Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ әйелі күйеуіне арақты қалай қойғызғанын ашық әңгімеледі

Жарияланған күні:

Біраз қазақ әйелдерінің тұрмысқа шыға салысымен ол көне ме, жоқ па cоған қарамастан-ақ күйеуінің кем-кетігін жонып, түзеп-күзеумен айналысып кететіні бар. Мұны мойындауымыз керек.

Қоғамның дертіне айналған маскүнемдіктен арылту үшін қазақ әйелі отбасының берекесін сақтап қалу мақсатында күйеуіне арақты қалай қойғызғаны туралы өз ойымен бөлісті, деп жазады Алаш айнасы басылымы.

Әрине, бірінші мораль оқылды

"Алдымен, күйеуім үйге ішіп келген күні қабағымды шытып, ыдыс-аяғымды салдырлатып, ұрыс-керісті өзім бастайтын болдым. Арасында күйеуімнің "ақылсыз миын аршып" мораль оқи бастадым, ата-енемді шақырып отбасылық "жиналысқа" да салдырдым. Осылайша күйеуімді ықтырып, жөнге салармын деп ойладым. Бірақ бұдан қойылған арақ та жоқ, үйге енген береке де жоқ", - дейді отанасы.

Сөйтіп, құрғақ моральдың өтпейтінін, мұнымен оны арақтан арашалай алмайтынымды аңғардым да келесі қадамға аяқ бастым.

Төркінге кетіп қалдым

Келесі қадамым, барлығына қолды бірақ сілтеп, баламды құшақтап алып төркініме кетіп қалу болды. Өзіме керекті заттарымды жиып алып, күйеуімнің кезекті "гастрольден" келуін күтпестен төркініме тартып отырдым.

Бірақ төркінге беймезгіл уақытта, оның үстіне шақыртусыз келгенімді әке-шешем жақтырмады. "Осыдан үйге жетсем бе, барлығын жасырмай айтып беремін, шыдамның да шегі бар" деген булыққан ойларымның барлығы әкемнің сұстанып бір қарағаннан-ақ басымнан бұл-бұл ұшты да кетті.

Мораль оқу, отбасылық жиналыс ашу, төркінге кету, "ажырасамын" деп қорқыту өз қадірімді кетіргеннен басқа пайда бермеді. Енді қандай әрекет жасауым керек? Ойлана-ойлана "арақты қойдыратын емші-балгерлерді іздеп табуым керек" деп шештім.

Балгерлерді жағалай бастадым...

Ендігі күнім ғаламторды ашып қойып, арақты қойдыратын балгерлерді, емші-бақсыларды іздестірумен өтетін болды. Арнайы лицензиясы бар бақсы-балгер атаулының ішінен таңдап тұрып бір-екеуін ғана емес бірнешеуін алдым.

Қысқасы, емшіге үш қайтара барып тапқаным 15 мың теңгенің басына су құйғаным болмаса анау айтқандай оңды әсерін бермеді. Бұдан кейін "гипноз" жасайтын емшілерді жағалай бастадым, олардың бір екеуіне қоярда-қоймай күйеуімнің өзін алып бардым. Мұндай қылығыма ызаланған ол ішуді одан әрі жиілетті.

Сабырға келуді үйрендім

Сөйтіп, емшілерден қайыр болмады. Психолгтардың пәлсапасы көмектеспеді. Осылайша өзімді іштей жеп жүргенімде бір құрбым қонаққа шақырды. Әншейінде үйден шығуым қиын мен осы жолы асығыстау жиналып, құрбымның үйіне бардым. Бара сала оның үйіндегі тоңазытқышта ілінген құран сөздері бірден назарымды алды. Құрбым қағазға шығарып, сыртын қаптап, тоңазытқышқа жағалай аяттарды іліп тастапты. Олардың ішінен "арақтың зияны жайлы айтылған аяттар" дегені көзіме оттай басылды. Ол құран сөздері былай түзіледі екен:

• Кез келген адамды ақылдан айырып, мас ететін ішімдік арақ болып табылады. Мұндай ішімдіктің бір жұтымы да – харам.

• Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) араққа байланысты он кісіге лағынет айтқан: "Арақты жасаушы, тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақты сыйға ұсынушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы ісі харам".

Міне, тап сол күні осы құран сөздерінің көшірмесін құрбымнан алып мен де үйімдегі тоңазытқышқа іліп қойдым. Бірінші апта оншалықты әсері болған жоқ. Екінші аптада күйеуім біртіндеп үйге ішпей келетін болды. Ақырындап жағдай оңала бастаған тәрізді. Өзім де біртіндеп сабырға келе бастадым.

Өзімді қалай өзгерттім?

Сонымен, өзімді қалай өзгерте бастадым. Алдымен тұрмыс тәсілімді өзгерттім. Мұны біз елей бермейтін ұсақ-түйектен бастадым.

"Менің уақытым болмай тұр, бүгін қызыңды үйге өзің алып қайтарсың" деген елеусіз өтініштер арқылы оның жауапкершілігін арттыра бастадым. Коммуналдық төлем, тағы басқа ұсақ-түйек жұмыстарды атқаруды оған жүктедім. Осылайша барлығына бірдей өзім жүгіре бермейтін болдым. Бір жақсысы, оның да жауапкершілігі арта бастады. Бұдан соң әңгіме-дүкен құрып отырып қалғанда оған арақтың кері әсері туралы мысалдарды жаймен көптеп айта бастадым. Ішкілікті қойып тым жақсы өмір бастап кеткен адамдар жайлы көп әңгімелейтін болдым. Біртіндеп екеуміздің арамызда түсінушілік орнай бастады", - дейді хат авторы.

Осылайша автор өзін өзгертудің 11 қадамын жасаған.

Олар: 1. Ұнамайтын дүниелерге көндіге бастадым.

2. Бос уақытымды төрт қабырғада өткізуден арылдым. Жалғыз қалсам ақшам жоқ болса да баламды ертіп алып дүкен аралаймын, телефон арқылы болсын құрбыларыммен әңгімелесемін, тіптен болмаса ғаламтордан отбасылық кеңестерді оқимын.

3. Үнемі асығып жүруді қойдым.

4. Қателесуден қорықпайтын болдым.

5. Өзімді басқалармен салыстырудан арылдым.

6. Өткенмен өмір сүруді тоқтаттым.

7. Тек болашақты ғана ойлау да дұрыс емес екенін білдім.

8. Іштей реніш-өкпе арқалап жүруден арылдым.

9. Жамандық ойлауды доғардым.

10. Үнемі мені ғана түсінсе деудің дұрыс еместігін аңғардым.

11. Үнемі қабақ шытып жүруді қойдым.

"Менің бір түйгенім, адам маскүнем боламын, араққа тәуелді боламын деп ойламайды. Солай ойламаудың арты көптеген зиянын тигізеді. Гректер "арақ ішу – ақылдан алжасуға жаттығу" дейді. Ендеше, келешекте те сол ақылдан алжастыратын арам суға жолаудан сақтанайықшы осы. Ол үшін бірінші от анасы ретінде әйел заты өзімізді өзгертуге тырысып өмірге басқаша көзқараспен қарауды үйренсек болғаны", - деп оқырман өз хатында ой бөліскен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/316941-kazak-ejeli-kyjeuine-arakty-kalaj-kojgyzganyn-ashyk-engimeledi/