21 қыркүйекте Қытайдың XIV ұлттық ойындары өтті. Бұл чемпионатта бокстан ерлер арасында 75 келіде сынға түскен Шынжаң командасының боксшысы Тоқтарбек Таңатқанұлы жеңімпаз болды деп хабарлайды Қазақпарат kazakcnr.com сайтына сілтеме жасап.
Сайттың мәліметінше, бұл жолғы Қытай чемпионаты Шаншидің Юуйлин қаласында өткен.
Тоқтарбек Таңатқанұлы финалда тағы бір қандасымыз Бейжің құрамасының мүшесі Ұлпар Қарқынұлын 5-0 есебімен жеңіп, чемпион атанған.
Ал үшінші орын Хэнань командасының былғары қолғап шебері Тао Минсиға бұйырған.
Айта кетейік, Тоқтарбек Таңатқанұлы - Қанат Ислам және Мәметтұрсын Чоңнан кейінгі Қытай атынан Олимпиадалық ойындарға қатысқан үшінші шыңжаңдық боксшы.
Ол 1998 жылы 18 қарашада Алтай аймағы Алтай қаласы Алағақ қалашығында дүниеге келген. Ағасы Жақыппек Таңатқанұлының айтуынша, Тоқтарбек кішкентай кезінен спорт шараларына белсенді қатысып келеді.
Оны алғаш рет Қытайдың Алтай аймағындағы белгілі бокс жаттықтырушысы Мұрат Бошайұлы өз ауылында доп ойнап жүрген жерінен байқап қалған. Ол кезде Тоқтарбек Таңатқанұлы 12 жаста болған.
"Бойы 1 метр 30 сантиметр шамасындағы баланың доп теуіп жүргенін алыстан көзім шалды. Оның қарқыны мен күшінің өте жақсы екенін байқадым. Сонымен жаныма шақырып алып, боксқа қызығушылығын сұрадым. Ол маған еліміздегі өзі жақсы танитын боксшылардың атын айтып берді...", - дейді Мұрат Бошайұлы.
Сөйтіп 15 күннен соң Тоқтарбек Таңатқанұлы өз ауылынан 100 шақырым жердегі Мұрат Бошайұлы тұратын Қаба ауданына барып оқиды. Аталған аудандағы орта мектептің жатақханасында тұрып, білім ордасының бокс бөліміндегілермен бірге машықтана бастайды.
"Содан бері 13 жыл өте шықты. Болашақта батыр болуды армандаған жас жеткіншек қазіргі уақытта халықаралық деңгейдегі бокс алаңдарында өнер көрсетіп, Қытай бокс саласындағы таңдаулы спортшыға айналды", - деп жазады Қытайдың kazakcnr.com ақпараттық порталы.
Осы жолғы Қытай чемпионатында күміс медаль еншілеген Ұлпар Қарқынұлы туралы айтар болсақ, ол бүгінгі күні бокс әлемінде өзіндік аты шығып жүрген спортшылардың бірі. Қазір бокстан Бейжің командасында өнер көрсетіп жүр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1933987-qytai-cempinotynda-eki-qazaq-bokssysy-top-zardy/