Мұғалімді келемеждеген оқушылар қызу талқыға түсті
Жарияланған күні:
Интернет қолданушылар оқушылардың ересек әйел адамды қорлаған видеосын әртүрлі жорыды. Мұндайға тап болған ұстаздардың бірі совет заманындағы тәртіпті аңсайды деп жазады Азаттық.
Тамыздың 27-сі күні Ashat Orazymbetov есімді Facebook қолданушысы үш жасөспірім оқушының сыныпта отырған ересек әйел адамды мазақтап, қылқындырып, ұрған және тепкен қимыл көрсетіп қорлаған видеосын жеке парағында жариялады.
Видеоны "Ну... Казахстан" деген тақырыппен жариялаған азамат ондағы оқиға Қазақстанда болғанын жазады. Ол видеоны бірер күннің ішінде 400-ге тарта адам бөлісіп, оқушылардың әрекеттерінен тіксінді.
Видеода оқушылар мазағына ұшыраған, мұғалім үстелінде отырған әйелдің қазақша "Не деген тәрбиесізсің!" деген сөзі естіледі. Ол адамды мазақтап жүрген үш оқушы ұл да, оны камераға түсіріп тұрған балалар да орысша сөйлейді.
Оқушылардың бірі бұл оқиғаны елемей, телефонына қарап отыр. Тек камера сыртындағы бір қыз баланың ғана "Шакалы! Трое на одного!" ("Шибөрілер! Үшеуі біреуге жабылып жатыр!") деген наразы дауысы ғана естіледі.
Видеодағы жәбір көрген ересек әйел адамның мұғалім екендігіне интернет қолданушыларының ешбірі күмән келтірген жоқ.
Facebook-те жарияланған видеоға пікір білдірген азаматтардың бірі Сағынбек Аронов: "Қазір гимназия, лицей мектептер болмаса, қаладағы немесе даладағы барлық қарапайым мектеп жағдайлары бәрінде дерлік осындай. Оқитын бала жоқ, Оқытатын мұғалім жоқ. Тек қана көзбояу мен мектеп деген аты ғана" деп жазады.
Ал Saule Batayeva есімді қолданушы бұрын мектепте жұмыс істеген кезінде "осындайдың неше түрлісін көргенін" айтады.
"Басшылық тек қана ақша берген ата-ананың баласының ғана сөзін сөйлейді. Мұғалімдерді ит пе, кісі ме демейді. Бұл сорақылық мұғалімнің кінәсі емес – қазіргі қазақ қоғамының мұғалімге деген, яғни білімге деген көзқарасы" деп жазған Saule Batayeva мұғалімнің мұндай кіріптар күйге түсуіне "осындай итаршылықпен тапқан бес-он тиыны" себеп екенін айтады.
Гүл Нұр есімді әлеуметтік желі қолданушысы да оқушылардың бұл әрекеттерін "қоғамдағы жемқорлық пен көзбояушылықтан" көреді.
Бірақ мұғалімдер беделінің түсуін қоғамнан ғана емес, ұстаздың жеке басынан да іздеу керегін айтқандар бар. Бакытгуль Калекина есімді интернет қолданушы "мұғалімнің осал тұсын білген бала аянып қалмайды, мына балалардың ісі – соның айғағы" деп ой қорытады.
Өмір Шыныбекұлы есімді мұғалім Facebook-те жарияланған видеодағы оқиғаға "мұғалімнің әлсіздігі мен үйдегі тәрбиенің кемшіндігі себеп болған" деп біледі.
Бұл видеода бейнеленген оқиғалар "Қазақстан мектептерінде жиі болатын көрініс" екенін мұғалімдер де растайды. Сондай ұстаздардың бірі – Алматы қаласы Бостандық ауданына қарасты жалпы білім беретін орта мектептің бірінің аты-жөнін айтпауды өтінген мұғалімі.
"Өткен оқу жылында менің басымда осыған ұқсас жағдай болды. Оныншы сыныпта бір бала бар еді. Сол оқушы сабақ үстінде қарқылдап күліп, сабақ өткізуге мүмкіндік бермеді. Сыныптан шығып кетуін талап етіп едім: "Маған "шық" дейтін сен кімсің!" деп мені боқтады, жаман-жаман сөздер айтты", – дейді ұстаз.
Оның сөзінше, әлгі оқушы ертеңінде біреулермен төбелесіп келіп, жаласын бұл мұғалімге жапқан.
Азаттық тілшісімен сөйлескен мұғалім "совет заманындағы мектептегі қатал тәртіпті" аңсайтынын айтады.
"Мұғалімге қол көтермек түгілі қарсы сөйлеген оқушы жиналысқа, тіпті педсоветке (педагогикалық кеңеске) түсетін. Үлгере алмаған оқушыларды сыныпқа көшірмей де қоятын. Сондықтан оқушылар мұғалімнен қаймығатын. Ал қазір ұрыспақ түгілі журналға "екілік" қоюға болмайды. Түк білмесе де міндетті "үштігін" қойып береміз. Соның салдарынан оқушылар бетімен кетті", – дейді орта мектептегі ұстаз.
Қазақстандағы мектептерде оқушы ұл-қыздардың бір-бірін келемеждегені, ұрып-соққаны жайлы хабар жиі тарайды. Оқушылар мұндай сәтті камераға түсіріп алып, бүкіл мектепке көрсетіп, тіпті видеосын интернет арқылы таратып жіберуге әуес болып барады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/329275-mygalimdi-kelemezhdegen-okushylar-kyzu-talkyga-tysti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.