Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еліміздегі мешіттерде орысша уағыз айтыла бастады

Опубликовано:

Еліміздегі мешіттерде орыс тілінде уағыз айтыла бастады.

 

Бұл туралы "Азаттық" хабарлайды.

Алматы тұрғыны Жасұлан Қуанышбеков қаладағы мешіттердің бірінде аптасына бір рет болатын орыс тіліндегі уағызға барып жүр. Оның айтуынша, мешітте орысша уағыздар өткен жылдың қараша айынан айтыла бастаған.

– Сәрсенбі күні бір сағат орысша уағыз айтылады. Мен үшін орысша айтқаны түсініктірек. Өз басым бұл бастаманы қолдаймын. Себебі өзге дін өкілдері уағыздарын орысша да, қазақша да жүргізе береді емес пе? Ал біз неге енгізбейміз? - дейді ол.

2014 жылдың мамыр айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) орысша уағыз айтатын екі топтың жасақталғанын мәлімдеп, олардың аймақтарда уағыз айтуға кірісетінін хабарлаған еді.

ҚМДБ өкілдері мұндай қадамға баруына "өзге жат ағымдарға орыстілді қазақ жастарының көптеп тартылуы" және орыс тіліндегі уағыздарға "сұраныстың көбеюі" себеп болғанын мәлімдеген.

"Бұл мешіттерді орыстандыру саясаты емес. Біз орыс тілін уағыздарымызды халыққа жеткізудің құралы ретінде пайдаланып отырмыз. Өзге жат ағымдарға кеткен қазақ жастарының көбі – орысша тәрбиеленгендер. Осыларды өзіміздің дәстүрге бағыттау үшін, дәстүрлі исламға (ҚМБД мен дін істері комитетінің түсіндіруіндегі Қазақстанның ресми исламы – ред.) шақыру мақсатында ғана орыс тілін пайдаланып жатырмыз" деді аты-жөнін атамаған басқарманың баспасөз өкілі.

ҚМДБ-ның екі тілде уағыз айту бастамасына қатысты мешіт өкілдерінің өз ішінде әртүрлі көзқарас туды.

Жезқазған қаласындағы орталық мешіттің наиб имамы Айтжан Аққошқаров мешітте орысша уағыздар өте сирек – "тек Қарағанды жақтан адамдар келген кезде айтылатынын" жеткізеді. Оның сөзінше, "мешітте орысша уағыздар айтыла бастаса, жамағат ренжиді". Мешіт қызметкері сөз арасында мұндай бастаманың "аса пайдалы бола қоятынына" да сенімсіздік танытты.

– Орысша айт, қазақша айт – олар ("дәстүрлі емес ағымдарға өтіп кеткен" тұрғындар – ред.) бәрібір тыңдамайды ғой. Олар өздері бір жерде жиналады. Орталық мешіттегі имамның уағызын тыңдамайды, - дейді ол.

Орысша айт, қазақша айт – олар  бәрібір тыңдамайды ғой. Олар өздері бір жерде жиналады

Ал Алматы қаласындағы Таугүл мешітінің есімін атамаған қызметкері керісінше, "егер орысша үгіт-насихат айтылса, жастарды радикалдық діни ағымдарға кетуден сақтап қаламыз" деп ойлайды.

Өткен жұма күні Астана қаласындағы "Нұр-Астана" мешітінде уағыздың орысша айтылуы әлеуметтік желіде қызу пікірталастың өрбуіне негіз болды. Уағыздың қос тілде айтылуын қолдаушылар осындай жолмен "радикалданудан сақтануға болатынын" уәж етеді. Оған қарсылар – қазақ тіліне деген сұраныс діни институттарда азайып кетеді деп қауіптенеді.

Facebook қолданушысы Fazylbek Absattaruly "әркімнің көңіліне қарап, соның тілінде сөйлеуді доғару керек" деп санайды.

"Қазақстанның азаматтары қазақша түсінбейді деген қате түсінік. Мейлі ол қай ұлттың өкілі болса да, мектепте қазақ тілі пәнін оқыды ғой. Сөйлей алмаса да бәрі түсінеді..." деп жазады ол.

Ал Nurlan Qabdilhaq есімді қолданушы: "Мүмкін, Астанада ол (орысша уағыз – ред.) өзекті проблема емес шығар. Бірақ солтүстікте мешітке жұма намазға барсаң, имамды тыңдап отырған адамдар аз болады. Себебі, көбінесе қазақ тілін түсінбейтін мұсылмандар жиналған (ішінде орыстар да көп). Осындай адамдарды радикалдық ағымдардан сақтайық десек, уағызды екі тілде өткізу керек" деп жазды.

ҚМДБ өкілі екітілді уағыз жүйесінің толық жүзеге аспағанын ескертті, ал нақты қанша мешітте орыс тілінде уағыз жүргізілетіні туралы дерек жоқ.

Жергілікті діни ұйымның қостілді қоғамның сұранысына жауап беруге талаптануы бір бұл емес. 2010 жылы Қазақстанның православ шіркеуі дәстүрлі түрде орысша айтылып келген уағыздарын қазақша да жүргізіп, брошюралар дайындау туралы жоспарлары барын мәлімдеген.

Ол кезде ҚМДБ православ шіркеуінің бұл бастамасына сақтықпен қарап, оны "дәстүрлі ислам дінін ұстанатын қазақтар үшін қауіпті құбылыс" деп сипаттаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/332691-elimizdegi-meshitterde-oryssha-uagyz-ajtyla-bastady/

pixel