Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда "халал той" өткізу сәнге айналуда

Опубликовано:

Елімізде дастарханға ішімдік қоймауымен ерекшеленетін "халал той" өткізу сәнге айналуда.

Бұл туралы "Радиоточкаға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Кейбірі бұл жақсы бастама деген пікірде болса, өзгелер мұндай той ішті пыстырады деп санайды.

Мамандар "халал тойдың" екі түрге бөлінетінін айтуда. Біріншісінде той бағдарламасы шариғатқа сәйкес өткізіледі. Той екі залда өтеді. Әйелдерге арналған залда әйел тамада, ал ерлерге арналған залда ер тамада тойды жүргізеді.

Тойдың екінші нұсқасы дәстүрлі тойға жақын келеді. Онда ер кісілер мен әйелдер бірге отырғызылып, би мен әнге де тыйым салынбайды. Алайда той ішімдіксіз өтеді.

Тойда ішімдіктің орнына қымыз, шұбат ұсынуды бір тарап дұрыс санаса, өзгелері ішімдіксіз қонақтар дұрыс көңіл көтере алмайды деген ойда.

"Менің ата-аналарым көңіл көтергенді ұнатады. Тойға келетін олардың достарына көңілді кеш ұйымдастырғым келеді. Адамдар ішімдіксіз өздерін еркін ұстай алмайды. Ал аздап ұрттаса, көңілдері де көтеріңкі болады", - дейді Эльвира есімді тұрғын.

Ал 10 жыл бойы асабалық еткен тамада Алмаз Байырбеков соңғы 5 жылда көпшілік "халал тойға" бет бұрғанын алға тартты.

"Мен бұған разымын. Себебі мұндай тойлар жоғары деңгейде өтеді. Мас, ессіз адамдар болмайды. "Халал тойлар" көбейген сайын ішімдікке салынған жастар саны да азаяды", - деп санайды Алмаз.

Ал кей той ұйымдастырушылары кешті тоссыз өткізуге көшкен. Қазақстандық этнограф Ахмет Тоқтабайдың сөзіне сенсек, қазақ тойы ертеректе дәстүрге сай тоссыз әрі ішімдіксіз өткізілген.

"Қазақ тойларында тост айту дәстүрі болмаған. Бұл бізге кавказдардан келді. Қазіргі тойлар болса, жиынға ұқсап кеткен. Бұрын той ұйымдастырушылары ғана болған, ал қазір тамада деген қосылып, той бизнеске айналып кетті. Тойлар тамадасыз-ақ көңілді өткізілетін", - дейді Ахмет.

Ал ақын Надежда Лушникова болса, тойда ескі дәстүрлерді жаңғыртса жақсы болар еді деген пікірде.

"Тойда күрес ұйымдастырып, ақындарды шақырса, "Алтыбақан" орнатып, көбірек әндер айтса, бәйге мен қыз қууды жаңғыртса қызықтырақ болар еді. Ал бүгінде бәрі мейрамханада отырып, тамақ ішіп, билеп қана қайтады", - дейді ақын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/847778-qazaqstanda-khalal-toy-otkizu-sange-ay/

pixel