"Көк базардағы" балгерлер мен құмалақшылардың "бизнесі" (фото)
Жарияланған күні:
41 құмалақ тас шыр айналып, үш топқа бөлінді. Жансыз тастар шаң басқан газет үстінде жұп пен тақ сандарға бөлініп, адам тағдырының бағасын беруге дайын тұрғандай. Анау жерде король мен дама өздерін Зевс пен Афродитаның шәкірттеріндей сезініп жатыр.
"Ақша берсең, сөйлейін" деп тұр. Бұл заттар – құмарлық атаулының құлағында ойнаған балгер мен көріпкелдің алдындағы жұмыс құралдары.
Ал тылсым иелерінің жымиып қана жоғарыны меңзеп, "байланысым мықты" дегені қиналған жанның іздегеніндей көрінеді. Расында құмалақ құт алып келе ме? Мұны Асқар Беков апта бойы әзірлеген журналистік зерттеуінде ашып көрсетуге бел буды.
Алматының көк базарына келушілердің санынан шатасасың. Айнала у-шу. Сауда сақал сипағанша дегендей, әркім өз пайдасына бас қатыруда. Бұл жерде кімдер жоқ дейсіздер? Бизнесте тұралағандар мен бизнестен басы айналып банкрот болғандар да, үнемдеймін деп үйдей бәлеге душар болып тозғандар да, бала-шағаның қамы деп, салықтан қашып жүріп саудалаған саудагер де, өмірден өз жолын тапқандар да, жалпы әлеуметтің барлық тобы осы базарды төңіректейді.
Базар болғандықтан келімді-кетімді кісі де көп. Мың тағдырдың бір арнаға тоғысқан тұсы да осы аймақ. Демек, тағдырды таразыға салып ақша табуды да көздейтіндер мұндай бизнесті қолдан жіберіп алмасы анық.
Тоғыз жолдың торабында тұрып, құрыққа түсірудің қамымен жүрген құмалақшы мен балгерді мына Пушкин көшесінің төменгі тұсынан табасың.
Бұлардың санын дөп басып айту қиын. Күнде шығатындар да, анда-санда ақша тауып кететіндері де кезігеді. Басы қосылса, шамамен 20-30 шақты. Бірін-бірі жақсы таниды. Бірақ бір-біріне іштері жылымайды. Ақша жүргендіктен бұл – бизнес, яғни, бәсекелестер.
Ақшаны әркім әртүрлі табады. Құмалақ салу – 500 теңге. Артық берсең, өз еркің. Картамен ашу, яғни, "Таро" қымбаттау. 1000 теңге.
Алдымен, төңіректегі ең танымал Қалимаш апа жайлы айтайын. Фотоға түскеннен қашпайтын жалғыз балгер де осы кісі. Екі тілге де судай. Сөзге шешен. Алдына барсаң, айналшықтап қаласың. Балгерліктен емес, психолог па деп қаласың. Сондықтан ел оның алдынан тез өтіп кетуге тырысады.
Өзі Ресейде туып, сол жақта білім алған қазақ қызы. "Кіші жүздің адуын қызымын" дейді. Арқасы бар, ілулі тұрған шынжырды ұстай қалғанынан байқайсың.
Бұл кісі өз қызметін адамына қарап бағалайды. Айтуынша, алдына қарапайым тұрғыннан бастап, бизнесте өзін танытқан азаматқа дейін келеді. Тіпті, ел басқарып отырғандар да бұл кісінің көмегіне жүгінетін көрінеді. Соңғылары, әлбетте, түнде хабарласады, көбіне шақыртып алып алдыңғы өмірін болжатқанды ұнатады екен.
Жарнамасы да алдында. Танысын көріп, тоқтатып алып, "мені мақташы" дей бергені сол еді, суреттегі орыс апа балгер Қалимашты бірден көріпкел Вангаға теңеді. Жағамды ұстадым, "кімнің алдында тұрмын өзі?" деп іштей күліп қоямын."Анау кетіп бара жатқан әйелді де тудыртқанмын" деп тағы біреуді көрсетті. Не керек, төңірек толған апамның "клиенттері" екен. Өткен-кеткен қыз-қырқынның бәріне "бай тауып берем", "тоқалдыққа алдыртамын" дейтіні тағы бар. Елең еткендерді уысынан жібермейді.Базарға жақын отырғандықтан, Қалимаш апаға бәсеке болатын балгер жоқ. Ал Пушкиннен "Саяхатты" бетке алып төмен түссең, балгерлердің "ошағына" тап боласың. Әр талдың түбіне жайғасып алып, аса көрінбеуге тырысады.
Бірақ "бармын, балшымын" дегенін алдындағы құмалақ тас пен картасы айтып тұрады. Жақындап барсаң, жылы қарсы алуға тырысады. Алдына жаны қысылған адамның келетінін біледі де.
Алғашқысына "мен журналистпін" деп едім, орнынан ытқып тұрды. Мен секілдінің талайын көргенін және сөйлеспейтінін жайып салды. Екіншісіне жолықсам – "мен не десем де сендер бәрібір жамандайсыңдар, одан да басқасынан сұра" деп жол сілтеп жіберді.
Фотоаппаратты көргенде тұра қашқандар да болды. Өзімді ыңғайсыз сезініп, "торғайларды балаша қуғандай болмайын" деп ертеңіне қайта келуді ұйғардым.
Ертеңіне келіп, әбден қарайлап алған соң, шетте отырған апаға жақындадым. Сөзден қашпады. Репортаж жасап жүргеніме түсіністікпен қарады.
Уәде бойынша атын атамаймын деп келістім. Жасы 70-тен асқан ақ жаулықты ана екен, бірнеше немере сүйіп отырғанын айтты.
Тек суретте түрін көрсетпеуді өтінді, қалғанын түсіре беруге рұқсат алдым. Осында отырғанына немерелері ыңғайсызданатын көрінеді.
– Мен бұл жерде қырып ақша табу үшін отырғаным жоқ. Елдің бергенін аламын. Бүгіндікке үш адамға тегін құмалақ салдым. Мақтанып отыр деп ойлама. Бұл тірлікті көбісі һарам дейді. Мен һарам болатындай ешкімге жамандық жасап отырған жоқпын деп ойлаймын. Бұл – ата-бабамның дәстүрі деп білемін. Біздің шаңырақта маған қонды, атам осылай айтатын. Емшілік қасиетім де бар, – деп апа ағынан жарылып сөйледі.
Балгерлердің арасында картаға жақыны көбінесе өзге ұлт өкілдері болып көрінді. Ал құмалақ ашатындардың дені – қазақтар. Арасынан сынықшыларды да байқадық. Осы жерден келістіріп, емдеуге алып кететіндер бар екен.
Жалпы, Ислам дінінде балгерлікпен айналысу – үлкен күнә, Аллаға серік қосқанмен парапар. Осы мәселенің діни тұрғыда қалай екенін білу мақсатында Алматының орталық мешітіне барып, сауат ашу курсының ұстазы Әнуарбеков Әсеттен сұрап білдік.
– Бал ашу, көріпкелдікпен айналысу – Ислам дінінде тыйым салынған амалдардың бірі. Өйткені, Алла Тағала Құран кәрімнің біраз жерінде ғайыпты Алладан басқа ешкім білмейді деп айтқан. Сондықтан ғайыпқа қарай ұмтылуға адам баласына тыйым салынған. Ғайыпты адамдар, періштелер және жындар тек қана өздеріне үйретілген мөлшерде ғана білуі шарт.
Мысалы, адам өзінің білімі арқылы екіні екіге қосса, төрт болатынын біледі. Яғни, бұл ғайып нәрсе, көзге көрінбейді. Бұлт жиналған кезде жаңбыр жауатынын біледі. Әлі болмаған құбылысты Алла Тағаланың үйреткен біліміне сүйене отырып біледі.
Адам өзінің білімі арқылы екіні екіге қосса, төрт болатынын біледі. Яғни, бұл ғайып нәрсе, көзге көрінбейді. Бұлт жиналған кезде жаңбыр жауатынын біледі. Әлі болмаған құбылысты Алла Тағаланың үйреткен біліміне сүйене отырып біледі. Сол сияқты, періштелер де, Бақара сүресінде айтылғандай, "біз тек қана Алла Тағаланың үйреткенін білеміз, одан артығын білмейміз" дейді.
Жындар да Алла Тағаланың үйреткенін біледі. Бірақ олар – жаратылыстардың ішіндегі Алла Тағалаға ең көп қарсы шығатын жаратылыс иелері. Олар аспанның бір шегіне дейін барып, Алланың хабарларын ұрлайтындығы – Құранда, Жын сүресінде айтылған.
Алла Тағаланың періштелерге түсірген хабарын жындар ұрлап, жерге қайтып келіп, адамзат арасына іріткі салу үшін, бұзықтық жасау үшін пайдаланатын болған. Көріпкелдер мен бақсылар осы жындармен байланыс жасайды.
Суреттердің авторы: Асқар БековҚайткен күнде де бал аштырып ешкім береке таппасы анық. Әйтпесе, екінің бірі осы тірлікке жүгінер еді. Тек санаулы жанның қара тылсымның шырмауына түсетіні жүректі ауыртады. Бәлкім, өзімізден рухани демеу болмағандықтан болар – жаны қиналғандар өз өмірінің қиын тұсын құмалақ пен картаға сеніп тапсыратыны.
Материалдың толық нұсқасын Myprofession.kz сайтынан оқи аласыздар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/327069-kok-bazardagy-balgerler-men-kymalakshylardyn-biznesi-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.