Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Токио Олимпиадасын қорытындылап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Ол біраз боксшы құрамадан кететінін мәлімдеді деп хабарлайды "Хабар 24".
Бас бапкердің айтуынша, елде мықты резерв бар және солардың әлеуетін пайдалану керек.
"Қазір елімізде бокстың резерві мықты. Олимпиадаға бара алмай қалған жігіттер бар. Олар 2024 жылы өтетін Париж ойындарында жарқырайтын болады. Токиодан кейін құрамадағы спортшылардың біразы кетеді. Жалпы алғанда буын алмасу процесі болады.
Осы ретте жастардың тәжірибе жинақтап, келесі төрт жылдыққа жақсы дайындықпен баруына мүмкіндіктері бар. Құлдыраудан кейін әлі-ақ биікке көтерілеміз", - дейді бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.
Кенжебаев ұлттық құрама жазғы ойындардан 1 алтын, 1 күміс және 1 қола алуды жоспарлағанымен, үміт артқан жігіттер алғашқы айналымдарда не себепті жеңіліс тапқанын түсіндіруге тырысты.
"Осы тұрғыда төрешілердің жұмысына да біраз сұрақ бар" деген бас бапкер, олардың компьютерлік технология бойынша кездейсоқ таңдалғанына баса назар аударды.
Бас баспкердің сөзіне сенсек, төрешілердің кейбірі дайындықсыз келген, тіпті ағылшын тілін білмейтіндері де болыпты. Салдарынан әртүрлі келеңсіздіктер орын алып жатты дейді ол.
"Қалай болғанда да енді есті жинап, қателіктерді түзеп, алдағы Олимпиадаға дұрыстап дайындалу керек", - дейді Ғалымбек Кенжебаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1926444-boksan-ulttyq-quramanyn-bas-bapkeri-biraz-bokssy-quramadan-ketedi/