RU

Қазақстанды «Ұлы дала Елі» деп атайтын болды

Қазақстанды «Ұлы дала Елі» деп атау мәселесіне шенділер үлкен қызығушылық танытуда. «Нұр Отан» партиясының «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесі ел зиялыларының басын қосып, «Ұлы дала Елі» идеясын іске асыру бойынша пікір алысты.

Идеяның халық бірден танитындай логотипін жасауға байқау өткізілмек. Республикалық ақпарат құралдары арқылы Тоныкөк заманы, Күлтегін жазбаларынан тарқатып, елдік пен бірлікке қатысты аталы сөздер жарияланады. Алғашқы бейнероликтер «Астана» арнасынан көрсетілмек.

«Бағытымыз – Ұлы дала еліне айналу. Осы бағытты «Нұр Отан» партиясы мықтап қолға алды. «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті кеңейтілген отырысы партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өтті. Жиынға еліміздің ертеңі үшін елеңдеген ел ағалары келді. «Ұлы дала елі», «Мәңгілік ел» идеялары соңғы уақытта жиі айтыла бастағанмен тамырын ұлан байтақ қазақ жерін мекендеген Түркі қағанатынан алады. Сондықтан әлем елдерімен тереземізді теңестіруге ұмтылып жатқан заманда ұлтты ұйыстыратын мықты идеология қажет-ақ» , - дедйді зиялылар.

"Идеология деген өздеріңіз жақсы білесіздер, бұл компас сияқты ғой. Компасы жоқ кемені егер мұхитқа айдап жіберсеңіздар адасады, көкте ұшақ та адасуы мүмкін. Біздің адамдар адаспауы үшін, қоғам адаспауы үшін, Қазақстан адаспауы үшін осындай идея керек еді", - дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков.

Идея бар. Ендігі меже – оны өміршеңді ету. Алдымен бірегей логотип қажет. Сол себепті «Ұлы дала елін» бірден танытатын үздік логотип байқауын жариялау ұсынылды. Бұдан қалды, республикалық ақпарат құралдарында Тоныкөк заманы, Күлтегін жазбаларынан бергі елдік пен бірлікке қатысты аталы сөздер жарияланып тұрмақ. Алғашқы бейне роликтер Астана арнасынан көрсетілмек.

«Нұр Отан» партиясы еліміздегі жетекші саяси күш ретінде осы істерді үйлестіруге, Қазақстанның имиджін қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралардың қабылдануына, осыны іске асыруына бастамашы болып, өзіндік үлесін қоспақ. Нақты айтқанда, осы идеяны насихаттау және іске асыруға қажетті шара ол әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыс аясында қабылданатын шара, осыны бүгінгі кеңеске қатысып отырған тиісті министрліктердің лауазым иелеріне ұсыныс ретінде айтамыз», - дейді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов.

Мәңгілік ел идеясы – көп ұлтты елімізде ерекше өзекті. Бұл идея ішкі татулыққа бағытталған болса, Ұлы дала елі – Қазақияны шетелге  танытатын бренд болуы керек. Кеңеске қатысқандар пікірі осы. Қазақ бұған дейін «Еркін халық», «Алаш елі» деп те аталып келді, ал ең ақылға қонымдысы  - «Ұлы дала елі» дейді қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан.

«Мәңгілік ел» және «Ұлы дала» тұжырымдамалары арасындағы байланысқа біз ерекше көңіл бөлуіміз керек. Егер «Мәңгілік ел» қоғамның тұтастығына бағытталған ішкі құжат болатын болса, «Ұлы дала елі» тұжырымдамасы бүгінде әлемдік кеңістікте еліміздің сыртқы имиджіне ие болатын брендке айналуы керек шығар деп ойлаймын», - дейді ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан.

Президенттің Ұлы дала елі идеясы аясында қазақ тілі де өркен жаюуы керек. Кеңеске жиналғандар осыған ерекше назар аурдарды. Мемлекеттік тілдің өз елінде өгейдің күйін кешіп, босағадан сығалап тұрғаны қабырғаға батып бітті. Алдымен қазақ тілін мемлекеттік органдардың төріне шығару қажет.

Шенеуніктердің қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау жүйесін нақтылау керек. Құжаттардың түпнұсқасын қазақ тілінде жазу, қазақ тіліндегі кітаптарды электронды нұсқаға көшіру, әлемдік туындыларды сапалы аудару, кинотеатрларда қазақ тіліне аударылған фильмдер көрсетілімін қолайлы кешкілік уақытта қойып, барлық  фильмдердің 60%-нан кем көрсетілмеуін талап ету, көрсетпегендерге шара қолдану тұрғысында сан алуан ұсыныстар түсті.

Әр өңірде қазақ тілін дамытатын орталықтар ашылып жатыр. Алайда олардың кейбірі тек қағаз жүзінде жұмыс істейтіні жасырын емес.

"Тіл орталықтарының саны 88 дедіңіз бе? Ал, ол шын мәнінде қажеттілікке қарай қанша болу керек? Оңтүстікте іс-қағаздардың көбісі қазақ тілінде жүргізілетінін білесіз. Соның өзінде ол өңірдегі тіл орталықтарының саны - 14. Қарағандыда - 5, Павлодар - 1, Алматы - 1, Астанада - 2. Бұл жеткілікті ме? Олардың жұмыс сапасы қандай? Осыны талдау қажет. Әрбір облыста осыған қатысты меже болу керек", - дейді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов.

Ұлы дала символдары ЭКСПО көрмесінде де, алда өткізілетін Универсиадада да қолданылады. Туристер үшін далалық арнайы маршрут желісі құрылмақ. «Ұлы Дала елі» және «Мәңгілік ел» атаулары елде мекендерге, көше даңғылдарға берілуі мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/950520-qazaqstandy-uly-dala-eli-ataytyn-bo/