Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ дәрігері қытайлықтарды мойындатты

Жарияланған күні:

Қытайдағы қазақ ғалымы медицинаға киіз үй үлгісіндегі тігіс түрін енгізді. Өкше сүйегіне ота жасау тәсілін арнайы Америкаға барып, патенттеп қайтқан қазақ дәрігері енді өкше тарамысының үзілуін - кәдімгі қазақы қыстырма етікпен, еш пышақ тигізбей емдеу әдісін де ойлап тапқан.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Арбаға таңылған сегіз жасар Талғат - Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының кішкентай тұрғыны. Екі жастан асқанда екінші қабаттан құлап, бас сүйегін жарақаттап алған. Соның салдарынан аяғы мен қолы қисайып, жүре алмай қалған бүлдіршінді емдеуде отандық дәрігерлер дәрменсіздік танытып, емін Қытайдағы қазақ дәрігері тауыпты.

"Қолы мен аяғының сіңірі тартылған. Тартылғанда, аяқ теріс қарай айналып кеткен. Операция жасаттым, соның арқасында жүгіріп жүр. Аяғын теріс қарай, артқа басатын", - дейді  Талғаттың анасы Құралай Жұмабайқызы. 

Талғат Үрімжі қаласында жасалған отадан кейін аяғына тік тұрды. Кеше ғана жүру арман болған бала, бүгін билеп жүр. Қисайып кеткен аяғын Қытайдағы қазақ дәрігері түзеген.

"Әдеттегі сынық емес біздікі. Талқандап сынып кеткен. Сүйегі жоқ. Содан кейін біз сүйекті көшіреміз", - дейді Үрімжі ауруханасының аға дәрігері Жасарат Жәлелұлы. 

Талғат - Жасарат дәрігердің тәжірибесінде жасалған 5000-ға жуық отаның бірінің емі қонған бүлдіршін. Бір түнгі кезекшілігінің өзінде онға жуық ота жасай алатын мүмкіндігі бар Жасарат Жәлелұлы - Қытайдағы білікті қазақ дәрігерлерінің бірі. Бүгінде қазақ ғалымын миллиардтар елі ғана мойындап отырған жоқ, Америкаға да аты шығыпты.

Дәлелі - дәрежесі Ph.D-мен деңгейленген дәрігер. Медицинасының бес мың жылдық тарихы бар Қытай елінің денсаулық саласына тосын жаңалық енгізген дәрігердің емдеу тәсілі ұлттық ерекшелігімен де құнды көрінеді.

Жасарат Жәлелұлы киіз үй формалды тігістің өте пайдалы екенін айтады. Тігіп болғаннан кейін оған гипс қатырмайсың. Қимыл арқылы емделіп кетеді.

Жазылуы тез емдеу тәсілі туралы жаңалығын Америкаға апарып патенттеп қайтқан Қытайдағы қазақ дәрігері бұл емді - киіз үй үлгісіндегі ота жасау әдісі деп ат қойыпты.

Ағылшындарға киіз үй үлгісін - шатыршалы сүйекті жалғау әдісі деп түсіндірген. Қазақ ғалымы медицинаға енгізген екінші жаңалығын - кәдімгі қазақтың қыстырма етігімен байланыстырған.

Яғни, әсіресе, спортшыларда жиі кездесетін өкше тірсегінің үзілуін жалғау әдісін еш отасыз, қазақы етікті кигізу арқылы емдейді.

Және науқас ем алу кезінде басқа отадан кейінгідей төсек тартып жатпайды. Керісінше, үш мезгіл билеу арқылы ем алады екен.

Қазақ ғалымының соңғы жаңалығы - әзірге Қытайда ғана патенттелген. Дәрігер ғылыми жобасын Еуропаға енді апармақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/336715-kazak-derigeri-kytajlyktardy-mojyndatty/