Жеңіліп көрмеген орта салмақтағы қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедовтың тұңғышы өмірге келді деп хабарлайды Sports.kz.
Басылымның жазуынша, WBA Continental, NABF және WBC Francophone титулдарының иегерінің отбасында қуанышты жағдай орын алды.
Боксшы мен оның келіншегі Ақботаның бірінші перзенті өмірге келген.
Бұл туралы Eye of the Tiger Management промоутерлік компаниясы хабарлаған.
"Біз Садридден мен жаңа ғана босанған оның жұбайын құттықаймыз!", - делінген промоушенің хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, Садриддин Ахмедов 2019 жылы KeshYOU тобының бұрынғы әншісі Ақбота Құрманғалимен шаңырақ көтерген еді. Жас отбасы қазіргі таңда Канаданың Квебек қаласында тұрады.
Айта кетейік, Садриддин Ахмедов биыл қаңтар айының соңында өзінің титулдық жекпе-жегін Мексиканың Куэрнавака қаласында голландиялық Стивен Даньоға (17-3-3, 6 КО) қарсы өткізді.
Жекпе-жек жоспарланған 10 раундқа созылып, төрешілер шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті.
Осылайша, Садриддин Ахмедов бірден үш белбеуді (WBC Francophone, WBA Continental және NABF) иеленіп, кәсіби мансабындағы он екінші жеңісіне қол жеткізді.
Дегенмен осы жекпе жек барысында ұйымдастырушылар Қазақстан әнұранын шатастырып алған болатын.
Отандасымыз қазақтың шапанын киіп, көк туды желбіретіп шаршы алаңға шыққанда ұйымдастырушылар Қазақстан әнұранының орнына Канаданың гимнін қойған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1903546-zenilip-kormegen-qazaqstandyq-bokssy-sadriddin-axmedov-balaly-boldy/