RU

"30-дан 35 млн долларға дейін жетеді": Беделді порталдың журналисі Головкиннің қаржылық жағдайы туралы айтты

Геннадий Головкин
Геннадий Головкин. Фото: Getty Images /Isaac Brekken / Stringer

Boxingnews24.com порталының спорт шолушысы Анхель Флауэрс отандасымыз Геннадий Головкин мен мексикалық боксшы Сауль Альварестің қаржылық жағдайын салыстырды. Сондай-ақ ол екі боксшы жекпе-жектері үшін қанша табыс тапқанын да айтты деп хабарлайды Sports.kz.

Журналистің мәліметінше, қазақстандық боксшының қаржылық тұрғыдан жағдайы "Канеломен" өткізген екі жекпе-жектің арқасында жақсара түскен.

"Головкиннің қаржысының 90 пайыздан астамы оның Сауль Альвареске қарсы өткізген екі жекпе-жегінен түскен.

Қауесеттер бойынша GGG-дің жеке капиталы 30-дан 35 млн долларға дейін жетеді. "Канеломен" өткен екі кездесу Головкинге 37 млн доллар пайда әкелген. Салыстыру үшін - Альварес Авни Йылдырыммен болған соңғы кездесуінде 20 млн доллар және Каллум Смитпен болған кездесуінде де кем дегенде осынша ақша тапқан", - деп келтіреді басылым журналистің сөзін.

Айта кетсек, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы жекпе-жек 2017 жылдың қыркүйек айында болды. Ол кезде кездесу тең есеппен аяқталған еді. Бір жылдан кейінгі жекпе-жекте мексикалық төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Еске сала кетсек, бұған дейін отандасымыздың келесі жекпе-жегі мексикалық Хайме Мунгияға қарсы өтетіні хабарланған болатын.

Алайда кейін кездесудің өтпейтіні белгілі болды.

ESPN телеарнасының журналисі Бернардо Пилаттидің ойынша, Мунгияның промоутері оны Геннадий Головкинге қарсы қоюды өте қауіпті деп санаған болуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1904907-bedeldi-portaldyn-zurnalisi-gennadii-golovkinnin-qarzylyq-zagdaiy-turaly-aitty/