Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Намазға жығылдым": Қазақ тілін жетік меңгерген футболшы Алексей Михайлов жан сырын ақтарды

Опубликовано:

Фото
Алексей Михайлов. Фото: Instagram/mihaylov.a

"Жетісу" футбол клубының ойыншысы Алексей Михайлов ел арасында қазақ тілін жетік меңгерген футболшы ретінде танылып үлгерген. Ол Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқиды. Алексей тіпті ислам дінін қабылдап, намазға жығылған деп жазады 7-su.kz.

Алексей Михайлов 2001 жылдың 21 шілдесінде Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Эдуард Михайлов пен Светлана Михайлованың ортаншысы. Ағасы және інісі бар.

Қазіргі уақытта 19 жастағы аяқдопшы "Жетісу" клубымен бірге Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүр.

"Жаттығу ойдағыдай жүріп жатыр. Бапкер берген тапсырманы орындап, әртүрлі тактикаларды сынап көріп жатырмыз. Сенсеңіз, қазақ тілінде ғана емес, өмірімде бірінші рет кеңінен сұқбат берейін деп тұрмын", - деп сөзін бастады Алексей.

Ол өзіне көпшілік тарапынан "қазақ тілін қайдан үйрендің?" деген сауал жиі қойылатынын жасырмады.

"Көршілеріміз кіл қазақтар еді. Аулада ойнасақ та, қуансақ та, жыласақ та қазақша тілдесетінбіз. Ағам екеуміз соларға ілесіп жүріп меңгеріп алдық. Тіпті мектепте оқып жүргенімде Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысына қатысқанмын. Ұлы ақынның көптеген өлеңін жатқа білемін", - деп ағынан жарылды спортшы.

Фото
Фото: Instagram/mihaylov.a

Алексейдің сөзінше, өміріндегі ірі өзгерістің бірі – бес уақыт намазға жығылып, дінге келуі.

Футболшы мұсылмандыққа бет бұруына досы себеп болғанын жеткізді.

"Дінге келуіме Жанайдар есімді досымның үлесі зор. Үйіне барғанымда сәждеге қалай келу керек, қай іс қай жерде орындалуы тиіс, соның бәрін көрсетті. Ұнады. Ақырындап сүре жаттай бастадым. Одан кейін досыма еріп, мешітке бардым, ислам дінін қабылдадым", – дейді "Жетісу" футбол клубынының ойыншысы.

Алексейдің түсінігінде әр азамат Отан алдында абыроймен қызмет жасап, туып-өскен жерге пайдасын тигізіп, елдің өркендеуіне үлес қосуға міндетті.

Сөз соңында жас футболшы қазақ халқына деген алғысын білдірді.

"Наурыз айы жалпы мерекеге толы. Алдымен Қазақстан халқына Алғыс айту күні келсе, одан кейін қадірлі қыз-келіншектердің, аналардың мейрамы, көрісу бар, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз, бәрі қазақтың бет-бейнесін айқындап беретін бір айға тоғысқан.

Сондықтан қиын-қыстау күндерде қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт пен ұлыстарға қолдау көрсетіп, бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқына шын жүректен алғыс айтамын! Ел іргесі тыныш болсын!", – дейді Алексей Михайлов.

Фото
Фото: Instagram/mihaylov.a

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1901506-namazga-zygyldym-qazaq-tilin-zetik-mengergen-futbolsy-aleksei-mixailov-zan-syryn-aqtardy/

pixel