Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте қымыз бен шұбаттан «эксклюзивті» балмұздақ сатылып жатыр (фото)

Опубликовано:

Шымкенттегі «Ладушки» кондитерлік дүкендер желісі қымыз және шұбаттан эксклюзивті балмұздақ дайындап, сатып жатыр, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Шымкенттік Әлия Тасболатова - Оңтүстік Қазақстан облысында тек қана «Ладушки» кондитерлік дүкендер желісінде дайындалатын қымыз және шұбаттан жасалған балмұздақтың дәмін татып көрген тұрғындардың бірі. Ол бұл балмұздақ туралы әлеуметтік желілерден оқығанын айтады.

«Осыдан жарты жыл бұрын қалада қымыз бен шұбаттан балмұздақ дайындалатынын естідім. Дәмін татып көру үшін арнайы «Ладушкиге» келіп, сатып алдық. Ұнады. Бүгін, міне тағы келіп отырмыз. Балмұздақта қымыз бен шұбаттың дәмі бар. Тәтті, салқын», - дейді ол.

«Ладушки» кондитерлік дүкендер желісінің технологы Наиля Махиянованың айтуынша, қазақтың ұлттық сусындарынан балмұздақ дайындау идеясы осыдан 2 жыл бұрын туған. Идеяның авторы – «Ладушки» кондитерлік дүкендер желісінің ұжымы.

«Қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау біздің желіде әдетке айналған. Әсіресе, «Ладушкидің» тоқашы мен шелпегін сатып алатын тұтынушыларымыз көп. Ұлттық тағамдарға деген сұранысты ескеріп, осыдан 2 жыл бұрын қымыз бен шұбаттан балмұздақ дайындауды қолға алдық. Ал бұл балмұздақты нарыққа шығарғанымызға 1 жылдың көлемі болды», - дейді Наиля Махиянова.

Наиля Махиянова «Ладушкиде» ондаған балмұздақтың түрі бар екенін, алайда қымыз бен шұбаттан дайындалған балмұздаққа деген сұраныс соңғы кезде артқанын айтады.

«Кейде, тұрақты тұтынушыларымызға қымыз бен шұбаттан дайындалған балмұздақтың дәмін көруді ұсынамыз. Неден жасалғанын сұраймыз. Олар бірден балмұздақта қымыз бен шұбаттың дәмі бар екенін айтады. Меніңше, қымыз бен шұбат – қазақ ұлттының мақтанышы. Біз балмұздақты қазақтың ұлттық сусындарынан, көпшілік жақсы көріп ішетін сусынынан жасап жатырмыз. Оған қоса қымыз бен шұбаттың адам ағзасына пайдасы аса зор екенін де ескердік», - дейді технолог.

Балмұздақ құрамының 35 пайызы қаймақ, 43-45 пайызы қымыз немесе шұбат, дайындау кезінде қант ұнтағы мен жұмыртқаның ағы да қосылады. Кондитерлер балмұздақты дайындау барысында ешбір консервант қолданылмайды екен.

«Ладушки» кондитерлік дүкендер желісінің бірі «Усадьбада» оннан аса балмұздақтың түрін сатып тұрған Арайлымның айтуынша, балмұздақтың түрі көп болғанымен соңғы кезде шұбат және қымыздан жасалған балмұздақты сұраушылар көбейген.

«Көріп тұрсыздар, бізде балмұздақтың түр-түрі бар. Жеміс-жидек қосылған балмұздақтың кез-келген түрін кездестіруге болады. Бірақ, эксклюзив болғандықтан ба қымыз бен шұбат қосылған балмұздақты сұраушылар көбеюде. Мысалы, бізде күніне осы балмұздақтың 2-3 табағы сатылады», - дейді Арайлым.

Қазақтың ұлттық сусындары қымыз бен шұбаттан дайындалған балмұздақтың сақталу мерзімі бір ай, келісі «Ладушкидің» қаладағы бес сауда нүктесінде 1980 теңгеден сатылып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/813943-shymkentte-qymyz-ben-shubattan-eksklyu/

pixel