Қарағанды түрмесінен тағы да бүлік шықты
Жарияланған күні:
Қарағанды түрмесінен тағы бүлік шықты. Жазасын өтеушілер "түзеу мекемесінің басшылығы азаптап, күш көрсетіп жатыр"- деп наразылық білдіруде деп хабарлайды 31 арна.
Жанайқайларын айта келген сотталушылардың жақындары темір қақпаның алдына жиналды. Айтуларынша, Балқаш қаласындағы абақтыдан куәгерлер ретінде ауыстырылғандарды АК 159/1 колониясының қызметкерлері соққының астына алып, жаппай сабаған көрінеді.
Сотталғандардың мына шағым хаттарын жақындары түрмеден жасырын түрде шығарған. Колония басшылығының әрекетсіздігінен мезі болғандар, "мұндай қадамға барудан басқа амалымыз қалмады" деп налиды. Табандарынан таусылып, талай құзырлы мекеменің табалдырығын тоздырудан берекеміз қашты дейді олар.
"Колония қызметкерлері барлық сотталғандармен малмен сөйлескендей сөйлеседі. Қазан айында екі сотталушыны далаға тырдай жалаңаш тұрғызып қойған", - дейді жазасын өтеушінің анасы Альфия Махиева.
Колония қызметкерлері барлық сотталғандармен малмен сөйлескендей сөйлеседі. Қазан айында екі сотталушыны далаға тырдай жалаңаш тұрғызып қойған.
Осыдан үш ай бұрын Балқаш қаласындағы түзеу мекемесінен Қарағандыдағы тергеу изоляторына 40 сотталушы куәгер ретінде ауыстырылған. Абақтыда болып жатқан былыққа шыдамаған олар соққыға жығылдық деп бас прокуратураға шағым хат жазыпты. Бірақ, көмек сұрап жазған өтініштердің біреуі де діттеген жеріне жетпеген көрінеді.
Бұдан өзге жақындары, түрмедегі зорлыққа шыдамаған айыпталушылардың біреуі, тіпті өзіне қол жұмсауға дейін барған дейді.
"Александр Кривонос өзіне қол жұмсап, асылып қалғысы келген. Бірақ оны бірге отырған балалар құтқарып қалыпты. Бұл жайтты түзеу мекемесіндегілер жасырғысы келген",- дейді жазасын өтеушінің ағасы Бахтияр Рысаев.
"Мен немереммен кезіктім. Бірнәрсе айтуға қорқады. Әбден қорқытып тастаған. Бірақ түрме қызметкерлерінің оларға қол көтергенін айтқан",- дейді жазасын өтеушінің атасы Александр Лунин.
Ал прокурорлар түзету мекемесінің қызметкерлері сотталғандарды ұрып-соғатынын теріске шығарып отырған жоқ. Сөздерінше, қазір жазасын өтеушілермен сөйлесу жұмыстары жүргізілуде.
"Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері тергеу изоляторына барып қайтты. Ия, бұл жағдай шынымен болған. Бірақ, біз сотталушылармен кездестік. Енді бұл жайтты қадағалауға аламыз",- дейді Қарағанды облыстық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары Сейдахмет Өткіров.
Осылайша, жағдайды басты назарда ұстаймыз дегеннен таймаған құзырлы мекеме өкілдері түзеу мекемесінің басшылығымен де сөйлесуге ниетті екендіктерін айтады. Тек темір тордың ар жағындағы жағдайдың жай-жапсары жуырда оңала ма жоқ па әзірге белгісіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/325771-karagandy-tyrmesinen-tagy-da-bylik-shykty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.