Алматы әуежайында 1 дана құртты 1200 теңгеге сатып алған тұрғын есеңгіреп қалды (фото)
Жарияланған күні:
Алматы әуежайындағы шарықтап тұрған баға жұртты таңғалдыруын әлі тоқтатар емес. Мәселен 1 дана құрт - 1200 теңге тұрады. Тіпті әуежай басшысының өзі тамақ сататын кәсіпкерлердің алдында қауқарсыз екенін мойындады.
Айбол Бекмұханбетовтің сөзінше, тауардың бағасын шарықтатып отырғанның барлығы - жеке кәсіпкерлер. Олардың сауда жасайтын аумағы әуежайдың қарамағына кірмейді екен. Сондықтан да «бизнесмендерден бағаны төмендетуді сұрағанымызбен міндеттей алмаймыз. Тіпті олар бізге бағынбайды» деді ол. Ал бір үзім бәліш пен 500 грамм су үшін қымбат құн сұрайтын дүкендерді жолаушылар әшкере еткен дау-дамайдан соң да кәсіпкерлер бағаны түсірмеген. Мұнда әлі күнге дейін тамақтың бағасы аспандап тұр. Назарларыңызға NUR.KZ тілшілері түсірген фотоларды ұсынамыз.
Онда 1 дана құрт -1200 теңге, 0,3 л сусын - 700 теңге, 1 дана круассан - 900 теңге, 1 дана дирол сағызы - 500 теңге, 1 дана чупа-чупс кәмпиті - 600 теңгеден жоғары тұрады. Бұл біз көрген ішкі рейс аумағындағы дәмханалардың бағасы. Жолаушылардың сөзінше, халықаралық терминалдағы барларда тамақ құны бұдан да жоғары.
"Аптасына екі рет ел аумағына әуе рейстерімен ұшатын Әлібек Сәрсенбаев болса, «әуежайдың іші шектен шыққан былық» дейді. Жолаушының сөзінше, барлық жерде 1 кесе қара судың құны 500 теңгеден жоғары.
«Кейде рейстер кешігеді, су ішкің келеді. Қарның ашып бір зат алып жей қояйын десең, мүмкін емес. Барлығы қымбат. Қайдан алған мұндай бағаны. Брендті дүкендерден 10 есе артық қойған. Не сұмдық?", - деп ренішін білдірді жолаушы.
Әуежайдағы тамаққа қатысты тартыстың бұл алғашқысы емес. Бұған дейін де самсаны 1500 теңгеге сатқан дүкен қызметкерінің қылығы экс-әкім Есімовтің құлағына жетіп, шаһар басшысы құзырлы орган біткеннің барлығына әуе қақпасын бастан-аяқ тексеруді тапсырған болатын.
2 ай бойы тексеру жүргізген Түрксіб аудандық кіріс басқармасы әуежайда орналасқан кәсіпкерлердің біразы тәртіп бұзған дейді.
Олар сатқан тауарларына кассалық апараттан түбіртек ұрмай, саудаға қатысты есеп кітабын жүргізбегені үшін ескертумен ғана шектелген. Ал мына жаңа дауға қатысты тексеру жүргізбейтіндігін айтып отыр. Себебі жеке кәсіпкерді тексеру үшін тұрғындардан шағым түсуі қажет немесе кіріс комитетінен арнайы тапсырма болуы қажеттігін алға тартты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/915997-almaty-auezhayyndaghy-1-dana-qurtty-1200-tenh/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.