Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тарихшылар қазақтардың мемлекеттілігі Ресейден бұрын қалыптасқанын мәлімдеді

Опубликовано:

Ғасырлық тарихы бар еліміздің бетіне түкіріп, "қайтер екен" деп мысқылдап тұрған Ресей президентінің құйтыртқы әрекеті елді өре түрегелтті.

Владимир Путин бүкілресейлік "Селигер-2014" жастар форумы кезінде студенттердің "Нұрсұлтан кетсе Қазақстанда Украина жағдайы қайталана ма?" деген сауалына бір елдің білдей бір Президенті осындай екі ұдай жауап қайтарады.

Енді еліміздің тарихшылар, саясаттанушылар мен депутаттар қауымы бұл араңдатушылыққа кезек-кезек жауап беруде.

Ал ғаламторда "Путинге тарих оқулығын жібер" акциясы басталып кетті.

Тарихшылар болса, мемлекеттік танымы мен ұлттық санасы болмаған қазақтар, орыс президентінің пайымынша, ғасырлар бойы шекарасын қалай қорғап сақтай білді деп ашуланады.

Мемлекеттік танымы мен ұлттық санасы болмаған қазақтар, орыс президентінің пайымынша, ғасырлар бойы шекарасын қалай қорғап сақтай білді?!

Мәмбет Қойгелдиев бара берді 9-10 ғасырларда қазақ жерінде орналасқан Қарахандар мемлекеті Ресейден бұрын қалыптасқан деп отыр. Мемлекет болып дамуды көздемесе Жүсіп Баласағұн өзінің әлемге танымал "Құтты білік" еңбегінде "мемлекетті қалай дұрыс басқару керек" деген сұраққа жауапты неге іздеді? Қала берді, Жетісуда қоныс тепкен Үйсіндер мемлекеті мен 15-ғасырда өмір сүрген Қазақ хандығын орыстар неге тез ұмытып қала ғалды деп налиды.

"Әрине, белгілі дәрежеде бастау көзін Алтын ордадан алатын мемлекет. Алтын орданың орнына өмірге келген Ақ орда, оның жалғастырушысы осы Қазақ хандығы болды. Қазақ хандығының бүгінгі мұрагері, ізбасары осы бүгінгі Қазақстан Республикасы. Оны егерде сауатты кісі болса, ешқашан жоққа шығармайды", - деді тарихшы Мәмбет Қойгелдиев.

Ал саясаттанушылар Кеден одағы мен Еуразиялық одаққа қатысты сыни пікірлерді кейінгі кезде жиі айтып, Украинаға қатысты Ресей саясатын тікелей қолдаудан бас тартып отырған Қазақстанға бұл көрсетілген саяси қысымның бір түрі деп топшылауда.

Қазақтың қытығына тиетін жымысқы сөздердің алдын-ала дайындалып, ойластырылған сценарий бойынша орындалғаны да айдан анық дейді олар."Путин ашықтан ашық анық, сіздерде қазақта мемлекет жоқ деп жатса, оны басқаша қалай түсінуге болады? Біздің Сыртқы істер министрлігінің әлсіздігі, үнемі қазақ баспасөзі, журналистері, басқалары өре түрегелген кезде біздің билік бізге басу айтады. Бізде Ресеймен жақсы қатынасты үндемеу деп түсінеді", - деп ашынады саясаттанушы Айдос Сарым.

Алайда опасыздығын асырып отырған Ресейге қой дейтін көсем табылмай отыр дейді Сарым. Ол дәл осы арада Алтынбек Сәрсенбаев сынды "қалғып кеткен ойлар мен мүлгіп кеткен миларды" түртіп оятатын саясаткердің жоқтығына налиды. Бұл мәселе Парламентте қаралып, мәлімдеме қабылдануы қажет -дейді ол.

Саясаттанушылардың пікірінше іс насырға шауып, одан әрі ушықпай тұрғандай Ресей билігі екі ойлы сөз айтып қазақ халқының намысын қорлағандығы үшін кешірім сұрауы міндетті. Мамандардың айтуынша, Сыртқы істер министрлігі де әдетінше бұғып қалмай, бұл мәселені түбегейлі шешкендігі дұрыс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/329585-tarihshylar-kazaktardyn-memlekettiligi-resejden-byryn-kalyptaskanyn-melimdedi/

pixel