Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қатын" деген сөзден не үшін қашамыз?

Опубликовано:

Кеңес Одағы орнап, коммунистер билікке келгеннен соң «бай»,«қатын» деген сөзге қарғыс айтылды. Бүгінде "қатын" деген сөзден ат тонын ала қашатындар баршылық деп жазады abai.kz.

"Әсіресе, мектеп, ЖОО ұстаздары «Бай-манаптардың қолданған сөзін қолданбаймыз, жаңа заман құрып, жаңа сөздер ойлап табамыз» деп өскелең ұрпақты қазақтың асыл қасиеттерінен бездіріп жіберді", - деп санайды мақала авторы Тоғайбай Нұрмұратұлы.

Оның ойынша қыздар «байға тиесің бе?» деген сауалдан гөрі, «миллионерге тиесің бе?» деген сауалған намыстануы тиіс.

«Байға тиесің, қатын аласың» деп сөйлеген жан сауатсыз, қараңғы мәдениетсіз» деп қоғамның төменгі табына жатқызды. Қазіргі кез-келген қызға «Байға тиесің бе?» десең, жақтырмай бетіңе бажырайып қарайды. Ал «миллионерге» тиесің бе?» десең жүзі бал-бұл жанып, мәз болып ыржыңдап, «Әрине, қанеки» деп армандап қалады. Әйелдерге де «қатын» деп қалсаңыз пәлеге қаласыз. Ол үшін сенен өткен «мәдениетсіз, дөрекі» адам жоқ. Сізді ала көзбен атып, болмаса сыбап салады. «Әйел» десеңіз ғана «әдепті, мәдениетті» кісі санайды. Енді «әйел» сөзін былай қойып, «жолдас» дейтін болыпты. «Жолдасым келе жатыр. Жолдасыммен қонақ үйде болдым. Жолдасыммен моншаға бардым» деп сөйлейді. «Жолдас» дегені әйел ме, еркек пе, әлде ашынасы ма?», - деп жазады автор.

Журналист сонымен қатар қоғамда шашын жайып жүретін қыздардың мәселесін көтерген. Ол "жалаңбас әйелдің дайындаған асын адал емес, харам" санайды екен.

"Осыған орай «шашы ұзын, ақылы қысқа» деген сөз, тіркесін қазақтың ешбір қисса, дастан, жыр, ертегі, ауызекі әңгімелерінен кездестіре алмайсыз. Жаңа кеңестік өмірге лайықты «әйел жасау» үшін, қатындардың шашын қырықты да, ал қырықпай қазақтың әдемілігін сақтағысы келгендердің намыстарына тиіп, «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деп, әдейі бұрмалап айтты. Қазақ әйелі түгілі қыздардың шашына қайшы тигізбейтін. Шашты қырқу бақытсыздық әкеледі, жаман «ырым» деп сенген. Ал қазір әйелдер көшеде, дәретханада, жұмыста жалаңбас жүреді. Далада, көшеде бастарына қоқым, шаң, микроп, неше түрлі бактериялар жабысады. Жалбыраған сол шашымен қазанға үңіліп, ас пісіреді. Бастағы бүкіл қоқыс қазанға түседі. Жалаңбас әйелдің асы адал емес. Ертеде қазақтар ондай асты «харам» деп ішпеген", - дейді Нұрмұратұлы.

Автордың ойынша, тіпті бүгінде сақал қоятын азаматтардың да әрекеті бұрыс.

"Қазақ мұсылман болғалы шашын алып, сақал-мұртын күзеп, бес мезгіл жуынып, намазын оқыған. Атақты Бөгенбай батырдың қолға түскен жоңғарлардың кейбіреуін өлтірмей, тақымға қысып отырып, бастарын тақырлатып, шашын алып, «шашы ұзын, ақылы қысқа неме» деп мырс етіп күліп қоя бергені туралы тарихи әңгімелерде айтылады", - дейді журналист.

Мақала соңында "қатын тақырыбына" қайтып оралған автор бұл сөздің нақты мағынасы "ханым" екеніне сенімді.

"Ата-бабамыз Көктүріктердің осыдан 1500 жылдай бұрынғы сына жазуларында да қатын сөздері кездеседі. «Қатын» сөзін қазіргі қазақшаға аударғанда «ханым» дегенді білдіреді. Төңкеріске дейін қазақтың қисса-дастандарында, батырлар жырындағы, ауыз әдебиеті шығармаларындағы «қатын» деген сөздер кеңестік кезеңде «әйел» деген сөзбен алмасты. Араб, латын әріптерімен жазылған қазақ шығармаларын орыс әрпіне қайта көшіріп жазғанда, халық аузынан қайта жинағанда «қатын» сөзі «әйел» сөзімен алмастырылып отырды", - деп ойын түйді Нұрмұратұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/960070-qatyn-degen-sozden-ne-ushin-qashamyz/

pixel