп жазады Алаш айнасы басылымы.

"Әр елдің салты басқа" дегендей әр өңірде қыз беріп, келін түсірудің өзіндік жазылмаған заңы бар. Әсіресе, әр облыста ұзатылар қыздың қалың малының құны әртүрлі.

"Таяуда ағамның баласы келін түсірісіп әулетімізді бір қуантқан еді. Алған келініміздің қалыңы қанша болды дейсіз ғой? 600 мың", - деп жазады тілші.

Осы орайда "Алаш айнасы" Қазақстанның әр өңіріндегі қыздардың "қырық жетісі" туралы зерттеу жүргізген-ді.600 мың теңге қалың мал сұраған құдалар Шымкенттікі болып шықты. Қайын жұртының көп ақша сұрағанын естіген ұлымыз "онда үйленбеймін, қызды апарып тастаймын" деп қиғылықты да салған көрінеді.

Автор Сыр елімен құда болғандарын жазып, Қызылордаға құдалыққа барар алдында құдалар жақ оларға не апару керектігі туралы қағазға тізіп тұрып жазып бергенін айтады.

"450 мың теңге қалың мал, сүт ақы, ата күші, өлітірісіне бір малдың ақшасы, ілу, 9 жағалы киім, 9 алтын (2 білезік, 3 сырға, 2 жүзік, 2 алқа, өлшемдері көрсетілген), 9 жыртыс. Әлі есімде сонда бір жеңгем құдағимен саудаласып жүріп қалың малдың құнын 200 мыңға түсірткен. Сонымен қойшы, құдалыққа бардық, біздің апарған дүниелерімізді тойға жиналған қауымға көрсетіп, тіпті "5" деген баға алдық. Бірақ осының қайтарымы да жоқ емес екен, келінімізге жасауды жақсылап беріпті, төсек орны, ыдыс-аяғы, төрт мезгілге арналған киімдері дейсіз бе, әйтеуір бір үйді толтыратын жиһаз, дүниенің түр-түрі...", - деп жазады "бақытты" құда.

Батыс Қазақстанда қыздардың қалыңының құны 150-300 мың, Оңтүстік Қазақстанда – 300-600 мың, Орталық Қазақстанда – 200-300 мың, Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанда 150-200 мың екен.

Солтүстік жақтағы облыстардың кейбір аудандарында қыздарына қалың мал сұрамайды да. Бірақ бабаларымыз "қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды" дейді. Қазақ халқы қашанда қызын жат-жұрттық деп қадірлеп-қастерлеп дәстүрге сай ұзатқан. Айтайын дегенім, қалың мал төлеп қыз алу біздің ұлттық дәстүріміз ғой. Сондықтан қалың малдан мүлде бас тартуға болмас.

Қалталы қазақтар бірінен-бірі асып түсіп, қалың малды бәсекелестікке айналдырып алған.

500 мың, 1 миллион қалың мал құнын апаратындар, китке бірыңғай алтын, гаухар тасы бар қымбат әшекейлер, жағалы киімге құндыз ішік кигізетіндер бар қазір.

Байларға қарап тұрмысы орташа адамдар да шамасына қарамай несие алып сонша шығынданады.

Осы қалың мал, кит маңайында талай дау-дамай туындап, тіпті тойдың өзі болмай қалатын кездер болады. Ал кейде балаларының бақытын жоғары қойған құдалар "өздеріңіздің салттарыңызбен әкеле беріңіздер" деп, қыз алысып, қыз берісіп жатқан құдаларының шама-шарқына қарайлайтын өнегелі отбасылар да аз емес.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/316862-kaltaly-kazaktar-kalyn-maldy-besekelestikke-ajnaldyrdy/