Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанның экс-премьері несімен ел есінде қалды?

Опубликовано:

Мемлекеттік кіріс және қаржы экс-министрі Зейнолла Кәкімжанов өз Facebook парақшасында Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Нұрлан Балғымбаевқа қатысты естеліктерімен бөлісті.

1999 жылдан бері Балғымбаевпен жақын араласып келген Кәкімжанов оның қашан да өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарағанын есіне алды.

"Ол кездері мен Мемлекеттік кіріс министрі едім. Дағдарыс кезі болатын. Инфляция 10-даған пайызға жетті... Біз күн сайын таңғы 9:00-да кездесіп, кіріс болжамдарын және оны көтерудің жолдарын талқылайтынбыз. Ол жылдары біздің барлық ұсыныстарымызды президент пен премьер-министр мақұлдап отырды... Бәрін тез арада атқарып отырғанның арқасында дағдарыстан тез шықтық", - деп жазған Кәкімжанов.

"1999 жылы сәуірде мінсіз девальвация жүргізілді. Оның барлық пунктерін президент мақұлдады. Нұрлан Өтепұлы барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, телеарнада мәлімдеме жасады. Ол адамдарға жағдайды жақсылап түсіндіріп, себептерін, шаралар мен салдарын айтып берді. Салдары қиын болуы әбден мүмкін еді. Себебі валюталық қор дағдарыс кезінде бар-жоғы 150 млн долларды құрады. Біз теңге бағамын бақылаудан шығарып алып, барлық қордан айырылып қалудың үстінде тұрдық. Бірақ бәрі ойдағыдай сәтті өтті. Төрт күн бойы барлық шара жүзеге асып, нарық тұрақтанды, экономиканың дамуына жағдай жасалды", - дейді  Зейнолла Кәкімжанов.

Кәкімжанов Балғымбаевтың премьер болған жылдары қатты қобалжығаны денсаулығына әсер етті деп санайды.

"Тым қатты қобалжу денсаулыққа әсер ететінін білеміз. Оның премьер болған жылдары өмірінің ең ауыр кезеңі екенін мен жақсы білемін... Нұрлан Өтепұлы өзінің сырқаты жайлы бір жыл бұрын естіді. Бәрі сәтті өтеді деген үміт болды. Алайда бес ай бұрын оның халі нашарлап, өмір үшін күреске түсті. Ағымдағы жылдың 4 тамызында түскен фотода ол Түркияда ем алып жатқан еді. Мен оның жағдайын біліп қайтуға бардым. Ол өлім туралы көп айтты. Ол уақытының санаулы екенін білді. Өзін өте сабырлы ұстады. Кетерде бірге фотоға түсуімізді сұрадым. Екеуіміз де бұл фото соңғы екенін түсініп тұрдық. Соңғы күшін жинап күліп түсті. Ол менің жадымда осылай жатталды", - деп ойын түйді Қаржы экс-министрі.

Үкіметтің баспасөз хатшысы болып қызмет еткен Әмір Қосанов та өз Facebook парақшасында елдің бұрынғы үкімет басшысы туралы жазба қалдырған.

"90 жылдардың ортасы. Мен ол кезде үкіметтің баспасөз хатшысы болдым. Бұл кезеңде баспасөз қызметі мемлекеттік органдар құрамында енді ғана бой көтерген еді. Ауыр, бірақ қоғамға өте қажет реформалар қабылданды. Өз қадамдарымызды халыққа түсіндіру үшін баспасөз қызметін барлық министліктер мен мекемелерде құрдық. Осы жағдайға орай маған министрлермен жиі араласуға тура келді. Олардың арасында мұнай және газ министрі Нұрлан Балғымбаев та болды", - деп сөзін бастады Қосанов.

"Жұмыс барысында келісімге келу де, түсініспеушіліктер де болды. Нұрекең де мінезі бар адам болатын. Ол өте жігерлі, табанды, шешімдерді қабылдап, жауапкершілікті өз мойнына ала білетін министр еді. БАҚ-пен тілдесу керек болғанда ол: "Президенттің өзі мені қарабайыр адам деп атаған. Мен өзімді өндірісші сияқты ұстап, тіке сөйлеуге үйреніп қалғанмын. Оның ішінде журналистерге де",- деген еді. Мен оны соңғы рет сырқаттанбас бұрын көрдім. Жақындары кейіннен оның бұл сынақты төзімділікпен қабылдағанын айтты", - деп жазды Қосанов өз парақшасында.

Ресейлік журналист, «Новые известия» газетінің бас редакторы Валерий Яков та Балғымбаевты еске алып, өз газетінің сайтына жазба жариялаған.

"Кеңес одағы құлаған кездегі қиын шақтарда Нұрлан еңсесін түсіріп, абыржып қалған емес. Бір орында тоқтап қалмай, қашан да алға жылжып отырды... Ол Бостондағы ең үздік техникалық жоғары оқу орны -  Массачусетс университінде білім алуға аттанды. Жасы 40-та болса да, студент болып, ізденуден жасқанбады. Оқудан кейін әлемге танымал «Шеврон» компаниясында тағылымгер болып жұмыс істеуден де қымсынбады. Нұрлан ең үздіктерден үйреніп, өз көзқарасын кеңейтуді жақсы білетін", - дейді Валерий.

"94 жылдың қазанында жас әрі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті ең жарқын, энергияға толы және білікті, мұнай саласында халықаралық тәжірибесі бар министрге ие болды. Сол себепті үш жыл ғана өткеніне қарамастан, Назарбаев оны премьер-министр етіп тағайындағаны ешкімге оғаш көрінбеді. Бұл жауапты қызметке ол елдің ең ауыр кезеңі - әлемдік қаржы дағдарысы туындаған кезде келді. Жас мемлекеттің экономикасын мұндай жағдайда көтеру мүмкін еместей болып көрінді. Бірақ Нұрлан алып шықты. Ұлттық валюта бағамының құлдырауы, өндірістің тоқтауы, жалақының айлап берілмеуі... Мұның бәрі ол үшін үлкен мәселе болғанымен, ол оны еңсере алды. Тәулік бойы ел аралап, қызметкерлермен, саясаткерлермен, басшылармен, ғалымдармен сөйлесіп, олардың еңсесін көтерді. Шешімі жоқ мәселелердің өзіне шешім табуға дағыдаланған азамат болатын. Ол тағы да жеңіске жетті. Бірнеше жылдан кейін елде экономикалық даму басталды. Ал президент Назарбаев сол арада премьерді барынша қолдап, алғаш рет ресми емес жағдайда Нұрланды бауырым деп атайтын болған", - дейді журналист.

Редактор Нұрлан Балғымбаевтың уақыты аз қалғанына қапалы болғанын есіне алды.

"Екі ай бұран Нұрлан "менде аз уақыт қалды. Мен барлық мәселелерге қатысты тапсырмалар беріп қойдым. Енді бәрін көріп үлегріп, бәрімен әңгімелесу қалды... Өмір зымырап өте шығады. Әр күнің санаулы болғанда ғана көп нәрсені үлгермей жатқаныңды түсінеді екенсің. Жақындарыңа аз уақыт бөлгеніңді де ұғасың" деген болатын. Енді біздің досымыз, жолдасымыз Нұрлан бұл дүниеден өтті. Ол ерлікпен, еңсесін түсірмей өмір сүріп, дәл солай өмірмен қоштасты", - деп өкінішін жазды Яков.

"Мен ешуақытта өз қағидаттарымды, сөзімді бұзған емеспін. Достарымды сатып, отанымды да ұмытқан емеспін" деп бірнеше жыл бұрын «Новые Известияға» сұхбат берген Балғымбаев, сол күйі ешкімді сатпай, ешкімді ұмытпай кетті", - деп ойын түйді редактор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/925233-qazaqstannynh-eks-premeri-nesimen-el/

pixel