RU

Сәкен Бибосынов өзбекстандық Олимпиада чемпионы Хасанбай Досматовты таза жеңді

Сәкен Бибосынов
Cәкен Бибосынов: vesti.kz

Сербияның Белград қаласында бокстан әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Бүгін шаршы алаңға Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

51 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан Сәкен алғашқы кездесуінде-ақ Рио Олимпиадасының чемпионы Хасанбай Досматовпен кездескен болатын.

Соңғы екі жылда кәсіби бокста бақ сынаған Досматов пен Бибосынов арасындағы жекпе-жек аса тартысты өтті. Жақында ғана Токиодан жүлдемен оралған Сәкен әккі қарсыласына жақсы тактика қолданып, арақашықтықты сақтап, жеңіске жетті.

Төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Бибосыновқа берді.

Осылайша, Сәкен Бибосынов Белградтағы әлемдік доданы сәтті бастады. Хасанбай Досматов бұған дейін қазақстандық боксшылардан айласын асырған болатын. Әсіресе, тәжірибелі Біржан Жақыпов Досматовтан бірнеше мәрте жеңілген.

Белградтағы әлем чемпионатын Серік Теміржанов (57 келі) пен Абылайхан Жүсіпов (67,5 келі) жеңіспен бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1939073-saken-bibosynov-ozbekstandyq-olimpiada-cempiony-xasanbai-dosmatovty-taza-zendi/