ҚазҰУ-дағы былықты ашқан студентке белгісіз біреу қоқан-лоққы көрсетіп, ескерту жасады
Жарияланған күні:
ҚазҰУ-дың биылғы бітірушісі Әсел Қыдырбай белгісіз біреулер оған қоқан-лоққы көрсетіп жатқанын айтуда. Ол өзі бітірген оқу орнының баспасөз хатшысын сотқа беретінін NUR.KZ тілшісіне мәлімдеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің оқу ақысына қатысты мәселені бірінші болып БАҚ өкілдеріне айтқан студент Әсел Қыдырбай NUR.KZ тілшісіне хабарласып, өзі бітірген оқу орнының баспасөз хатшысын сотқа беретінін айтты.
"Университеттің баспасөз хатшысы БАҚ өкілдеріне "Әсел Қыдырбай осы істе жәбірленуші емес, күдікті ретінде тергеліп жатыр" деген ақпарат беріпті. Бұны қалай түсінеміз? Егер қылмысқа қатысым болса, осылай шағымданып, өзімді ұстап беремін бе? Мен қайта өзімнің таза екенімді дәлелдеп шығу үшін барлық құқықтық органдарға шағым түсіріп, істі толық тергеп-тексерулерін сұрап жүрмін. Тағы да айтарым оқу орнының есепшісі мені 1-ші курс кезімде есебіме ақша салып, өздеріне әкеліп беруімді сұрады. Ал грантқа 2-ші қурста ауыстым. Ол да болса өз күшіммен. Ол университеттің гранты емес. Енді ҚазҰУ-дың баспасөз хатшысының үстінен ІІД-не шағым түсіремін. Неге жалған ақпарат таратады? Бұл деген барып тұрған арандату ғой. Керек десеңіз жүргізіліп жатқан тергеу ісін де шатастырады", - дейді студент.
Сондай-ақ Әсел соңғы кездері бөтен адамдар өзін аңдып жүргенін айтады. Белгісіз біреу жақында ғана жатақханадан пәтерге ауысқан қыздың дүкенге шыққанын аңдып, ескерту айтып кетіпті.
"Үйге көшкеніме көп болған жоқ. Кешкісін есік алдындағы азық-түлік дүкеніне шықтым. Қара джип көлігі тоқтады. Тіпті номері де жоқ. Белгісіз ер кісі, толықтау келген, қасыма келіп "журналистерге барлық жайтты жайғаныңды қоймасаң өміріңе қауіп төнеді. Айтты ғой саған дипломың беріледі деп. Сол жетпейді ме? Түсінген шығарсың. Қоймасаң, қиын болады", - деп кетіп қалды. Бұл маған жасалынып жатқан бірінші қоқан-лоққы емес. Бұған дейін де белгісіз біреулер осылай қорқытқысы келген. Маған осындай қорқытулар жасала беретін болса, ІІД-не университет басшылығының үстінен шағым түсіремін. Солардан басқа осындай адамды маған кім жіберуі мүмкін?", - дейді Әсел.
Ал қазірге уақытша тергеу абақтысына жабылған ҚазҰУ-дың есепшілерінен хабар жоқ. Тергеу жалғасып жатқан кезде ІІД ешқандай ақпарат бермейміз деп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/805992-qazuu-daghy-bylyqty-ashqan-studentke/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.