Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жынысын өзгерткен соң жұмыстан қуылған полицей бала асырап алмақшы

Опубликовано:

Қазақстанда жынысын ауыстырған полицейдің оқиғасы көпшілікті дүр сілкіндірді. Өзіне ота жасатқан соң оны басшылық жұмыстан қуған.

Жұмыстан қуылғасын сотқа жүгінген Арман (есімі өзгертілді) қызметіне қайтып орала алмады. Алайда жынысын ер кісіге ауыстырған әйел мұнымен тоқтауға ниетті емес екенін NUR.KZ тілшісіне жеткізді. Ол алдағы жоспарларымен де бөліскен.

Мен қашан да өзімді ер кісі сезінетінмін…

Арман тәрбиелі отбасында дүниеге келіп, қарапайым мектепте білім алған. Ол бала кезінен өзінің әйел еместігін сезінгенін айтуда.

"Төрт жасымда мен өзімді ер бала сезініп жүрдім. Маған көйлек кигізген сайын жылайтынмын. 11 жыл мектепте ұлдардың ортасында жүріп, бокспен әуестендім. Ата-анам мұнымды құптамайтын. Ешкім менің не себепті ұлдарша киініп, шашымды қысқа етіп қырқатынымды сұрамайтын. Мектепті бітіргенде ата-анам менің филфакқа түскенімді қалады. Бірақ мен әскери адам немесе заңгер болуды армандайтынмын. Жақындарым менің оғаштығыма мән бермейтін. Университетте ұл немесе қыз екенімді ажырата алмайтын. Көбі мені лесбиянка деп мазақ ететін. Маған әжетханаға барудың өзі қиындықтар тудыратын", - деп сөзін бастады Арман.

Арман бойжектендерге қызығушылық таныта бастағанда өзінің трансгендер екенін бір-ақ түсінген.

"Мен жігіттерге емес, бойжеткендерге қызығатынымды ұққанда өзгелерге ұқсамайтынымды түсіндім. Ата-анам тұрмысқа шығуым керектігін жиі айта бастады. Ал мен ер кісімен тұра алмайтынымды анық сездім. Тығырыққа тірелгенімді түсінген сайын өзіме қол салғым келетін. Алайда ата-анамды ойлап, өзімді тоқтататынмын", - деп жалғастырды бұрынғы полицей.

«Бізді мазақ ететін болды»

Университетті бітірген Арман 2005 жылы құқық қорғау органдарына жұмысқа тұрады.

"Мен көп ұзамай Алматы қаласы ІІД-нің Орталық жедел басқармасына аға оператор қызметіне тұрдым.  Оператор тәулігіне 700 қоңырауды қабылдайды. Бұл өте ауыр жұмыс. Бір күні подполковник маған «Бізді мазақ ететін болды» деген еді. Полицейлер арын ұмытып, пара алғаны, жұмысын дұрыс атқара алмағаны деген нағыз масқара. Ал менің өз қалауымша өмір сүруге талпынуымды қалайша мазақ деп қабылдайды? Мен жақсы маман болатынмын. Басшылық менің ерекшелігімді қабылдай алмағаны маған ауыр тиді", - дейді Арман.

Квотаны маған президент бөлді

Арман квотаны жарты жыл бойы күткенін айтты.

"Оған дейін мен 5 жыл бойы президентпен хат алмастым. Мен қашан да президентке түрлі мәселелерді айтып, өз ұсыныстарымды жасап отыратынмын. Ал 2013 жылы мен өз жеке басымдағы мәселені 4 бетке жазып, президентке жібердім. Басқа амалым болмады. Мені мемлекет басшысы түсінбесе қайтемін деген алаңдаушылықтар болды. Алайда президент дана адам болып шықты. Ол кез келген азаматтың өмірі елге қымбат екенін айтты. Менің басшылығым мұны түсіне қоймағаны өкінішті", - деп назын білдірді Арман.

"Бір айдан соң жауап келіп, мен үшін Қазақстандағы урологиялық орталықтан квота бөлінетіні айтылды. Мен сонда барып, екі ай бойы психологтарға қаралдым. 2014 жылы бәрі дайын болып, Ресейден келген оташы маған ота жасады. Ол маған өз терімнен 30 сантиметрін кесіп алып, аяғымнан тамырларымды алып, мүше жасап берді. Ота 9 сағат бойы жасалды. 10 күн жансақтау бөлімінде жаттым. Тағы бір ай емханада оңалдым. Бәрі сәтті өтіп, денем жаңа мүшені қабылдай алды", - дейді ол.

Арман отаға өз қалтасынан төлеген. Себебі квота тек стационарда жатқаны үшін шығындарды өтейтін. Сол себепті ол несие алып, ота басталғанға дейін бес ай бойы гормоналдық дәрілер қабылдай бастаған.

"Мен ол дәрілерді әлі күнге дейін ішіп келемін. Денем тек 3-4 айдан кейін өз қалпына түседі. Жынысын ауыстырғандар 15-20 жыл ғана өмір сүреді дейді. Бірақ мен бұған сенбеймін. Тіпті солай болғанның өзінде, қалған 15-20 жылымды бақытты өмір сүретінімді ойлап, ештеңеге өкінбеймін. Таиландта жыныс ауыстыру бизнес болса, мен үшін бұл бизнес емес өмірге айналды", - дейді Арман.

Анам менен бас тартты

Отадан кейін Арманның ата-анасы бұл жаңалықты қабылдай қоймаған.

"Отбасым менен теріс айналды. Анам басында ота сәтті болмайды деп алаңдады. Қазір оған менің ендігі ер кісі екенімді қабылдауға уақыт керек. Мен оның денсаулығы үшін алаңдаулымын. Қашан да қиындықта қастарында болған достарымның 99%-ы қазір менімен сөйлеспейтін болды. Әріптестерім де теріс айналған. Мен оларға еш ренжімеймін", - деп ағынан жарылды Арман.

Заңнаманы өзгертудің кезі келді

Жеке куәлік ала алмай жүргеніне 4 ай болған Арман ЖСН-ді жынысына лайық етіп өзгертпейтініне қапалы.

"Заңда ЖСН-ды ауыстыру қарастырылмаған. Мен куәлікті ауыстырғаныммен ЖСН өзгеріссіз қалады. Яғни банкке барғанымда жүйе менің жынысым әйел екенін көрсетіп тұрады. Бұл дегенің қорлық қой. «Қараңыздар, мен трансгендермін!» деген жазбаны іліп алумен тең. Заңнаманы өзгерту керек", - дейді ол.

Жұмыстан қуылу

Арман жұмыстан шығуға өзін мәжбүр еткенін алға тартты.

"Мені өз қалауыммен жұмыстан кетті деп шығарды. Алайда мені бұған мәжбүр еткендерін дәлелдей алдым. 2015 жылдың 26 қаңтарында отадан кейін жұмысқа келгенімде, маған жұмыстан өз еркіммен кететінімді растайтын қағазды толтыруға бұйырды. Мен бас тартып едім, подполковник менің одан әрі қызметке жарамсыз екенімді айтты. Жұмыстан қуылғанымды дәлелдейтін құжаттарым болғанымен, сотта жеңіліп қалдым. Олар жоғарғы сотты да сатып алатынына сенімді болдым. Телефонымды жасырын тыңдап, ізімді аңдығандарын да жақсы білемін. Менің жалғыз қалауым - жұмысыма қайтып оралу", - деп сөзін жалғастырды Арман.

Менің арманым

Арман жынысын ауыстырғанын күнә деп санайтындар да барын жасырмады.

"Менің қадамымды күнә жасау деп санайтындар баршылық. Бірақ шын мәнісінде ненің күнә екенін ешкім білмейді. Сол себепті, олай деулеріне құқықтары жоқ. Меніңше өзіңді, өзгелерді алдап өмір сүру дұрыс емес", - дейді ол.

"Мені түсініп, қол ұшын беретін фирма да табылды. Еуропаның Freedom House фирмасы әр ай сайын маған қорғаушымның және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге қаражат бөліп отырады. Олар маған көмек көрсетуде. Қорғаушым Жанар Балғабаева да түсінігі мол жан болып шықты. Мен бала асырап алуды армандаймын. Балалар үйін ашқым келеді. Адвокат болып, қарапайым адамдардың құқықтарын тегін қорғағым келеді. Бұл армандарым орындалатынына сенімдімін", - деп сөзін түйіндеді Арман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/884647-zhynysyn-ozgertkennen-keyin-zhumystan/

pixel