Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандағы трансплантациялау: өмірдің құны - бір бүйрек (фото)

Опубликовано:

Қазақстандықтар арасында өзінің ағзасын саудалайтындар көбейіп кеткен. Олар қиын жағдайда қалғанын айта отырып, бір бүйрегін, бауырының бір бөлігін сатып алуды сұрайды екен.

Бұл жөнінде NUR.KZ тілшісіне Александр Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлері хабарлады.

Дәрігерлер жоғарыдағыдай өтініштердің жиі түсетінін айтады. Тіпті кей азаматтар донор іздеген кісілермен байланыстыруды сұрайды екен.

Алайда ақ халаттылар азаматтарға бұл заңға қайшы әрекет екенін түсіндіре отырып, шығарып салады екен. Аталмыш орталықта қазір бүйрек, бауыр, жүрек трансплантациясы қарқынды дамып келе жатыр деп айтуға болады. Дәрігерлер Қазақстан аумағында отаның осындай түріне мұқтаждар көп екенін айтқанымен, донорды табу қиын деп отыр.

Мәйіттік донорлардың ағзасы тапшылығына байланысты елімізде көп жағдайда бүйрек, бауыр трансплантациясына науқастардың туыстары донор болады екен.

Осы орталықта Алматы облысының тұрғыны Айдарова Толқынның бауырына трансплантация жасағанына екі апта болыпты.

"Бауыр трансплантациясы отасынан кейін қазір өзімді жақсы сезінемін. Ауырып жүргеніме бірнеше жыл болды, тұрғылықты жерде және осы Алматы қаласында гастроэнтеролог-гепатологтардың қарамағында дәрі-дәрмектермен емделдім. Нақты ауруымның диагнозын анықтай алмай біраз жүріп қалдым. Бір жыл бұрын осы орталықта диагностикалық биопсия жасап (инемен бауырдың тіндерін алу арқылы), дертіме нақты диагноз қойылған болатын. Кейінгі кезде ауруым асқынып, жағдайым күрт өзгеріп кетті. Консервативті ем тиісті нәтижесін бермегендіктен, дәрігерлерім трансплантация жасау керек, одан басқа радикалды емі жоқ екенін айтып, осы орталыққа нұсқау берді. Тексеру барысында ағайын-туыстарымның арасында денсаулығына байланысты маған сәйкес келетін донор болмады. Сол себептен, осы орталықта "Күтү парағы" тізімінде сегіз айдан бері күтіп жүрдім. Жақында ғана маған сәйкес келетін "мәйітті" донор табылды. Бауыр трансплантация отасы сәтті өтті. Міне соның арқасында денсаулығым жақсарып келеді деп айта аламын", - дейді 23 жастағы Толқын.

"Ауырып жүргеніме екі жылдай болды, алғашқыда өт калтасының тасына байланыста тұрғылықты жерде ота жасатқанмын. Сол кезде дәрігерлер бауырымда бір өзгерістер бар екенін және цирроздың белгілері бар екенін айтқан болатын. Мән бермей біраз жүріп алдым. Арада аз уақыт өткеннен кейін аяқ-қолым, ішім ісініп кететін болды. Сол кезде Тараз каласының гепатология орталығындағы дәрігерлерлерінің кеңесін алдым. Тиісті нәтиже болмаған соң, дәрігердің нұсқауларынан өттім. Маған "созылмалы вирусты гепатит "В" салдарынан дамыған бауыр циррозы" деген дерт қойды. Бауыр циррозының соңғы сатысы болғандықтан маған бауыр алмастыру отасын жасау керек екенін айтып, Алматыдағы Ұлтық ғылыми хирургия орталығына жіберді. Қазір осы орталықта бауырыма трансплантация жасағаннан кейін жағдайым күн санап жақсарып келеді", - дейді 35 жастағы Дүйсенбаева Айгүл.

Садырова Сахибам есімді 44 жастағы Алматы қаласының тұрғыны бауырына трансплантация жасатуға дайындалып жатыр. Айтуы бойынша, бірнеше жылдан бері ауруына ем таба алмай жүрген келіншектің дертіне жақында ғана нақты диагноз қойылған. Оған туған әпкесі Ужахрам донор болмақшы.

"Мен осындай тәжірибелі дәрігерлердің арқасында сауығып кетемін деп сенемін. Құдай қаласа, отбасыма аман-есен ораламын. Жақсылық күтемін", - дейді келіншек.

Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының бауыр хирургиясы және трансплантация бөлімінің меңгерушісі Данияр Тоқсанбаев елімізде бауырына трансплантацияны қажет ететін науқастардың саны өте көп екенін айтады.

"Бізде бауырға трансплантация алғаш рет 2011 жылы жасалды. Осы уақытқа дейін жүзге жуық адамға бауыр трансплантациясы жасалды деп айта аламын. Ең ауыр және күрделі оталардың бірі, осы бауыр трансплантациясы болып саналады. Операция ұзақтығы әртүрлі. Орта есеппен 8-10 сағатқа созылады. Бізде ең ұзақ уақытқа созылған операция кезі 26 сағат болған. Себебі бауырды байланыстыратын майда қантамырлар мен өт жолдары сияқты жалғауды қажет ететін мүшелер өте көп. Көп жағдайда науқастардың туыстары донор болып жатады. Қазір еліміз бойынша бауыр транспалнатциясын қажет ететін науқастар өте көп. Және оны жасайтын материалдық-техникалық жағдай мен тәжірибелі мамандар да жеткілікті. Тек осы донор табу қиынның қиыны. Сол үшін азаматтар арасында донор болуды насихаттау жұмыстары көптеп жүргізілсе деген тілегім бар", - дейді дәрігер Орынгүл Нарманова.

Турмашов Көшкенбай есімді азаматтың бір бүйрегі жарамай қалғанына үш жылдан асқан. Ауылында жасанды аппарат арқылы қан айналымын күшейтіп келу үшін екі сағаттық жерге қатынайды екен. Әкесі Дүйсенбай бауыр еті баласына бір бүйрегін беруге келіскенімен, дәрігерлер "жарамайды" деген. "Әкесінің  бүйрегін алар болсақ, өзі мүгедек болып қалуы мүмкін" депті. Енді Көшкенбайға бір бүйрегін беру үшін Қызылордадағы ағасы келе жатыр екен.

Асанов Алға есімді азаматтың бүйрегі  6 жылдан бері  ауырыпты. Үш баланың әкесін тіпті осы дертіне байланысты әйелі де тастап кеткен. Шымкент қаласының тұрғыны өзі сияқты науқастардың ем қабылдаудағы шығындарын сұрап білген кезде "өлетін шығармын, ондай қаржыны қайдан табамын" деп ойлағанын да жасырмады.

"Жасанды бүйрек аппаратына қатынап алты жыл жүрдім. Үш баламды науқастығыма байланысты өкіметтен берілетін 30000 теңгемен асыраймын.  Жұрт айтқан 400-500 мыңды жәй ғана тексерілуге қайдан табамын деп ойлап жүр едім. Туған-туыстарға донор болшы деп айтуға да ұялады екенсің.  Дәрігерлерге келіп, жағдайымды түсіндірдім. Содан біраз уақыт өткеннен кейін өздері маған сай келетін бүйрек (қайтыс болған азаматтың бүйрегі) табылғанын хабарлады. Жолыма дейін төлеп берді. Балаларымның қуанышына қарай бір аптадан кейін отбасыма ораламын", - дейді Алға Асанов.

Қазір қасында үлкен қызы Назерке әкесіне керегін тауып беріп, күтімін жасап жүр.

56 Жастағы Жұмабек Сәткейовке жан жары Гүлнар Сейілханова бір бүйрегін беріпті. Қазір екеуінің де жағдайы жақсы. Үш баланың ата-анасы жақын күндері үйлеріне қайтуды жоспарлап жатыр. Дәрігерлер екеуіне де денсаулықтарына күтім керектігін айтып, белгілі дәрілерді қабылдау уақытын бұзбауды тапсырып жатыр.

"Елімізде алғаш осы бүйрекке трансплантация жасалған. Қазір осы бөлім бойынша өзіміздің білікті мамандарымыз жеткілікті деп айта аламын. Бір адамның ағзасын екінші кісіге ауыстыру үшін бірнеше бригада жұмыла жұмыс істейміз. Ол үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Екі адамның өміріне бірдей жауапты боламыз. Донор болған адамға да отадан кейін үлкен күтім керек. Ал трансплантациядан кейінгі науқастың өмірі өз қолында. Себебі күтім болмаса, отаның нәтижесін бірнеше айда ғана жоққа шығаруға болады. Әрине алдын ала науқастың отбасымен осы мәселелерді талқылап, түсіндіріп өтеміз. Бүйрек трансплантациясы бойынша да донор тапшылығы бар. Біздің азаматтар да өмірден өткеннен кейін өз ішкі құрлыстарын мұқтаж адамдарға беру туралы алдын ала хат жазып, рұқсатын беруге әдеттенсе деп ойлаймын", - дейді бүйрек трансплантациясы бойынша дәрігер Әлібек Балабеков.

Қазірге осы ғылыми орталықта  жүрек трансплантациясы бойынша бір ота жасалған. Дәрігерлер алдағы уақытта жүрек трансплантациясын дамытуды қолға алғалы отырғандарын айтады.

Бүйрек трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі Орынгүл Жақсыбайқызы Нарманова әр түрлі деңгейдегі  науқастарды соңғы кездері аудан-ауылдарды аралап жүріп емдеуге өзі жеткізіп жүр. Мысалы бүйрек трансплантациясындағы емделушілердің барлығы дерлік алдымен осы кісінің кеңесінен өтеді.

"Қазір емделіп жатқан қызылордалық жігітті өзі тұратын ауылға барып ертіп келдік. Осы күнге дейін күннің ыстығы мен суығына қарамай, алыс жердегі жасанды бүйрек аппаратына қатынап аман жүрген. Енді тез арада ота жасауды жоспарлап отырмыз. Әрине, бауырлары тексеруден өтіп жатыр. Мәйітті донор табылып қалса да жақсы болар еді. Бізде емдеуде мәселе жоқ. Тек азаматтар донор болуға ынталы болса екен. Ал донор мен трансплантация жасалған кісі үлкен отадан кейін жақсылап күтінуі керек. Қарауымыздағы кісілерді, бар отбасын психологпен жолықтырып алдын ала әбден дайындаймыз», - дейді.

NUR.KZ интернет-порталы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мен Бүйрек трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі Орынгүл Жақсыбайқызы Нармановаға осы материалды даярлау кезінде көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/823886-qazaqstanda-trnasplantaciyalau-otsay/

pixel