Астанада бір үйдің 6 баласы мектепке бармай, аядай бөлмеде оқып жатыр
Жарияланған күні:
Астанада бір үйдің алты баласы мектепке бармай отыр. Жаз айында биліктен баспана сұрап наразылық шарасын өткізген алтын алқалы ана сәбилерін амалсыздан өзі оқытып жатыр.
Өйткені, жағдайы қиын басының зарына елордалық шенділер құлақ түрмеген. Ал 8 баланы асырауы тиіс отағасының құлағы естімейді, сөйлей алмайтын мүгедек.
Қытайдан 2004 жылы қоныс аударып, Астанаға ауылдан жан бағу үшін көшіп келген оралмандардың отбасындағы бұл алты бала биыл ел қатарлы сөмке ұстап мектепке барып, сыныптарымен бірге партаға отырған жоқ.
Ұлағат, Айдидар, Мұхаммед, Сайыпқыран және Меруерт пен Алмасты мұғалім емес, жарымжан аналары оқытады. Есі кірген үлкендері кішілеріне білгенін үйретіп, аядай бөлмедегі жалғыз үстелді сыныпқа айналдырып алған.
Ал мектеп жасына жетпеген екі жасар Байтайлақ қана қаперсіз ұйықтап жатты. 8 перзенті үшін шырылдаған аналары Жеңісгүл Ермұханбетқызы билік баспана бермейінше, ұл-қыздарымды мектепке жібермеймін деп өкпелі.
"Бармайды, түрмеге қамасын. Құраннан үлкен кітап жоқ. Бір бөлмеде мынадай жатқанша, әрең тұрып жатыр. Ақылға салып ойлау керек қой. Заң заң дейді", - дейді ашынған ана Жеңісгүл Ермұхамбетқызы.
Ал, үйдегі отағасы Мұхамеди Шән атажұртқа көшіп келген жылдары қатты ауырып, құлағы естімей, сөйлей алмайтын болып қалған, екінші топ мүгедегі. Алтын алқалы ананың өзі де жұмысқа жарамсыз, басына ота жасатқаннан кейін жарымжан жандар қатарында.
Жалдап тұрған пәтерлері сүріліп кеткен отбасы Ақорда алдындағы наразылықтан соң елорда шенділері уақытша тұруға берген жатақхананың бір бөлмесінде тұрып жатыр. Алайда, әкімдік екі бөлмелі пәтер береміз деген уәделерінде тұрмады дейді.
"Бес күн жатасыздар деген 1 ай болды", - дейді Жеңісгүл.
Аналарының уайымына үйренген кішкентай сәбилер болса, бала боп шаттануды ұмытқан, кішілері еркеліктің не екенін білмейді. Үлкен ағалар бізге үй берсе ғана мектепке барамыз деген бүлдіршіндердің армандары да өзгеше.
"Мен мектепке барғым келеді, басқалар сияқты апайлардың қасында жүргім келеді", - дейді 2-сынып оқушысы Меруерт Мұхамеди.
Астанада пәтер кезегіне тұра алмай жүрген оралман отбасы қазір мүгедектігі мен "Алтын алқа" иесіне берілетін жәрдемақы 60 мың теңгеге күн көріп отыр. Ал шенділер үй беру мәселесінің қазір шешілмейтінін кесіп айтып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/885838-astanada-bir-uydinh-6-balasy-mektepke-ba/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.