Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алладан перзент сұрап келетін ОҚО-дағы киелі үңгір туралы не білеміз? (фото)

Жарияланған күні:

Оңтүстік Қазақстан облысында қатпар-қатпар тарихы бар, талай сырды ішіне бүккен киелі мекендер көп-ақ. Солардың бірі – Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» үңгірі. Ел аузында киелі аталып кеткен үңгірдің қасиетімен  NUR.KZ тілшісі танысып қайтқан еді.

Бұл үңгір Шымкенттен шамамен 70-80 шақырым жерде орналасқан. Тақтайдай теп-тегіс жолмен 1,5 сағатта-ақ жетіп барасыз.

Ақмешіт үңгіріне Алладан перзент сұрап немесе қиындықтан шығудың жолын тілеп күніне жүздеген зиярат етуші келеді.

Әктасты тау жыныстары қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгірдің ұзындығы – 120 метр, ені – 60-80 метр, биіктігі шамамен – 35 метр, төбесі күмбез іспетті. Ал 60-70 жыл бұрын «Ақмешіт» үңгірінің ұзындығы – 200 метрдей болған екен. 1966 жылы Ташкентте болған ірі жел сілкінісінің әсерінен біршама шөккен дейді көзкөргендер. Сондай-ақ, о кезде үңгір ішінде жабайы жүзім мен бүлдірген самсап тұрған екен.

«Ақмешіт» үңгірі жайлы аңыз әңгімелер көп. Соның бірі Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, жауға қарсы жорыққа дайындалып жатқанда нөсер төпелейді. Сонда ол 10 мыңнан астам сарбазымен үңгірге түсіп, бәрі бірдей қатарласып, таңғы намазға жығылған екен.

Кейін жауынгерлердің бірі: «Бұл үңгірді Есіркеп немесе Қойкелді деп атайық» деп ұсыныс тастайды. Сонда батыр қарсылық білдіріп, «Бұл үңгір Қаратаудың қасиет дарыған етегі ғой, 10 мыңнан астам адам мен астымыздағы аттарымызды жаңбырдан қорғаштады, таңғы намазымызды оқуға жағдай жасады, бәріміз бір жерде сәждеге жығылдық, тастары да аппақ күйінде ғажап әсер сыйлады, киелігі де осында шығар, бұл жерді енді «Ақмешіт» деп атайық» деген көрінеді.

Содан бері бұл қасиетті жер «Ақмешіт» үңгірі аталып кетіпті.

Тағы бір аңызда бұл жер жыланның ордасына айналып, айдаһар мекендеген дейді. Қараша халықтың төрт түлігіне тыныштық бермесе керек. Әбден ызаланған халық Ақмешіт әулиеге келіп «ілім-біліміңнің күшімен айдаһарды байлап, матап тасташы» деген өтініш айтады. Сонда Ақмешіт әулие «айдаһарды бағындыруға күшім жетеді ғой, бірақ ұрпақсыз өтем бе?» деп қамығыпты. Кейін қара басын емес, елінің қамын күйттеп, айдаһарды ілімінің күшімен бағындырған деседі. Сол Ақмешіт әулие өмірден озарында денесін осы үңгірдің ішіне жерлеуді аманаттайды. Айтқанындай оны осында арулап көмген, – дейді.

Сондай-ақ, бұл үңгірде Түркістандағы Ахмет Яссауи, Отырардағы Арыстанбаб, тіпті сонау Маңғыстау жеріндегі Бекет ата кесенесіне апаратын жер асты жолы болғаны да айтылады. Тізе берсек, үңгір жайлы аңыз-әпсана жетіп артылады. Қазір мұнда алыстан ат арылтып келетіндердің қатары бір сәт те толастаған емес. «Бұл жер перзент сұрағандарға – перзент, шаршап келгендерге – дем, шын ниеттеніп келгендердің ниетін қабыл ететін киелі жер. Сондай-ақ тіл, көз, дуаны сылып тастайды, – дейді шырақшы Асқар Рүстембекұлы.

1997 жылдан бері «Ақмешіттің» шырақшысы атанған Асқар ақсақал үңгірдің төрдегі мүйісінде Сүлеймен пайғамбардың анасы жерленгенін айтады.

Аңыз бойынша, Сүлеймен пайғамбар анасының мәйітін адам аяғы баспасын, деп осында жерлеген. Кейін обаның үстіне үңгірдің алып қабырға-тасы құлап басып қалған.

Айтқандай, үңгірдің оң жақ қабырғасында жоғары қарай қиғаштай салынған, ұзындығы 7-8 метрдей жырық бар. Сонымен адамдар еңбектей көтеріліп, жырықтың басында адам еркін сыйып кететін ойыққа отырып, Алладан тілек тілейді.

Жол соғып, шаршап келген адам соған көтеріліп түскеннен кейін өзін сергек сезінеді.

Оңтүстікке жол түссе ғажайып аңыздарға толы, тылсымы мол үңгірге соғыңыз.

Фото және мәтін авторы: Әйгерім Бегімбет

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/866165-alladan-perzent-surap-keletin-shymken/