Қазақстандық боксшы Әли Ахмедов "Пантера" лақап атымен танымал перулік боксшы Давид Зегаррадан басым түсті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
АҚШ-тың Монтебелло қаласында өткен бокс кешінде отандасымыз Зегарраны мерзімінен бұрын жеңді.
Сегіз раундқа жоспарланған жекпе-жек үшінші раундта аяқталды. Себебі, Алидің қарсыласы кездесуді жалғастырудан бас тартқан.
Осылайша, Әли Ахмедов кәсіпқой рингтегі 17-жеңісіне (13-і мерзімінен бұрын аяқтаған) қол жеткізді.
Ал Перу боксшысы алтыншы рет жеңіліп отыр.
Айта кетейік, Әли Ахмедов соңғы жекпе-жегін өткен жылдың желтоқсан айында эквадорлық Карлос Гонгораға қарсы өткізді. Сол кездесуде отандасымыз он екінші раундта нокаутпен жеңілген еді.
Vesti.kz-тің хабарлауынша, ал Давид Зегаррамен жекпе-жек биыл 1 тамызда өтуі керек еді, алайда латынамерикалық боксшыдан рингке шығуға бірнеше сағат қалғанда коронавирус анықталған.
Естеріңізге сала кетейік, Әли Ахмедов GGG Promotions промоутерлік компаниясының қоластында өнер көрсетеді. Оның негізін қалаушы орта салмақта IBF және IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1932559-ali-axmedov-pantera-laqap-atymen-tanymal-bokssyny-merziminen-buryn-zendi-video/