Қазақ тойындағы жаттанды дәстүрлерге өзгеріс еніп жатыр
Жарияланған күні:
Қазір еліміздегі тойлардың бір-бірінен айнымай, ұқсап кеткені үйреншікті көрініске айналған. Дегенмен, уақыт өте келе қазақ тойындағы үйреншікті дәстүрлерге өзгерістер еніп жатқанының куәсі болған журналист жаңа той үлгісінің қалай ұйымдастырылғанын баяндады.
"Мен өзім көріп жүрген тойлардың үшеуін суреттеп берейін. Бірінші той – өзіміз күндегі көріп жүрген, даңғаза музыка, айғайлап жүрген асаба. Сөз берген адамдарды ортаға шығарып, олардың киген киімін, бет-әлпетін, қойған шашын өлеңге қосып, тақпақтатып, келемеждеп, тойдың көп уақытын бір өзі алып алады да, елді топтап шығарып, бір-екеуін сөйлетіп, қалғандарын «билеңдер» деп асықтырады. Бұл тойда жаныңда отырған адамдармен әнгімелесе алмайсың, қатты музыка үні сөзді естіртпейді. Көпшілік біле бермейтін әншілерді «болашақтағы жұлдыз» деп ән салдырып жатады. Әндері сол баяғы – «күйдім-сүйдім, болдым-біттім». Адамға ешқандай әсер етпейтін әуендер. Кейде танымал артистер келіп, фонограммамен 1-2 әнді айтып, «тағы тойым бар» деп, жұрттың қол соғып, қолпаштағанына қарамай тайып тұрады", - деп мақаласын бастады автор.
"Екінші тойдың шақыру қағазы да өзгеше жазылыпты. Шақыру қағазында мынандай ескертпе болды: «Тойдың ретті де, жақсы өтуі үшін мына күнге дейін, мына телефонға (нөмірі көрсетілген) келетін-келмейтіндеріңізді (қанша адам) хабарлаңыздар». «Бұлай жазу да дұрыс нәрсе екен» деп ойланып қалдық. Тойға шақырып аласың да, білмей отырасың, «келе ме, келмей ме?» деп қайтадан сұрауға ұят. Ал мына тойға бір жеті бұрын «екі немесе бір адам келеміз, не келе алмаймыз» деп хабарлап қойдық. Той иелеріне де жеңіл, не адамды азайтады немесе бос орынға басқа қонақ шақырады", - деп автор келесі той үлгісін сөз етті.
Ол мұндай тойдың өзгеше өткеніне де назар аударған.
"Енді тойдың қалай өткенін айтайын. Тойда асаба болды, бірақ тойдың негізгі тізгінін той иесінің өзі ұстап отырды. Даңғара музыка болған жоқ. Той иесі сөзді өзі беріп, сөз берген адамдарын таныстырып отырды. Алғашқы сөзді ағайын туыстарынан бастады, келесі кезекті бірінші сыныптан бірге оқыған сыныптастарына, одан интернатта бірге оқыған достарына, құрдастарына, аспирантурада бірге оқығандарға, қызметкерлеріне, ең соңында қазіргі әріптестеріне берді, олар қанша дәрежелі болса да соңында сөйледі. Бәрі рет-ретімен болды. Ешкім қысылып-қымтырылмай, жүрекжарды тілектерін айтып жатты. Бар-жоғы екі артист шақырыпты. Олар бір-екі ән айтып кетіп қалған жоқ, тойдың соңына дейін болды. Музыканттар да, артистер де жиналған қауымның жақсы көретін, солардың жас кезіндегі әндерді орындап, көпшілікке де ән шырқатып жүрді. Отырыс өте көңілді болды", - дейді Тазабек.
Содан кейін автор үшінші той үлгісіне тоқталды.
"Ал мына үшінші тойдың шақыру билетіне былай жазылыпты: «Тойдың көңілді өтуі үшін жақсы ән, күй не тақпақ, скетч, күлдіргі әңгіме немесе бір би дайындап келуіңізді сұраймыз. Тойға бір ән дайындап бардық. Той иесі бірінші сөз алып: «Құрметті тойшыл қауым, өздеріңіз шақыру билетінен көріп, оқып, дайындалып келген шығарсыздар, мен бүгін осы тойға бірде-бір әнші не биші шақырғаным жоқ, тек сүйемелдеуші ретінде мына аккордеоншы жігітті шақырдым. Бар ойым – сіздердің көңілді болуларыңыз. Әндеріңізді айтып, билеріңізді билеп отыруларыңызды сұраймын». Көп білмей жүр екенбіз, арамызда дауысы керемет әнші, домбырашы, бишілер баршылық екен ғой, тойдың сәнін келтірді. Жастары 70-80-нен асқан ақсақал аталарымыз бен әжелеріміз Шәмшінің әндерін нақышына келтіріп орындағанда, сұрамай-ақ шапалақтар ұрылып жатты. Той өте жоғары деңгейде өтті. Той иесі де риза, тойшыл қауым да риза болып, тойдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдық. «Ешбір «жұлдыздарсыз» да керемет той өткізуге болдады екен ғой» деген оймен тарастық", - дейді журналист.
"Барып жүрген тойлардан маған ұнағаны – соңғы екі той. Өзім де осы уақытқа дейін кішірек тойларды есептемегенде үш үйлену, үш мерейтой өткіздім. Солардың бірде-біреуінде сөз бергенде қызметін, лауазымын айтқызғаным жоқ, досы, жерлесі, сыныптасы, құрдасы деп айтты. Беташарда, сәлем салғанда ақша салдырғаным жоқ, былай да сыйлығын әкеліп жатыр ғой. Той туралы айтпағым осы еді, басқа оқырмандар не дейді екен?", - деп ой тастады Тазабек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/951840-qazaq-toyyndaghy-uyrenshikti-dasturle/