Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматының ең ірі базары көрші елдерден келген жарлының панасына айналды (фото)

Опубликовано:

Алматыға жуырда қосылған Наурызбай ауданында аты күллі Қазақстанға әйгілі "Алтын орда" базары орналасқан. Сауда кешені бірнеше ұсақ базарлардан тұрады.

Бүгінде базар ауылдан, көрші елдерден келген ағайынның сауда жасап, нәпақасын табатын орны ғана емес, сонымен күні ұзақ арбасын сүйретіп, саудасын жасайтын кедей-кепшіктің тынығатын баспанасына да айналған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Базарға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары базар ішіндегі ауылдың бұрыннан барын айтады. Бірақ жергілікті билік бұған назар аударар емес, олар үшін бұл - қалыпты жағдай.

 

Базар күзетшілері "қызметкерлердің" жыл бойы осында түнейтінін біледі, бірақ үндемейді. Себебі базар әкімшілігінің тапсырмасы бойынша, "тұрғындарға" жан адамды жолатпауға бұйрық алған. Білетіндер базардағы қоймалардың табыс көзіне айналғанын алға тартады.

Алматы іргесінде орналасқан "Құрдас-7"деп аталатын құрылыс материалдары саудаланатын базар бар.

Базар іші  құрлыс материалдарын саудалау ретіне қарай бірнеше қатардан тұрады.

Үлкен базардың осындай бір қатары, алғаш көрген адамға оғаштау көрінуі мүмкін. Әсіресе, темір контейнерлерді сауда дүңгіршегі ретінде емес, баспана есебінде пайдаланушыларды байқағанда. Тура мына қатардың өзінде жиырмаға жуық темір есіктің арғы жағында одан да көп тағдырлар бар...

Мұндағы тұрғындардың дені қара базардағы халыққа тамақ сатып нәпақасын табады. Бұл темір үйшіктер олар үшін әрі үй, әрі жұмыс орны.

Бұл жерге Өзбекстан, Қарақалпақстанда тұратын қазақтар отбасыларымен келіп жұмыс істеп қайтады. Ата-аналары базарда жұмыс істесе, балалары қарап жатпай оларға қолғабыс болады.

Мына қыздың есімі Райхан. Жазғы демалысы Алматының базарында өтуде. Оның істеген жұмысына күніне 1500 теңге төленеді. Райханға ол ақша оңайлықпен түсіп жатқан жоқ. Олда осындағы ересектер сияқты түнгі екіден бастап ас мәзіріне кіріседі.

Пияз аршып, су тасып, үлкендердің жұмсағанын тез әрі тиянақты бітіруі тиіс. Күндіз базарда шай сататын әпкелеріне қайнаған су жеткізіп тұрады. Оның демалатын уақыты - күндізгі үш пен түнгі екінің арасы.

Бұл Райхан тұратын дүңгіршек. Мұнда одан бөлек бір ерлі-зайыпты, үш келіншек, үш кішкентай бала тұрады.  

Райханның қасындағы бүлдіршіннің жасы әлі екіге де толмаған. Кейде ол бала бағумен де айналысады.

Базарда өтіп жатқан балалықтың белгілері...

Базар тұрғындарының жуылған киімдері де осында жаюлы.

Намазхана. Базар ішінде құлшылық етіп, маңдайын сәждеге тигіземін деушілерге де бар жағдай жасалған. 

 Базар тұрғындарының ортақ  ауыз су алатын орны.

Айналдырған бір базардың ішінде бірнеше "қонақ үй" бар. Саудагерлердің айтуынша, бұл орындар жеңілтек адамдар бас қосатын жынойнақ ордасына айналған. "Жеті құрдас" базарының тұрғындары көрші елдерден көбіне жалғыз келеді - отбасылары алыста. Сондықтан "Қонақ үйде" көрсетілетін "қызмет" түрлеріне жүгінуге мәжбүр.

2013 жылдың қысында тура осы қоймада оқыс оқиға болып, қойманы паналап келген шетелдік екі азамат көз жұмған болатын. "Көршілерінің" айтуынша, Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан нәпақасын іздеп келген әйелдер тамақ істеп, сатумен айналысқан.

Қайғылы оқиғаға газ баллонының жарылуы, артынан оның орасан зор өртке ұласуы себеп болған.

Екі азаматшаның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаға қатысты құзырлы орындар қылмыстық іс қозғағанымен, қорытындысыз қалдырды. Себебі көрші ел азаматшаларын іздеп келген жан болмады.

Бүгінде қайғылы оқиғаның ізі де қалған жоқ. Себебі қойма жаңадан салынып, жұмыс бұрынғыдай жалғасып жатыр.

Қайғылы оқиға тек "Жеті құрдас" базарының жергілікті тұрғындарының есінде ғана...

Базар қоршауының сырты қоқыс алаңына айналған...

Суреттер ұялы телефонға түсірілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/323463-almatynyn-en-iri-bazary-korshi-elderden-kelgen-zharlynyn-panasyna-ajnaldy-foto/

pixel