Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте оралмандар өлместің күнін кешуде (фото)

Жарияланған күні:

Шымкент қаласының іргесіндегі бұрынғы наркодиспансердің ғимаратын 200-ге жуық оралман отбасы пана етуге  мәжбүр деп хабарлайды STAN.KZ.

Апатты жағдайда тұрған қауіпті аумаққа олар осыдан 20 жылдай уақыт бұрын әлемнің әр қиырынан атажұртқа қоныс аударған. Жергілікті билік басшылары тарапынан осы уақыт ішінде талай уәде берілгенімен, нақты нәтиже болмаған.

Тозығы жеткен тас еден, темір тор терезелер, қирағалы тұрған іргетас пен қабырғасы сөгілген аурухана палаталарына жылдар бойғы жағымсыз иіс әбден сіңіп қалған. Базарқақпа елді-мекеніндегі еш жерде тіркеуде жоқ бұл ғимаратта бүгінде 26 отбасы тұрады. Басым көбі көрші Өзбекстан мен Тәжікістан елінен келген. Ауғанстан мен Иран, Пәкістан, Түркиядан тарихи Отанға оралған отбасылар өз қамдарын жасап, өлместің күнін кешуде.

Өткен ғасырдың басында соғылған ғимарат кезінде наркодиспансер, кейін психикалық ауруларға шалдыққандарға арналған аурухана болған. Ескірген емдеу мекемесі көшірілгелі жиырма жылдан асқан екен. Кейін жергілікті билік қабырғасы қаңырап бос қалған жерге алыс-жақын шет елдерден келген қандас бауырларды уақытша қоныстандырған.

Алғашқы оралман отбасылары 1993 жылдары  уақытша келіпті. Содан бері уақытша мекен тұрғылықты заңсыз баспанаға айналған. Өйткені осыдан 12 жыл бұрын ғирамат ресми түрде төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан апатты деп танылған екен. Ал мұнда өмір сүріп жатқан ағайындардың қолдарында тұрғын-үй құжаттары жоқ. Тіркеусіз қалған азаматтар мемлекеттік жәрдемақылар мен басқа да көрсетілетін көмектерден құр қалыпты. Кей отбасылар мүгедек балаларын мемлекет көмегінсіз өздері асырауға мәжбүр екендерін айтады.

Мұнда таза ауыз су атымен жоқ. Жол да жоспарға енбеген. Газ бен жылу сияқты коммуналдық қызмет түрлері тіпті болмаған. Суды жұрт жерқұдық қазып, тартып алып отыр. Жарық жиі сөнеді екен. Ата жұртқа оралған жандар  үйіндінің астында қалудан қорқып күн кешуде.

Қирағалы тұрған аурухананың екі палатасында Жалғасбаевтар әулетінің екі бірдей отбасы 1998 жылдан бері өмір сүріп келеді. Өзбекстаннан елге оралған жандар алдымен Қазақстан Республикасының төлқұжатын алғандарын айтады. Солайша мемлекеттік квотадан қағылған.

«Біз қайдан білейік. Ойбай паспорт алу керек деген еді. Содан көмекке ілікпей қалдық. Қазақстан азаматтығын алып қойған соң бүкіл жәрдемнен құр қалдық. Қазір үй алу тек арман. Жұмыс жоқ. Жиырма жылдан бері бос үмітпен келеміз. Үйдің шатырынан су ағады. Едені шұрық тесік. Зәктен балалар жиі ауырады»,- деп күрсінеді бес баланың анасы Қуаныш Жалғасбаева.

83 жастағы Қожахмет ақсақал арман қуып, атажұртқа қоныс аударғанда далада қаламын деп ойламағанын айтып қынжылады. Баспаналы болуды аңсаған қария, «ниетіме қол жеткізе алмаймын ба» деп қорқады. Өлместің күнін кешкен отбасы тоғыз адам болып аядай ғана бөлмені паналауға мәжбүр. Өзбекстанда шаруашылықпен айналысқан жандар, бұл жерде өзгеге жалданып жұмыс істеуде.

«Өзіммен бірге келгендердің көбі қайтыс болып кетті. Немере бағамын. Балалар жергілікті өзбектерге жалданып жұмыс істейді. Арманымыз бұл емес еді. Өзбекстанда үлкен үйіміз бар еді. Оны болмашы ақшаға саттық. Ол жақта көшпекке бел буған өзге ұлт өкілдерінің  үйін алмай, бағасын әдейі түсіреді. Содан бері ауруханада тұрып жатырмыз»,- дейді Қожахмет Жалғасбаев.

Тәжікстаннан ата-жұртқа қоныс тепкен Нағима Елбаеваның отбасы да апатты аурухананы 1997 жылдан бері паналауда. Қазақстанның азаматтығын алуға оларға сол кездегі көші-қон мекемесінің өкілдері кеңес беріпті.

«Бізді солай адастырды. Алдымен паспорт алу керек деді. Қайдан білейік. Соған мәз болып жүргенде, квота алу құқынан айрылып қалдық. Күйеуім арманына жетпей, марқұм болды. Өзім мүгедекпін. Ең болмаса жер берсе де жеңілдік болар еді. Бірақ қайда барсақ та өтірік уәде беріп шығарып салады. Қазір еш жерде есепте жоқпыз», - дейді Нағима Елбаева.

Апатты аурухананы мекен еткен азаматтар, мемлекеттен ең болмаса өздері тұрып жатқан осы жерді заңдастырып беруді сұрайды. Жиырма жылда талай рет ауысқан билік бұл мәселені кейінге қалдырумен шектеліп келеді екен. Былтыр Сайрам ауданынан Шымкент қаласының аумағына ауысқан бұл елді-мекеннің тағдыры енді қалалық билік басшыларының қолында.

 

 

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/998807-shymkentte-oralmandar-olmestinh-kunin/