Қазақстан құрамасының бұрынғы боксшысы Анвар Мұзаферов Түркия азаматтығын алды. Бұл туралы "Дядя Ваня" Telegram арнасы хабарлады.
Анвар Ташкентте өткен биылғы әлем біріншілігінде Энвер Мұзаффер есімімен Түркия атынан сынға түсті. Ол бұрын Қазақстан құрамасы мен "Астана арландары" клубында өнер көрсеткен.
"Төрт жылдан бері Түркияның Анталия қаласында тұрамын. Түбім – түрік. Түрік ахыска боламын. Отбасымызбен көшіп келдік. Біз түрік болғандықтан, азаматтық жедел түрде берілді. Бір жыл ішінде жаңа төлқұжатымды алдым.
Спортпен қоштасқан едім. 2022 жылы шаршы алаңға қайта оралып, Түркия чемпионатында бірінші орын алдым. Бұл жақта бокс енді дамып келеді.
Әлем біріншілігі қарсаңында Алматыдағы алғашқы бапкеріме барып дайындалдым. Қазір Түркия құрамасына ауысқан боксшылар көп.
Жаңа құрам, жас команда. Мәселен, 75 келіде тараздық Сұлтан Османлы Түркия намысын қорғап жүр. Ол да түрік ахыска", - дейді боксшы.
Қазіргі таңда Анвар Мұзаферов жарақатына байланысты спорттық мансабын аяқтаған.
Сондай-ақ ол 52 келіге дейінгі салмақта 2018 жылғы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2032614-otbasymyzben-kosip-keldik-bokstan-qazaqstan-cempiony-turkiya-azamattygyn-aldy/