"Қазақтың арғымақ баптау өнеріне қызығады": шымкенттік арулар араб жерінде ат баптап жүр (видео)
Опубликовано:
Араб Әмірліктерінде қазақтың арғымақ баптау өнеріне қызығушылық артқан. Осы кәсіпке бала кезден қанық бірнеше отандасымыз Дубайда тұрып жатыр. Жергілікті ат спорты клубында қызмет етеді. Бірі шабандоз, бірі жаттықтырушы, енді бірі жүйрік жаратып, сәйгүлік сайлайтын кәсіпті меңгерген, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.
Шымкенттік Назерке Қасымбек пен Бибігүл Байдар араб жерінде ат баптайды. Жылқы жануарын жазбай танитын қасиет қос бұрымдының бойынан табылған. Араб атсейістерінің айтуынша, қазақ қыз-жігіттері бұл шаруаға аса епті келеді. Сондықтан қызметіне жүгініп, аттай қалап алдырған.
"Мына тұлпарымның аты – Гэлекси. Мұны жас кезімде секіртуге үйретіп, жарыстарға осымен қатысып жүрмін. Негізі ат спортын Шымкенттің жасөспірімдерге арналған ұлттық спорт мектебінде үйреніп бастағанмын", - дейді шабандоз Назерке Қасымбек.
Қазақтың ат жарату өнері ұлға да, қызға да қоса дарыған. Ал олимпиада бағдарламасына енген сәйгүлік сайыстары ұлттық ойындарымызға ұқсас. Осы іске бала кезден машықтанған Бибігүл 3 жылдан бері атшабарға келушілерді жаттықтырып, конкур спортына бейімдеп жүр.
Қазақстанда жылдар бойы үйренгенімізді көрсетеміз
"Жылқыны өз бабында ұстап тұру үшін әрбіріне бізде жеке жоспар бар. Атқа дайындаймыз. Біз осы жерде жұмыс барысымен болғаннан кейін Қазақстанда жылдар бойы үйренген, оқығанымызды барынша салып көрсетеміз", - дейді ат спортынан жаттықтырушы Бибігүл Байдар.
Халқымыз секілді арабтар да жылқыны ерекше қастерлейді. Бабын білетін мамандарды әлемнің әр қиырынан шақырып, байрақты бәсеке өткізіп тұрады. Нәтиже де жоқ емес. Дубайлық кәсіпкер Әли әл-Марзугидің спорт клубы әмірлікке кең танымал. Қазір атшабарға жүйрік жаратуға келетіндер көбейген.
Бибігүл мені осы іске үйретіп жүр
"Ат спортымен таяуда ғана айналыса бастадым. Бибігүл мені осы іске үйретіп жүр. Жас болғанымен, тәжірибесі мол. Аз ғана уақытта алғашқы жарысыма қатысуға мүмкіндік алдым", - дейді ат спорты үйірмесіне қатысушы Ева Лопес.
Арғымақ мінген арулар апта сайын Дубай және Әбу Даби төңірегінде өтетін ат жарыстарға да қатысады. Бірер күнде Назерке ұзақтығы 100 шақырым болатын аламан бәйгеде бақ сынайды. Ал Бибігүл конкур сынында өнер көрсетеді.
Автор: Рауан Мыңбай
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2222835-qazaqtyng-argymaq-baptau-onerine-qyzygady-shymkenttik-arular-arab-zherinde-at-baptap-zhur-video/