Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылықтар арасында саумалмен емделу сәнге айналды (фото)

Опубликовано:

Алматылықтар жайлау дәмін, алысқа бармай, жол жиегінен-ақ тата алады. Қаланың іргесіндегі тас жол бойына шаруалар киіз үй тігіп, бұрын сонды жайлауды кітаптан ғана оқығандарға, арнайы қызмет көрсетуде. Алматылықтар көптеп барып жүрген жайлауда NUR.KZ тілшісі де болып қайтты.

Әрине, жайлауды қалаға көшіруде шаруалардың өз себебі бар. Ал, табиғи таза аққа аузы тиген қала халқы шаруаларға дән риза.

Емделуші Асан Керімжановтың айтуынша асқазан дертіне саумалдан шипа көріп жүргеніне бірнеше ай болыпты. Бүгінде, әдеті бойынша шаруаның қорасына келіп, қазір ғана сауылған жылы саумалдың 0,5 литрын аш қарынға ішіп алды.

Мүмкіндігі болса, жатар алдында осыны қайталауға тырысады. Осының арқасында жанымды жеген асқазан жарасынан айықтым дейді Асан Керімжанов.

Ал, Ұлбосын Анадилова саумалға қаладан арнайы күнде таңғы сегізде, немересі Иманғалиды алып келеді. Айтуынша немересінің асқазаны, он екі ішегі суықтаған.Дәрігердің қарауында болған немересін апай қосымша саумалмен емдеуді жөн көріпті. Он күн қатарынан саумал ішкен Иманғалидың реңі кіріп, тамаққа тәбеті артып, бетіне қан жүгірді дейді Ұлбосын Анадилова.Алдағы уақытта дертінің деңгейін анықтау мақсатында  дәрігердің тексеруінен өтуді жоспарлап отыр.

Алматының іргесіндегі бос жатқан жерлерге шаруалар  малдарын жайып, қала халқына жақын жерде жайлау дәмін саудалайды. Тура мына қожалық иелері жол жиегіне шатыр тігіп, қымыз, саумал сатумен айналысады.

Сүттің  сапасына күман келтіретіндер болса, қай биені кім сауып жатқанына көз жеткізе отырып іше алады.

Қожалық жұмысшылары  тұтынушыларын ешқандай жарнамасыз-ақ өз уақыттарына бейімдеп алған.  Биені күнделікті таңғы алтыдан бастап, араға екі сағат салып сауады. Саумалды ем үшін жылы күйінде ішетіндер сол уақытқа келеді.

Келушілердің кезегінде есеп жоқ. Тіпті, алыстан арнайы көлікпен келіп кететіндер де көп екен. Таңғы алтыдағы саумалға үлгермегендері келесі уақытты тосып отырады.

Шаруашылық иелері сатудан артылған бие сүтін арнайы күбіге жинап қымыз ашытады. Әрине, жайлауға арнайы келген азаматтардың арасында қымыз сұрамайтыны жоқ десе де болады.

Бұл қожалық жұмысшыларының жатын жайы. Тамақтанып тынығатын орны.

Қожалық иесі Айтқали Әшімов біз барған кезде тығыз шаруаларымен қала сыртында жүр екен. Айтуынша мал бағудың қызығынан бөлек, шешілмей отырған біраз мәселелері бар. Бұл кісінің меншігінде  екіжүзге жуық ірі қарасы бар. Саумал сатқаннан бөлек, бордақы байлаумен де айналысады. Биылғы жылы жауын аз түскендіктен, қыстық шөптен қағылдық дейді шаруа.Одан қала берді меншігінде суармалы жері болмай, жайылауға жарымай отырғанын уәж етеді. Саумалды жайлауда сатуға амалсыз барғанын айтады.Осыған дейін қымызы мен саумалын тиын-тебенге алатын алыпсатарлар су қосып, қадірін кетіргеніне кіжініп, тұтынушыға тікелей шығудың жолын осылай тауыпты.Шаруа бұл саудасын қыста да жалғастыруға ниетті. Алайда, жоспары жүзеге асар аспасы белгісіз. Жергілікті әкімдіктің рұқсатын тосып отыр.         

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/323936-almatylyktar-arasynda-saumalmen-emdelu-senge-ajnaldy-foto/

pixel