"Шаршы алаңда абыройы болмады": GGG-дің бұрынғы бапкері Головкиннің соңғы жекпе-жегіне баға берді

Опубликовано:

Абель Санчес
Абель Санчес пен Геннадий Головкин баспасөз конференциясында. Фото: Ethan Miller/Staff/Getty Images

Геннадий Головкиннің бұрынғы бапкері Абель Санчес қазақстандық боксшының мексикалық Сауль Альвареспен үшінші жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды FightHubTV.

Америкалық маманның айтуынша, үшінші жекпе-жек әдеттегі спаррингке ұқсас болған. Абель Головкин бұл жекпе-жекте нашар өнер көрсетті деп санайды.

"Қазір ел аузында "бір боксшы жұдырықтасқысы келмеді (ред. - Головкин), ал екіншісі бұған қуанды (ред. - Альварес)" деген сөздер тарап жатыр. Олар бұған дейін 24 раунд өткізді және бір-бірін жақсы біліп қалды. Жекпе-жек әдеттегі спаррингке ұқсас болды. Ешкім жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмеді.

Головкин бұл жекпе-жекте соңына дейін жұмыс істеген жоқ. Оған Альвареске қарағанда көп нәрсені дәлелдеу керек еді. Сауль жеңіліп қалған жағдайда да, Биволмен болған кездесудегідей ештеңе жоғалтпайтын еді. Қаржылық жағынан да.

Маған Головкинде алғашқы екі айқаста жасағанын қайталайтын күш болмағандай көрінді. Оның шаршы алаңда абыройы болмады. Ол жекпе-жекті бақылауында ұстай алған жоқ", - деді Санчес.

Еске сала кетейік, Геннадий Головкин 18 қыркүйекте мексикалық қарсыласы Сауль "Канело" Альварестен төрешілердің шешімімен ұтылды.

Бокс кеші Лас-Вегастағы T-Mobile кешенінде өтті.

Кездесуден кейін GGG қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға алғысын білдіріп, мансабына байланысты мәлімдеме жасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1988731-sarsy-alanda-abyroiy-bolmady-ggg-din-buryngy-bapkeri-golovkinnin-songy-zekpe-zegine-baga-berdi/