Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жарты жыл қалғанда витамин берудің керегі жоқ": Отандық балуан грек-рим күресіндегі басшылықты сынады

Жарияланған күні:

Мақсат Ережепов
Мақсат Ережепов: prosports.kz

Грек-рим күресінен Қазақстан командасының мүшесі, 2017 жылғы Азия чемпионы Мақсат Ережепов Олимпиада ойындарында төмен нәтиже көрсеткен құраманың басты кемшілігін атады. Сондай-ақ, спортшы құраманы жасақтау және дайындау барысына толық өзгеріс керектігін алға тартты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Еске сала кетейік, грек-рим күресінен Токио Олимпиадасында сынға түскен қазақстандық балуандар бірінші кезеңде жеңіліс тапты.

60 келідегі Мейрамбек Айнағұлов, 77 келідегі Демеу Жадыраев және 87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсыновтар алғашқы белдесуде ұтылған болатын. Осыдан соң, грек-рим күресінің шеберлері бас көтеріп, командаға өзгеріс керектігін алға тартуда.

"Біздің жігіттер басқалардан кем емес. Біз де өзгелер секілді тынымсыз жаттығамыз. Тіпті, бірлескен оқу-жаттығу жиындары кезінде біз орындаған жаттығуларға басқа ел спортшыларының тісі бата бермейді. Мәселен, жақында Грузия құрамасымен бірлескен жаттығу жиыны өтті. Сол кезде олардың өзі біз сияқты жаттығу тәсілдерін орындай бермейтінін көрдік. Соңына қарай шаршап қалып жатты. Бірақ жарыс кезінде оларда медаль бар, бізде жоқ. Меніңше, біздегі жаттығу жүйесін түбегейлі ауыстырып, өзгерту керек. Балуандарды жарысқа дейін тым шаршатып жіберетін сияқты. Әйтпесе, күш жағынан, физикалық тұрғыдан біз ешкімнен кем емеспіз", - дейді Мақсат.

Сондай-ақ, спортшы команданы басқаруда жаңашылдыққа баса назар аудару керектігін айтты.

"Команданың қазіргі бас бапкері - Бақтияр Байсейітов. Ол 1999 жылғы әлем чемпионы. Сондықтан, сол кездегі тәсілдер бойынша жаттықтырады бізді. Ал одан бері жиырма жыл өтіп кетті, күресте көптеген өзгерістер болып жатыр. Әлем бір орында тұрған жоқ қой, сол секілді, біздің спортқа да жаңашылдық келіп жатыр. Бізге жас мамандарды, көзінде оты бар, жігері тасып тұрған жігіттерді бапкерлік қызметке тарту керек. Өйткені, жас адамның ойлау жүйесі бәрібір өзгерек.

Қазір көптеген көршілес елдерде бапкерлік тізгінін жастарға ұстатқан. Нәтижелері де жаман емес. Сондықтан, көп созбау керек. Өзгеріс керек. Қазір командадан кеткен үш жігіттің үшеуі де ұтылып қалды. Жанкүйерлердің бәрі көрген жерде бетімізге басып жатыр. Айтарға сөзіміз жоқ. Келесі Олимпиадаға дайындықты қазір бастау керек. Қазірден бастап талантты жастарға орын беріп, соларды баптау қажет. Олимпиадаға жарты жыл қалғанда витамин берудің керегі не? Жарты жыл ештеңені шешпейді. Бізге жүйелі дайындық керек", - дейді Мақсат.

Айта кетелік, бұған дейін грек-рим күресінен команда мүшелері Алмат Кебіспаев пен Хорлан Жақанша да өз пікірлерін айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/1925586-zarty-zyl-qalganda-vitamin-berudin-keregi-zoq-otandyq-baluan-grek-rim-kuresindegi-bassylyqty-synga-aldy/