Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ағаларымның жолын қусам деп едім": Махмұд Сабырхан орындалмаған арманы туралы сырын ақтарды

Опубликовано:

Боксшы
Фото: Olympic.kz

Сербия астанасы Белградта өткен әлем чемпионатында ерекше көзге түскен боксшының бірі - Махмұд Сабырхан. Спорт жанкүйерлері мен арнайы мамандар оның жұдырықтасу стиліне жоғары бағасын берді. Тіпті "қазақтың Ломаченкосы" деп атағандар да кездесті. Байрақты бәсекеде күміс жүлдеге ие болған 20 жастағы отандасымыз финалдағы сәтсіздігі мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Махмұд Сабырхан Сербияда өткен әлем чемпионатының ақтық сынында кеткен есені алдағы уақытта қайтаратынын айтты.

"Бұл әлем чемпионатында бес жекпе-жек өткіздім. Оның төртеуінде қарсыластарымнан басым түстім. Тек финалда қарсыласқа есем кетті. Әрине, толыққанды жеңілдім деуге келмейді. Бірінші раундта ұпай санымен алда тұрдым. Екінші-үшінші раундтарда қателік кетті. Сондықтан төреші қарсыластың қолын көтерді. Бұл жапон боксшысымен әлі кездесеміз ғой. Сол кезде есемді қайтарамын", - дейді ол.

Былғары қолғап шебері әлем біріншілігінде топ жармағанына аздап өкінетінін мойындады.

"20 жасымда әлем чемпионы атансам деп ойлап едім. Кезінде 2000 жылы Сиднейде Бекзат Саттарханов ағамыз 20 жасында Олимпиада шыңын бағындырды. Сол секілді 2013 жылы Жәнібек Әлімханұлы 20 жасында Алматыда әлем чемпионы болды. Мен де сол ағаларымның жолын қусам деп едім", - дейді Махмұд Сабырхан.

Сұхбат барысында боксшы Белградтағы байрақты бәсекеде 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, өзбекстандық Шахобиддин Зоировпен жұдырықтасқысы келгенін де жасырмады.

"Шахобиддин Зоиров Белградқа 54 келіге дейін салмақта келді. Бұл боксшыдан мен көктемде Санкт-Петербургте өткен халықаралық турнирдің финалында жеңілгенмін. Сондықтан осы жолы сонымен финалда кездесіп, жеңіске жетсем деп ойлап ем. Бірақ Зоиров әлем біріншілігінде алысқа шаппады. Менімен кездескен жапон боксшысы оны бастапқы бәсекелердің бірінде жеңді", - дейді Махмұд Сабырхан.

Сөз соңында отандасымыз алдағы жоспарларымен бөлісті.

"Енді келесі жылы жазғы Азия ойындары бар. Одан кейін 2023 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында әлем чемпионаты өтеді. Сол жарыстардан тек алтын әкелуге тырысамыз. Кеткен есені қайтарамыз", - деп сөзін қорытындылады ол.

Айта кетейік, Белградта өткен әлем чемпионатының финалында Махмұд Сабырхан жапониялық Томоя Цубойдан жеңілген болатын. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1941687-bekzat-sattarxanovtyn-zolyn-qusam-dep-edim-maxmud-sabyrxan-finalda-zibergen-qatelikteri-zaily-aitty/

pixel