Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ләззат Асанованың анасы қайғыдан екінші топтағы мүгедек болып қалған

Опубликовано:

Желтоқсан оқиғасының құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова еліміздің егемендігі үшін өмірімен қоштасқан қаһарман қыз туралы көпшілік біле бермейтін мәліметтермен бөлісті.

"Мен бұл күнді еске алып осы жерге келуге құқылымын. Өйткені, Ләззатымның жоқтаушысымын. Ләззатымның менен басқа кімі бар? Енді жастар текке қан төккен жоқ. Ата-бабамыз арман еткен сол тәуелсіздікке қол жеткіздік", - деді Алтынай апай Желтоқсан оқиғасының 29 жылдығына орай, «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қойып, тағзым ету рәсімінде "Қазақпарат" агенттігіне берген сұхбатында.

"Ләззат кішкентай кезінен өте алғыр, өжет болып өсті. Мектепте өте жақсы оқыды. Алты жасынан домбыра тартты. Өнерге жақын болды. Тұла бойы тұңғышым болған соң, серігім де, ақылшым да Ләззат болатын. Оның өлімі маған өте ауыр тиді. Қайғыдан екінші топтағы мүгедек болып қалдым. 1991 жылға дейін сөйлей алмай қалған кездерім болды. Содан кейін барып, Ләззатым ақталғаннан кейін, жігерімді жинап, өмірге құштарлығым оянды. Мен былай ойлаймын, егер Ләззатым сондай алғыр, өжет, тапқыр қыз болмаса, менен тумаған болар еді. Енді Ләззатымның көрмеген қызықтарын бүгінгі тәуелсіз елдің жастары көрсе екен деп тілеймін", - деді Алтынай апа.

Жағдайы туралы сұраған журналистерге қаһарман қыздың анасы: "Мен осы 1997 жылдан бері Алматыда тұрып келемін. Жағдайым кереметтей болмаса да барлығына ризамын. Ләззатым халықтың аузында жүр. Оны тек мен ғана емес, халқы да жоқтайды. Сол үшін халқыма ризамын. Кезінде Ләззатқа берілген пәтер бар еді. Демеушім, қолдаушым болмаған соң, сол үйді сатып, Ләззатқа арналып шығарылған мақалаларды жинақтап, естелік кітап етіп шығардым. Өкінішке қарай, биыл Ләззаттың 45 жылдығы көлеңкеде қалды. Тек Мұхтар Шаханов бастаған 5-6 желтоқсандықтар келіп, құран бағыштады. Бұған қатты риза болып қалдым. Ал қазір, бұдан 50 жыл бұрын салынған, астынан суы шығып жатқан шағын ғана ескі үйде бала-шағаммен тұрып жатырмын. Ұлым, келінім және екі немерем бар", - деп жауап берді.

Алтынай Асанова сондай-ақ Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға төленетін жәрдемақыны алмайтынын мойындады.

"Жоқ, алмаймын. Тек Ләззатқа ғана емес, басқа да қаза болғандардың отбасына төленбейді екен. Сондықтан жәрдемақыны бір рет те алған емеспін", - деді ол.

Айта кетелік, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны Ләззат Асанова 1970 жылы 27 шілдеде Алматы облысының Панфилов ауданындағы Ақжазық аулында туған. 1985 жылы Алматыда Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түскен. Алматыда 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ол Орталықтың билеп-төстеушілігіне наразылық білдіріп, қаладағы Жаңа Алаңға (қазіргі Республика алаңы) алғашқы ереуілшілер қатарында «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деген ұранмен шықты. Көтеріліс қатыгездікпен жанышталғаннан кейін, ұсталған 87 адам қатарында Ләззат Асановаға Қазақ КСР ҚК-нің 65-бабымен айып тағылды. Тергеу барысында қаза тапқан. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан соң ғана Асанова жөніндегі шындық қалпына келтіріле бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/989685-lyazzat-asanovanynh-anasy-qayghydan-eki/

pixel