Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Спорт - менің өмірім": Токиода нокаутқа түсіп қалған Василий Левит жанкүйерлеріне алғыс айтты

Опубликовано:

Василий Левит
Василий Левит. Фото: instagram.com/vassiliy_levit

Токио Олимпиадасында нокаутқа түсіп, жарыс жолын аяқтаған қазақстандық боксшы Василий Левит қиын-қыстау сәтте өзіне қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғыс айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Былғары қолғап шебері Instagram парақшасында өзіне қолдау көрсетіп, жылы лебізін білдірген оқырмандары мен жанкүйерлеріне алғыс айтты.

"Сіздер менімен бірге жеңістің қуанышын да, жеңілістің қайғысын да бөлісесіздер! Спорт - менің өмірім. Боксшыларда мынадай қанатты сөз бар: құламаған адам жоғары көтерілмейді. Бұл сөз өз мақсатына ұмтылып, алға қарай жүретін кез келген адамның өмірінде қолданылады.

Соққыға жалғыз өзің төтеп беру қиын, бірақ осындай қолдауды сезінгенде бұл өмірде жалғыз емес екеніңді түсінесің! Әрқашан қолдайтын отбасым, туыстарым мен жақын адамдарым бар.

Сонымен бірге менімен қуанышымды да, жеңілісімді де бөлісуге дайын қымбатты жанкүйерлерім, сіздер барсыздар. Сіздер жазған сөздерді оқып, өмірдегі ең бастысы - сені түсініп, саған сенетін адамдардың барын білу екенін түсіндім", - деп жазды Василий Левит.

Еске сала кетсек, отандасымыз Токио Олимпиадасындағы алғашқы кездесуін испаниялық Эммануэль Рейеске қарсы өткізді. Рейес Испания намысын қорғайтын кубалық боксшы.

Екі спортшының арасындағы жекпе-жек небары бір жарым раундқа созылды. Бірінші раундта төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Испания өкіліне берген.

Екінші раунд басталған тұста қарсыласының ауыр соққы алған Левит құлап қалды. Төрешілер алдымен нокдаун есептеп, кейін нокаут болғанын анықтады да, кездесу тоқтатылды.

Осылайша, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит Токиодағы турнирден жүлдесіз қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1924472-sport-menin-omirim-tokioda-nokautqa-tusip-qalgan-vasilii-levit-zankuierlerine-algys-aitty/

pixel