Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Санаулы сағаттардан кейін алауы тұтанатын Бейжің Олимпиадасы туралы не білеміз

Опубликовано:

Спортшы
Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті

Санаулы сағаттардан соң түрткіл дүние көз тіккен қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Ашылу салтанаты Бейжіңдегі "Құс ұясы" ұлттық стадионында өтеді. Маңызды шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатыспақ. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі төрт жылдықтың ірі додасы туралы маңызды деректерді ұсынады.

2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге Бейжің мен Алматының таласқаны рас па?

Алматы қаласы 2013 жылы Халықаралық Олимпиада комитетіне қысқы ойындарды өткізу туралы ресми өтініш берген. Онда Алматы мен Бейжіңнен бөлек, Босния, Чили, Канада, Франция, Испания және Швецияның шаһарлары болды.

Шешуші сәтте оңтүстік астана мен аспан асты елінің бас қаласы өзара бақ таластырды. Нәтижесінде Бейжің 4 дауыс басымдықпен жеңіске жетті (44:40).

Бейжің қысқы Олимпиаданы өткізу лицензиясын қашан алды?

Бейжің қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығын 2015 жылдың 31 шілдесінде алды. Қытай астанасы тарихта қысқы және жазғы Олимпиада ойындарын қабылдаған ең алғашқы қала болып қалмақ.

Олимпиада ойындары "Таза мұз бен қардағы қуанышты күн" ұранымен өтеді және 2008 жылғы Олимпиаданың мұрасына негізделеді.

Олимпиаданың ерекшелігі

4-20 ақпанда өтетін төрт жылдықтың ірі додасы Қытайдың Жаңа жылымен және елдің ұлттық Көктем мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр.

Бейжің Олимпиада ойындарын қабылдаушы қала ретінде таңдалғанымен, жарыстар үш аумақта өтеді. Атап айтқанда, спортшылар Бейжіңнен бөлек Янцин мен Чжанцзякоуда өнер көрсетпек.

Роботтар қызмет көрсетуде

Бейжіңде Олимпиадаға қатысушылар мен бапкерлерге және БАҚ өкілдеріне роботтар қызмет көрсетіп жатыр. Олар қонақ үйге жайғасқан адамдарға керек-жарақтарын жеткізіп береді.

Сонымен қатар, Қытай астанасындағы медиа орталықта роботтар қызмет ететін асхана бар.

Бейжің Олимпиадасында қанша медаль сарапқа салынады?

Бейжіңде спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Олар:

  • биатлон,
  • бобслей (бобслей, скелетон),
  • керлинг,
  • конькимен сырғанау (конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек),
  • шаңғы спорты (тау шаңғысы, скандинавиялық аралас, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл, сноуборд),
  • шаңғымен сырғанау,
  • хоккей.

Бейжің Олимпиадасының медальдары қандай?

Бейжіңде Олимпиада медальдары әлем назарына ұсынылды. Жүлденің атауы - "Тонг Ксинь". Бұл "бірге біртұтаспыз" деген мағынаны білдіреді.

Медальдың дизайны қарапайым болғанымен, өз ерекшеліктері бар. Мәселен, оның беткі жағында бейнеленген 5 сақина Олимпиада спортшыларының бірлігі мен қысқы Олимпиада ойындарының маңыздылығын білдіреді.

Алтын, күміс және қола медаль 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиаданың жүлделеріне ұқсас. Бұл Қытай астанасы қысқы және жазғы ойындарды қабылдаған әлемдегі алғашқы қала екенін аңдатады.

Бес сақинаның астыңғы тұсына "XXIV Olympic Winter Games Beijing 2022" деп жазылып, медаль қытай өрнектерімен көмкерілген.

Бейжіңде марапаттау рәсімі қалай өтеді?

Бейжің Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арналған тұғыр экологиялық таза және өңделген материалдардан жасалған. Аспан көк түс 2022 жылғы қысқы ойынның негізгі түсі саналады. Сондай-ақ, қар мен мұз да үйлесім тапқан. 

Тұғырдың үсті спортшылар тайып кетпеуі үшін арнайы материалмен жабылған. Тұғырды жылдам құрастырып, тез жаюға болады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арналған бойтұмарлар да эксклюзивті түрда дайындалды. Олар негізгі бойтұмарлар  - Бинг Двен Двен мен Шуи Рон Рон үлгісінде жасалған.

Бойтұмарларды қарағайдан дайындалған гүлдесте, бамбук пен қара өрік әрлендіре түсті. Бұл материалдар табандылық пен жаңа өмірлік күшті, сыйластықты білдіреді. 

Бейжің-2022 концепциясына сәйкес, Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жүлдегерлеріне табысталатын гүл экологиялық режимде дайындалады. Олимпиада жүлдегерлеріне тоқылған гүл беріледі. Кашемир гүл шоқтары нағыз букеттің кейпін сақтаған. Гүл шоғына гүлдің алты түрі – раушан, қытай раушаны, ландыш, гортензия, лавр және зәйтүн ағашы енді. 

Спортшының саны жағынан қай елдер көш бастап тұр?

Аспан асты елінде өтетін олимпиадаға әлемнің 91 елінен төрт мыңнан астам спортшы келді деген мәлімет бар. Олардың қатарында алғаш рет Сауд Арабиясы мен Гаити қысқы ойындарға қатысайын деп тұр.

  • Спортшылар санының көптігі жөнінен Америка құрама штаттары көш бастауда. Мұхиттың арғы жағынан Бейжіңге 223 атлет келді.
  • Екінші орын канадалық спортшыларға тиесілі. Олар қысқы ойындарға 215 атлетін алып келген.
  • Үшінші орында 212 cпортшымен Ресей орналасқан.
  • Жарыс қожайындары Қытай атынан 177 атлет бақ сынайды.
  • Ал Қазақстан құрамасы Бейжіңге 34 спортшымен келді.

Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

Қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиадаға 87 жолдама жеңіп алды.

  1. Шаңғымен жарысу: Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга.
  2. Фристайл-могул: Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.
  3. Шаңғы акробатикасы: Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев.
  4. Тау шаңғысы: Захар Кучин, Александра Троицкая.
  5. Шаңғымен секіру: Сергей Ткаченко, Данил Васильев.
  6. Шаңғы қоссайысы: Шыңғыс Ракпаров.
  7. Биатлон: Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев,
  8. Конькимен жүгіру: Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузин.
  9. Шорт трек: Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.

Бейжіңде ел намысын қорғайтын спортшылардың жарыс кестесін сілтемеге өтіп, көре аласыз.

Ашылу салтанатында еліміздің байрағын кімдер ұстайды?

Шорт-тректен Қазақстан командасының көшбашысы, әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстанның көк байрағын көтеріп шығады.

Олимпиада эстафетасы

2 ақпанда Бейжің қаласында қысқы олимпиада алауының эстафетасы басталды. Ұйымдастырушылар эстафета бағыты мен ұзақтығы коронавирус пандемиясына байланысты қысқарды деп отыр.

Эстафета үш олимпиадалық кластердегі 12 кезеңнен тұрды. Оны алып жүруге 14 пен 86 жас аралығындағы жалпы есебі 1200 адам қатысқан.

Сонымен қатар, тарихта алғаш рет алауды адамдар ғана емес, машиналар да алып жүрді. 

Санитарлық талап

Қытайда санитарлық талаптар өте қатал. Әр елден келген БАҚ өкілдері қонақ үйден медиа орталыққа, ол жерден спорт кешендеріне ғана бара алады. Қала аралауға немесе дүкендерге баруға рұқсат етілмеген. Оларды тасу үшін арнайы автобустар уақытпен қатынауда.

Волонтер

Бейжіңде еріктілердің қарасы көп. Қонақ үйде және медиа орталықта олар шетелден келген делегацияға бағыт-бағдар беруде. Соңғы мәліметке сүйенсек, Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарында жалпы 19 мың волонтер жұмыс істеп жатыр.

Олимпиада спортшылардан коронавирус анықталған жағдайда не болады?

Олимпиада уақытында спортшыдан немесе БАҚ өкілінен Covid-19 вирусы табылған жағдайда ауруханада немесе изоляторда оқшауланады.

Ол жерден шығу үшін 24 сағат ішінде коронавирусқа тапсырылған екі тест теріс нәтиже көрсету қажет.

Сонымен қатар, дене температуасының қалыпты жағдайда болып, инфекция белгілерінің байқалмағаны маңызды. 

Ал коронавирус анықталған спортшының командаластары КВИ хаттамаларын сақтау арқылы жарысты жалғастыра береді. Науқаспен жақын байланыста болғандар коронавирусқа тест тапсырып, нәтижесі теріс шыққан жағдайда карантин шараларын сақтап, өзгелерден қашықтық сақтап жүреді және жарыс басталуына 12 және 6 сағат қалғанда ПТР тест тапсырады. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1954230-sanauly-sagattardar-keiin-alauy-tutanatyn-beizin-olimpiadasy-turaly-ne-bilemiz/

pixel